Әділет генералы

868

0

Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында Алаш арыстарын ақтау жолында көптеген азаматтар ұлтжандылық танытты. Тарих ақтаңдақтарын ақтарып, жазықсыздарды жалған жаладан арашалап алу оңай болған жоқ. Түркістан республикасын құрып, елінің ұлт-азаттығы үшін күрескен М.Шоқайдың ісі осындай күрделі де қиын тағдыр болатын. Бұл жауапты жұмыспен республика Бас прокуратурасында Сағындық Жүрсімбаев бастаған білікті мамандар тобы айналысты. Сөйтіп, Шоқай есімі ақталып, туған еліне қайта оралып, халқымен қауышты. Қуғын-сүргінге ұшыраған талай арыстардың рухы қайта жанданды.

Әділет генерал-майоры, 3-сы­ныпты мемлекеттік әділет ке­ңесшісі, КСРО прокурату­расы­ның құрметті қызметкері, заң ғы­­лымдарының докторы, профес­сор, ҚР Бас прокуратурасы жанын­дағы құқық қорғау органдары ака­демиясы­ның құрметті профессоры, Арал ауданының құрметті азаматы Сағындық Кемалұлы Жүрсімбаев айдынды Аралда дүниеге келген.

Сұрапыл соғыс кімді жетім­сіретпеді десеңізші?! Әкесі Кемал Жекімұлы Ұлы Отан соғы­сына аттанғанда Сағындық екі жаста екен. Анасы Ақшол апа Сағындығын жетімсіреткен жоқ. Қиыншылыққа қарсы тұрып, кә­мелетке жеткізді. Ақшол ана­мыз­дың қолынан талай дәм таттық. Ақжарқын, келбетті, айналайыны көп, аналық мейірімі төгіліп тұ­ратын кісі еді.

1957 жылы қаладағы Т.Г.Шев­ченко атындағы №13 орта мек­тепті бітірген соң мал дәрігерлік мамандығын игеріп, сол кездегі ауыл шаруашылығы майталмандары Балпаш Асанбаев, Таймас Сырлыбаев ағалармен бірге қыз­мет атқарды. 1962-1965 жылдары Германияда Кеңес Армиясы қа­та­рында әскери борышын взвод ко­мандирінің орынбасары болып өтеді.

Ол Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің заң факультетін бітір­геннен кейін 1970 жылы мамыр айынан бастап Ақтөбе облыстық прокуратурасында тергеуші, ал 1973 жылдан Қазақ ССР проку­ратурасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі қызметтерін атқарған. Онан кейін республика прокуратурасында тергеу бас­қармасының прокуроры, Алматы облыстық со­тының судьясы, Жетісу транспорт прокуроры, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Оңтүстік-Шығыс (Алматы) аумақтық транспорт прокуроры болды.

Әділет генералы Сағындық Жүрсімбаев – еліміз тәуелсіздік алған жылдары оның құқықтық саласының қалыптасуына тіке­лей атсалысқан адамдардың бірі. Сол кезде Қазақстан Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары, Қазақстан Бас Прокурорының орынбасары, Жоғарғы Кеңес депутаты (сот-құқықтық реформалау және адам құқығы комитетінің төрағасы), Баға және антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, Бас прокуратурада департамент бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы институтының директоры қызметін атқарған.

АҚШ, Англия, Дания және Швеция мемлекеттерінде оқу же­тілдіру курстарын бітірген. 1998-2000 жылдары Президент жа­нындағы адам құқығы комис­сия­сының мүшесі, 2009-2010 жыл­дары әл Фараби атындағы дис­сер­тациялық кеңес мүшесі бол­ған. Қазір универси­тет профессоры. 2001-2004 жылдары ҚР Бас про­куратурасы жанын­дағы про­куратура органдары заң­дылығын, құқықтық тәртібі және кадр­ларының біліктілігін арттыру мәсе­лелерін зерттеу институтының дирек­торлығын атқарды.

Сағындық саланың белгілі ғалымы ретінде танымал. Ол – «Қа­зақстан Республикасының құ­қық қорғау органдары», «Проку­рорский надзор в Республике Казах­стан», «Правоохранительные орга­ны Республики Казахстан», «Уго­лов­но-процессуальное право» және де басқа оқулықтардың авторы. Жалпы саны 170-тей ғылыми еңбегі жарияланған. Оның бас­шылығымен бірнеше рет халық­аралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференциялар мен семинарлар өтіп, ол материалдар баспада жарық көрген. Осы уақытқа дейін мем­лекеттік органдардың заң шығару қызметіне белсене араласуда.

