Ерекше сұхбат

888

0

2014 жылы жазушы Пол Янгтың «Лашық» (орысша – «Хижина») шығармасын оқыдым. Романда табиғат аясында саяхатқа шыққан кейіпкердің кішкентай қызы жоғалып кетеді. Көп ұзамай оқиға орнына жақын қараусыз қалған лашықтан баланың кісі өлтірушінің құрбанына айналғанына дәлел табылады. Ол дәлел – Құдайдың өзі жазған хат. Баланың әкесі тағдыр неге оған осындай соққы бергенін, бұл қасіретке неге душар болғанын түсінуге тырысады. Сөйтіп қараусыз лашыққа қайта оралады. Онда Жаратушымен бар сауалға нүкте қоярлық ұзақ әңгіме басталады. Ең ақылға қонымсыз ойларға түскен адамның санасындағы түбегейлі өзгеріс туралы кітапты бір деммен оқып шықтым. Мен үшін батыс өркениетінің Құдай туралы көзқарасы қызық көрінген. Жалғыз жаратушы ұғымын діннен бөліп қарауға, діннің өзінің сыртына емес, ішкі, рухани мазмұнына мән беруге ұмтылыс байқалады.

Айта кетерлігі, мұнда сипатталған оқиға ой мен сөз кеңістігінде бұған дейін де болған. Француз жазушысы Сирилл Массаротто 2008 жылы «Құдай – менің досым» деген атпен дебюттік романын жарыққа шығарды. Қарапайым балабақша тәр­бие­шісі болып жұмыс жасайтын авторды бір күнде әлемге танытқан романның кейіп­керіне отызға толған шағында Құдайдың өзі келеді. Жай сөйлескісі келетінін айтады. Кейіпкер Құдаймен әр сейсенбі сайын жолығып, досымен сөйлескендей әңгіме-дүкен құрады. Құдай оған жеке өмірін реттеуге көмектеседі. Өз жарын табуға себепші болады. Сырын тыңдап, өмірдегі барлық қиындықтарда қолдау көрсетеді.

Кітаптың ең басты идеясы – Құдай барша азамзатпен бірге өмір сүретіні. Басқаша айтқанда, жер бетінде қанша ғұмыр болса, соның барлығын адам баласымен бірге жасайтыны. Қайғысы мен қуанышын бірге сезінетіні. Кейіпкер Құдайдан о дүниедегі өмір туралы көп сұрайды. Жарытып жауап ала алмайды. Құдай оған: «Демің тоқтаған соң саған бір ғана сұрақ қоямын» дейді. Ажалы жетіп, ақыреттік болған соң: «Өмірде жақсы мен жаманды, әділетсіздік пен зұлымдықты да көрдің. Енді сол өзің өткен жолға қарап тұрып бір сұрағыма жауап бер. Осының барлығын жалғастыру керек пе? Әлде жер бетіндегі тіршілік атаулыны тоқтатқан дұрыс па?» дейді.

Автор осылайша дүние адамның ниетіне сүйенетінін меңзейді. Жер шарының ауасыз көкте ілініп аман тұрғаны әзірге өмір өзімнен кейін де жалғассын деген жауаптың кейінгісінен көп болғанының арқасында екенін айтады. Ал азамзаттың мағынасыз тірлігі тоқтасын деушілер басым түскенде Жаратушы топан суын қаптатып, ақырзаман орнатпақ…

Екі шығармадағы ойды түйіндейтін тағы бір туынды – Перри Ленгтің «Құдаймен сұхбат» деп аталатын фильмі. Туынды біржақты көзқараспен жазылған жалықтыратын тео­логия трактаты емес. Қай діннің өкілі болсаңыз да, өзіңізді агностик немесе ­атеист санасаңыз да, бұл фильм міндетті түрде «Біз кімбіз?», «Өмірге неге келдік?», «Өзімізден кейінгіге не қалдырамыз?» деген сауалдарды көлденең тартады.

Шынында да, Құдаймен әрқайсымыздың күн сайынғы қарым-қатынасымыз қандай? Біз қиындықтарға кезіксек көк­тен белгі күткендей, құ­діреті шексіз Құдайға үміт артамыз. Егер Ол адам кейпінде алдыңызға келіп, «Не сауал толғандырады? Бәріне жа­уап беремін» десе ше? Не деп сұрар едік?

Фильмде Ауған соғысына барған журналист Харпер Хиллге өзін Құдай деп таныс­тырған адам сұхбат береді. Қанды қақтығыстардан қан­шама репортаж жасап, қан­төгістерді көзімен көрген жур­налист ең әуелі: «Неліктен жақсы адамдар қасірет ше­геді?» деп сұрайды. Адамда ерік бостандығы бар ма? Обал мен сауап, олардың ақыреттегі өтеуі қандай? Тағы қаншама сұрақтарына жауап алады.

Фильм Хаққа сенімнің үздіксіз процесс екенін ұғын­дырады. Оның күн сайын іспен дәлелдеуді қажет ететін, үнемі шыңдалуы керек екенін түсіндіреді. Әлемге Құдайдың көзімен қарау – миллиондаған адамның азабы мен қайғы-қасіреті. Сондықтан өмір өзіңе дейінгіні қайталау емесін түсінуіміз керек.

Әлемде зұлымдық, азап пен қайғылы жағдай әр минут сайын болып жатады. Бірақ ең өкініштісі, жұрт оны тек өз басына түскен кезде байқайды. Сондықтан ізгіліктің жеңіске жетуі үшін әр адам өзгеге қол ұшын созғаны жеткілікті демек. Ал Құдай ізгі амалдардың барлығында пендесіне жәр­демші болмақ.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<