Бүгін ешқайда асықпай-ақ қояйықшы!

608

0

26 ақпан Халықаралық асықпау күні бекітілген. Ірі қала тұрғындарына осы қасиеттің жетіспейтіні рас. Бір қызығы, осы бір ерекше мейрамды тойлауды 2007 жылы қызуқанды әрі екпінді итальян халқы бастапты. Себебі жылдамдық пен прогрессті қажет ететін ғасырда көптеген адамдар жағымды сәттері, сүйікті істері мен жалпы өмір сапасы туралы ұмытып кетеді. Әлемдегі жұмыс істейтін адамдардың басым көпшілігі күніне 12 сағаттан артық уақытын кеңседе немесе басқа жұмыс орнында өткізуге мәжбүр. Оның адамның физикалық және психикалық денсаулығына зиян тигізетіні сөзсіз. Сондықтан итальялықтар мұндай мереке қазіргі қоғам үшін өте қажет деп санап, «Асықпай, әр сәттен рахат ал» деген ұранмен «Асығыссыз өмір сүру өнері» қауымдастығы осы идея ұсынды.

          Сондай-ақ бұл қауымдастық адамдарға өмірдің әр сәтінен қуанышты сезіну үшін 14 кеңес берді. Олардың ішінде таңертең ертерек тұрып, алаңсыз таңғы ас ішу немесе көлік кептелісінде тұрғанда ашуланбай, оның орнына сол уақытта сүйікті музыканы тыңдауға немесе кітап оқуға кеңес берді. Бұл күннің аясында әлемде көптеген қызықты іс-шаралар өтеді. Мысалы, Римде «Баяу марафон» өткізіледі, оған Италияның кез келген тұрғыны қатыса алады. Марафонның қашықтығы – 300 метр, оны еш тоқтамай, бірақ 87 минуттан аз емес уақытта жүгіріп келу керек.

          Айту керек, мұндай қызықты мереке соңғы жылдары әлемнің 90-нан астам елі мен Париж, Лондон және Вашингтон сияқты астаналарда аталып өтеді.

         Сонымен қатар, бүгін – Терезе жуушылардың күні. Бұл мерекені үй шаруасындағы әрбір әйел тойлай алады. Бұл күнді атап өтуді америкалық терезе жуушылар қауымдастығы ұсыныпты. Алғашқы терезе жуушылар Америкада зәулім ғимараттар салына бастағанда пайда болды. Биіктен қорықпайтын батыл жандар аспанмен таласқан ғимараттардың терезесі мен қасбетін жууы керек болатын. Мамандық біртіндеп танымал бола бастаған соң, кәсіп иелерінің саны да көбейді, сөйтіп кәсіби мереке де бекітілді. Қазір биік ғимараттардың терезесін жуатын жұмысшыларды өндірістік альпинистер деп атайды. Олар керекті сақтандырғыш бұйымдармен жарақтанған, кез келген сәтте заманауи жуғыш құралдар мен мол тәжірибесін пайдаланып, қызметті орындауға даяр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз