Қара құнажынның зарлы үні

2229

0

Бала күнімде демалыс бола қалса нағашымның ауылына асығатынмын. Ыстық сүтін  сапырған апамның аялы алақанын сезініп, пеш түбіндегі мысықтай пырылдап ұйықтайтынбыз. Төрт түлікті кәсіп еткен көкемнің де ауылдағы шаруасына азды-көпті қолғабыс ететініміз  бар. Атамның жануарларға қамқорлығы шексіз еді. Басынан сипап, асқан мейіріммен қарайтын.

Ұлы сәскеде жолға шықтық. Көлік алдына көкем жайғасты. Бекту көкеммен жол бойы ананы-мынаны сөз етіп келеміз. Біз бет алған жолдың бойында аруаналар қаз-қатар тізіліп тұратын. Көкемнің түйеге деген ықыласы ерекше еді. Жай ғана күрсініп, «ой жануар-ай» дейтін.

– Көке, сіздің мал-жанға деген қамқорлығыңыз ерекше екенін білемін. Бірақ түйені көргенде, «ой, жануар-ай!» деуіңізде сыр бар ма? – деп сұрадым.

Шақырымдарды артта қалдырған Бекту көкем жол бойы үнсіз келді. Жеткен бойда шаршағанын басып,  жайланып алған соң ғана әңгімесін бастады.

– Шиелі өңіріндегі халықтың біраз бөлігі – көршілес өзбек, тәжік, қырғыз ағайындар арасынан көшіп келгендер. Жаз жайлауға, қырда қыстауға, егінін жинап болған соң, бір жерден екінші жерге қоныс аударатын. Неге екені белгісіз араларын 10-20 шақырым етіп айырып, бір жерде топтасып отырмайтын. Түліктің төртеуін де баққан әр шаңырақта 10-15 малдан болушы еді.

Басы сабантойда немесе Құрбан айт, Ораза айтта ғана қосылып, дидар-ғайып болатын. Осындай кездесудің бірінде тағы да қоныс аудару керек екені айтылды.

Түйе деген жануардың жолын көрсетсең бармайтын, жетпейтін жері жоқ. Қазақтар түйелерді колхозға өткізіп, көшпек болған. Бұл – жаз айының ортасынан ауған кез. Хабар бірден-біріне жетіп, бота, тайлақ, түйелерді ет комбинатына жөнелтеді. Әшейінде қайда жетелесең сонда жорта беретін жануар бұл сапардың өлім сапары екенін білгендей, аяғын баспады. Жетектеген жанда да, жетектелген малда да зәре жоқ. Ат шаптырым аумақтағы үлкен қораға жануарларды әрең дегенде кіргізген еді.

4-5 метр болатын цемент қорадан мойынын созып, зарлап тұрды, әсіресе, біздің қара құнажынның екі көзінен аққан жасы мен зары, әр бұрышты кезіп зарлаған жануарлардың даусы олардың қарасы көрінбей қалғанға дейін құлағымыздан кетпеді.

Көкем – көрген-білгенін іште сақтайтын жан.  Үйге келе теріс қараған бойы нәр татпастан тура 3 күн жатты. Анда-санда насыбайын атып қоятын. Кейін өз-өзіне келіп, болған жағдайды айта бастағаны сол еді, үйдегілердің жыламағаны қалмады, – деді ол.

Осы кезде Бекту көкем де көз жасына ерік беріп, ұзақ үнсіз отырды. Тіпті көзбен көрмеген менің де көңілім босағандай.

– Арада қаншама жылдар өтсе де, қара құнажынның зарлы үні құлағымнан кеткен емес. Ажал неткен қорқынышты еді?! Мал екеш, малдың өзін зарлана жылатар ма? Ажалдың аларын білген түйеге жануар-ай демей не дейін? – деп Бекту көкем өз сөзін аяқтады.

Айгерім Әлішер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<