Адам аз білмейтұғын Жүсіп атын

948

1

Сырдың бойы – гүжім дарақтай әдебиеттің ақ бесігі, мәдениеттің мәйекті мекені. Әріге бармай-ақ, XIX ғасырдағы әдебиет тарихында «Сыр сүлейлері» деген атаумен белгілі ақын-жырауларымыздың өзін айтсақ та жеткілікті. Тянь-Шаньнан бастауын алып, бұрынғы Кердері, қазіргі Арал теңізіне құятын Әмудария мен Сырдарияның бойын жайлап, атақоныс еткен халықтардың жауынгерлікпен қатар сөз өнері мен жыр өнерін жетік меңгергенін байқаймыз. Қызылқұм мен Қуаңның бойын жайлап, қыстап өмір кешкен Кете, Шөмекей тайпалары ұрпақ тәрбиесіне қисса мен жырды тиімді пайдаланып, тәрбиенің осы әдісінде үлкен жетістіктерге жеткені аян.

Әсіресе, жыр өнерінің Кетеге қонып, Шөмекейге түстенгендігі туралы талай аңыздар сақталған. Белгілі орыс ғалымы Григорий Потаниннің «Ән періштесі Сырдарияға келгенде өте төмен ұшқан секілді» деген пікірінде үлкен мән жатыр. Сырдың бо­йында аңыз аты осы кезге дейін өшпей келе жатқан жалғыз сал бар. Ол –  Жөнелдіктің Ешниязы!

 Осы жерде сал атауының мәніне, оның не үшін осылай аталғанына өз пікірімді қоса кетуді жөн көрдім. Қазіргі ғалым­дардың пікірінше «Салдар – елдің еркесі болған. Бол­мыс-бітімі бөлек жаралған салдарды бүгінде, бәлкім, түсіну қиын шығар. Жалпы, сал атауының түп-төркіні кәдімгі сал ауруына қатысты қойылса керек. Себебі салдар, әлгінде айтқанымыздай, еркелігі сонша, ел кезіп жүріп белгілі бір ауылға жетіп қалғанда елді мекенге кірмей, шалқалап жатып алады екен. Қашан ауылдың әдемі қыз-келіншектері келіп, қолтығынан сүйеп әкетпейінше, сал ауруына шалдыққандай, орнынан қозғалмайды екен. Сондықтан «сал келе жатыр» дегеннен жұрт оларды күтіп алатын арнайы адамдарды дайын­дап, төбелеріне хан көтерген және салдар әлем-жәлем, қалай болса солай киінетін болған» дейді.

Бұл, менің ойымша дұрыс пікір емес. Сал-серілер сегіз қырлы, бір сырлы жандар болғаны бәрімізге мәлім. «Жігітке жеті өнер де аз» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Сал-серілер сан түрлі өнерді игерген, олар ақын, әнші, композитор ретінде қазақтың өнерін, музыкасын дамытқан. Жаңа белеске көтеріп, әншілік-сазгерлік шығармашылықтың өзіндік озық үлгі-өрнегін қалыптастырғанын, поэзия мен музыканың, халық­тың ойын-сауық өнерін ұш­тастырып келгенін, ең бас­тысы қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қос­қанын әдебиетші, өнер­танушы ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп келеді.

Қазақ мәдениетінде өзінің түп-төркінін ежелгі дәуірден алатын сал-серілік өнер – ұлттық өнеріміздің асыл тастай жарқыраған жауһары, алтын тіні, тұма бұлақтай қайнар көзі, жоталы белесі. Ол жөнінде аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Бұл тарапта ғалымдар, зерттеушілер өз ой-пікірлерін, тұжырымдарын жасаған. Сал мен серіліктің өнер ретіндегі болмысы, табиғаты, шығу тегі мен төркіні жөнінде Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, А.Аленторов, А.Васильев, М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, С.Сей­фуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Бекжанов, М.Габ­­дул­лин, С.Садырбаев, С.Қас­­қа­ба­сов, т.б. еңбек­терін­де қызғы­лықты байламдар жа­салған.

Осы зерттеушілердің байыптауларына көз жүгіртсек, сал-серіліктің түп-төркіні ерте замандардан басталғанын аңғарамыз. Ғұлама ғалым, тарихшы-архео­лог, өнертанушы, этнограф, әдебиеттанушы-фольклорист Әлкей Марғұланның оның шығу төркініне байланысты мына бір байламдарына құлақ түрелік: «Сал, сері – екеуі де ескі дәуірден сақталып келе жатқан, халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері.

Тарих көзімен қарағанда, серіліктің түпкі негізі түрік қағанаты кезінен шыға бастаған. Серілікті әдет қылған ойшыл кісінің бірі атақты Иоллық деген кісі. Ол өзін ғажайып аңшы, мерген, атты әдемілеп ұстайтын атсейіс, сонымен қатар ол асқан ақын, жырау. Ағалары Білге хан мен Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемілеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық тегін».