Халықтың біртуар ұлы Ә.Ке­кілбаев «Елінің жел жағындағы панасы, ық жағындағы саясы бола білген, дауды, әділетті арашалаған пірәдар, зарыққанға – жебеу, та­рыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа – ұстаз», – деген екен. Әрине, басыңа іс түс­кенде араша сұрайтын азаматтарымыз болса деп тілейтініміз рас. Қысылғанда қол ұшын беріп, оның ішінде туған жерінен әдейілеп іздеп барғанда, Сағындық Кемалұлының ақыл-кеңесінен басқа, әділ заңмен араша түскен кездерін жерлестері ұмытпайды. Аманөткел елді меке­нінде тұрған, Ұлы Отан соғысының екінші топ мүгедегі Әбдіраш Се­гізбаевтың баласы Серік Сегізбаев Байқоңыр қаласында болған айтулы қылмысқа қатысты деген күдікпен ұсталып, жазықсыз жан көп азап шекті. Серіктің заң аясында жазықсыз екендігін дәлелдеп, қапастан шығарғаны үшін Са­ғындыққа 90 жастағы Әбдіраш ата өмірінің соңына дейін ақ батасын берумен кетті. Марқұм Балзада апай да «Досыңның қабылдауында болдым, көп көмегі тиді» деп отыратын.

Аралдың айтулы азаматтары­ның бірі Оразғали Ерекешов аға­­мыздың Сағындыққа айт­қан ал­ғысын да естігенім бар. Бұл Сағындық Кемалұлы жасаған жақ­­сылықтардың бірлі-жарымы ғана. Жұ­байы Тамара Жанғабыл­қызы­ның азан шақырып қойған аты – Зухра. Қазақ ССР оқу ісінің озық қызметкері, педагогика саласында көп жыл басшылық қызметте болған. Тамараның әкесі Жанғабыл Бітімбаевты білмейтін Арал азаматтары кемде-кем шығар. Олай дейтінім, Жәкең Арал ауданында әскери комиссар болып ұзақ жыл қызмет атқарып, еліміздің қорғаныс саласына көп еңбек сіңірген азамат ретінде есте қалды. Ал анасы Шарипа апай да өмірде өрнегі қалған абзал жан еді.

Сағындық пен Тамара бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. «Мәуелі ағаштың маңайы – базар» демекші, ұл-қыздарының бәрі әке жолын қуып, заң саласында қызмет етуде. Ержаны мен Майгүлінің полковник шені болса, Гүлханы – белгілі, білікті адвокат. Бәрі де үйлі, бала-шағалы. Сағындық туған жерін ұмытқан емес. Аралға келіп, өткенге салауат, қосылғандарға құтты бол­­сын айтып, туысқандарының аман­­дықтарын біліп тұруды естен шығармаған.

2015 жылдың 8 желтоқсаны күні келінім Ләззат айы-күні же­тіп, перзентханаға кеткен кезде Сағындыққа телефон шалып:

– Сәке, 75 жасқа келген күнің­мен құттықтаймын. Жаңа Ләззат келінім босануға перзент­ханаға кетті. Аман-есен босанып ұл туса, атын Сәкен (біз Сағындықты Сәкен деп кеткенбіз), ал қыз туса, Зухра (Тамараның азан шақырып қойған аты Зухра, көпшілік Тамара деп кеткен) қоямын, – дедім.

Сонымен келінім қыз бала босанып, есімін Зухра қойдым. Бұл – шынайы достықтың есте қалар белгісі. Зухра қазір 5 жаста, балабақшаға барып жүр. Пысық, Тамараға ұқсаған болу керек.

2020 жылы 8 желтоқсанда Сағындықты 80 жасқа толуымен отбасымыз болып құттықтадық. Телефон арқылы дидарласып, қуанысып қалдық. Сонда кішкентай Зухра да атасы мен әжесін құттықтап жатты. Амандық-саулық сұрасқан соң, өзін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов арнайы Алматыға келіп, қалалық прокуратурада қабылдағанын айтты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тан құт­тықтау алған қуанышын жеткізді.

Иә, Сағындықтай досым бол­ғанына мақтанамын.

Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,

КСРО және ҚР білім

беру ісінің үздігі.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<