«Рухани жаңғыру» ұғымы ғылыми тұжырымдалған оқулық

2072

0

Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы енгізілгеннен кейін Қызылорда «Болашақ» университетінде Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығының бастамасымен «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады.

2017 жылдың күзінде саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө.Насимовтың «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» монографиясы жарыққа шықты. Оқу орнының ғылыми жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Досманбетовтың бастамасымен жоғары оқу орындарының студенттеріне бағытталған арнайы курсты әзірлеу қолға алынды. Нәтижесінде «Рухани жаңғыру» қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» курсы Қызылорда «Болашақ» университетінің барлық студенттеріне 2018-19 оқу жылынан оқытыла бастады. Университеттің бұл бастамасына өзге оқу орындары қызығушылық танытты.

Бұл курс саясаттану, философия, экономика, педагогика, психология, əлеуметтану сынды т.б. ғылымдармен пəнаралық байланысы мол болғандықтан, оқу пәніндегі түсіндірмелер барлық саланы қамтыды. Курстың міндеттері қатарына ұлттық жəне қоғамдық сана, тарихи сана ұғымдарын түсіндіру; сананы жаңғырту бағыттарының мəні, мазмұны жəне түсініктерін жүйелеу; қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жобалар жəне оның нəтижелерімен таныстыру; Ұлы даланың жеті қыры ретінде көрсетілген түсініктерді талдау; және тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстыру жатады.

2020 жылы оқу курсының М.Ө. Насимов авторлығындағы «Рухани жаңғыру» қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» оқулығы 21 баспа табақ және 500 данамен жарыққа шықты. Оқулық Қызылорда қаласындағы «Асу» баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспаханасында басылды. Оқулық барлық талаптарға сәйкес келеді. Оқулықта студенттерге арналған пәннің 15 дәрісі, семинарлық (практикалық) сабақтар жоспары, білім алушылардың өзіндік жұмыстары және білім алушылардың оқытушымен өзіндік жұмыстарының тапсырмалары, студенттердің білімін бақылау материалдары берілген.

Оқулықта ретроспективтік, салыстырмалы, жүйелік, құрылымдық-қызметтік, тарихи-философиялық, институционалды секілді т.б. зерттеу əдістері қолданылды. Оқулықтың эмпирикалық деректерін мəселеге арналған теориялық-тəжірибелік еңбектер құрайды. Оқулық авторы студенттердің оқу материалын жылдам əрі жеңіл қабылдайтын мəліметтер беруге тырысқан. Автор берілген еңбектің барлық азаматтарға пайдалы ақпарат беретініне сенеді. Əсіресе, білім беру процесінде оқытушылар, мұғалімдер, студенттер, магистранттар мен докторанттарға, оқырмандарға көмектеседі деп ойлаймыз.

«СБ-ақпарат»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<