Кейбір діни деректерде сопы­лық ілімнің биік шыңы «Сил-салаға» апарып қоятын жазбалар да кездеседі. Сил-сала – шынжыр, тізбек деген мағынаны береді. Бұл да – құлақ қоюға тұралық дерек. Түркістандағы (Яссы) Құл Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) негізін қалаған Яссауия тарихаты қазақ хандығындағы әлеуметтік, діни, мәдени, саяси үдерістерге әсер етіп отырған. Тарихаттың құрамында түрлі жүйелер (институт) пайда болған. Сал-серілер осы көп қырлы институционалдық жүйенің батырлық, әскери жағы­мен тығыз байланысты болған. Олар ханның алдына барғанда қару асынып отыруға құқылы болған. Меніңше бұл нұсқа жақын әрі шын мәні де осында секілді. Болмаса, ауылдың шетіне келіп, ауытқушылығы бар жандай құлап жатқан адамның қандай қадірі болмақ? Кешегі кеңестік уақыттағы діннен, тілден, ұлттық болмыс­тан бездіріп жатқан кездегі құйтырқы саясаттың әсерінен болған қателіктерді түзетуіміз керек.

Ешнияз  салдың  Сыр бо­йының жыраулық өнерінде даңғыл жол, дара соқпақ қал­дырғанын ұлттық мәде­ниеттен хабары бар әр адам біледі. Әкесі Жөнелдік те өнерден қаражаяу емес, халық меңгерген кісі болған. Біздің негізгі айтпағымыз Ешнияз баласы Жүсіп хақында болмақ. Кете Жүсіп, би Жүсіп, ақын Жүсіп, жырау Жүсіп атымен Алашқа таныс Жүсіп Ешниязұлы 1871 жылы Қазалы уезіне қарасты Ақтайлақ кезең деген жерде дүниеге келген. Жастайынан өнерге құштар болған Жүсіп өлең шумақтарын жаттап, кезі келгенде жанынан шығарып, өнерге қадам басса керек. Сыр елінің белгілі ақыны Қуаныш Баймағанбетов «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» дейтін толғауында:

– Баласы Ешнияздың Жүсіп ақын,

  Адам аз білмейтұғын Жүсіп атын.

  Қалам мен домбыраға бірдей еркін

Жел сөзден жері жоқ ед қысылатын – деп, Кете Жүсіптің шығарма­шылығына жоғары баға береді. Міне, көзінің тірісінде-ақ ха­лық­­тың ықыласына бөленіп, ақындық та, азаматтық та келбетін қалыптастырған ша­йыр­дың артында қаншама терме-толғау, қисса-дастандар қалды.

Үш  жүздің  басы  қосылғанда халықтың назарында болған би, қара сөздің қаймағын қалқыған шешен, қолына домбыра алса, таңды-таңға ұластырған жыршы алдаспандай жарқылдап 1937 жылы 66 жасында кіндік қаны тамған топырақта қаза тапқан. Шайырдың қазасы жайлы да әртүрлі алып-қашпа әңгімелер бар. Бір әңгіменің ыңғайы жаппай қуғын-сүргіннің әсерінен десе, енді бір дерек өз ажалынан қайтқандығын айтады. Жүсіп атамыздың өлең жазу бағыты басқа  тұстастарына ұқсамайтын, маржаннан моншақ тізгендей бір сөзі, бір сөзінен асып түсетін бейне бір жаһұт ойдың қордасы, асыл сөздің жиынтығы дерсің!  Жүсіптің бел баласы Мұзарап, оның баласы Сабытқа дейін қатары бұзылмай жеткен жыраулық өнер тыныстап тұрғандай. Шынжыр болып келе жатқан дәстүрлі өнердің үзіліп, текті әулеттің кейінгі ұрпағына сабақтаса алмай жатқанына жанымыз ауыратыны да жасырын емес.

Биыл  Кете  Жүсіптің туға­нына 150 жыл толғалы отыр. Сыр сүлейінің құрметіне берекелі күзге қарай  облыстық  мәдениет басқармасының қолдауымен халық шығармашылық орта­лығы республикалық жыршы-термешілер байқауын ұйым­дас­тырғалы отыр. Бұл – сүлейлер елінің жыршы-жырауларға деген құрметі һәм өткеннің ұмы­тылмауы үшін жасап жатқан игі шарасы.

Заманында шашасына шаң жұқпай, думанды топты бастаған Кете Жүсіп Ешниязұлының шығар­машылығы насихатталып, сүлей аты ғасырдан ғасырға жал­ғасып, ұрпақтан ұрпаққа жете береріне сеніміміз мол. Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонатыны секілді, артында қалған мол мұрасын дәріптеуде ізін жалғар ізбасар ұрпақтары абыз  атаның аманатына қиянат жасамайды.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз