Шабынған бураны шөктірген

1056

0

Нартай ағам – тұнып тұрған шежіре. Аты шыққан емші болса да, қатар отырғанда сені көтермелеп, дәрежеңді өз деңгейіне теңестіріп қояды. Айтушы мен тыңдаушының арасында ерекше ықылас қалыптастырып алып, сөз бастайды. Мына әңгімені сондай кездердің бірінде жазып алған едім.

Тұрсан әкем 1880 жылы дүниеге келген. Әкесі Нұрымбет приставта қызмет еткен. Қазіргіше айтсақ, полицияда жұмыс істеген.

Әрі сері, әрі палуан Тұрсанды Оспан би қасынан тастамай алып жүрген. Оспан – Сыр бойындағы ықпалды би, болыс болған кісілердің бірі Шоқайдың інісі. Ол кісі Түркістан мен Қазалы арасында ағасының билігін жүргізген. Оспан өте ірі адам болған. Көргендердің ай­туында, көзінің аңғалаңы кеседей, отырғанда бойы керегеден жоғары тұратын еді деп суреттеледі. Анау-мынау ат салмағын көтере алмайтын болған соң түйе мінген. Оспанның дойыр қамшысы болған, осындай кісінің қо­лындағы қамшының қандай болатынын елестете бер. Қатты сілтегенде адамның беломыртқасын үзіп жібереді екен. Оның қамшының алдында мылтық ұстаған да, қылыш асынған да дәрменсіздік та­нытқан, талай билер айтатын уәжінен жаңылып, жор­тақтап кеткен. Оспанның дойыр қамшысы кешеге дейін ұр­пақ­тарының қолында сақ­талып келді.

Сырдың үстімен әрі-бері өтіп, тонауға ұшыраған өзбек, түркімен керуендері Шоқайға келіп шағымданған. Шоқай бұл істі Оспанға, Оспан Тұрсанға тапсырып, сондай мәселелерді әділдікпен шешіп отырған.

Кеңес өкіметі орнағанда әкем колхозға кірмеген. Аң­шылықпен айналысып, Қара­тауда қақпан салған. Киік ұстап, қасқыр алған.

Соғыстан бұрынғы жыл­дардың бірінде далада жүрген әкем бір топ орыстармен кездесіпті. Жер жағдайын зерттеп жүрген экспедиция болса керек. Орыстар әкеммен сөйлесе келе оның жөні дұрыс адам екеніне көз жеткізіп, жұмысқа алып, айлық төлепті. Оларға да жер жайын білетін, жөн сілтейтін адам керек болған. Ақырында әкем Рыскүл әжемді де жанына алып, құрамалы үйімен бірге экспедицияға еріп көшіп жүрген. Мен Рыскүл шешемді әже деймін. Ол кісі он бес жылдай бала көтермеген. Орыстар қатыныңды таста дейтін көрінеді. Әкемнің осы әңгімесін естігенде «орыс жаман болады екен ғой» дегенмін. «Жоқ, – деді әкем, – орыс жақсы, әжең олардың тамағын жемей, қалғанын төгіп тастайтын. Олай ететіні тамағында шошқаның еті бар деп ойлайтынбыз. Олардың «әжеңді тас­та» дейтіні осыған байланыс­ты айтылған бір сөз». Әкем орысты неге жақсы демейді, айдалада жүрген жерінен жұмыс беріп, айлық төлеп, өміріне жаңалық қосқан адам жаман бола ма? Қой баққан жылдары әкемнің ­скважина қазып жүрген орыстарды үйге шақырып алып, мал сойып, қонақ қылғанын талай мәрте көрдім.

Рыскүл әжем кейін құрсақ көтеріп – Құрманғали, Құр­банкүл, Маханбетқали, Махан­бетәли атты үш ұл, бір қыз­ды дүниеге әкелген.

Алпысыншы жылдары әкем «1 Май» совхозының №1 фер­масының қойын бағатын кіші баласы Әлжанмен бірге Сары­суға көшіп, өз алдына үй тігіп отырған. Біздің әулетте Маханбетәли ағамыз Әлжан аталып кеткен.

Мен шынында әкемнің ортан­шысы, Сыр елінің бас ақыны атанған Маханбет­қалидың баласымын. Тұрсан әкем бауырына салып өсірген мен бұл сөзді ешқашан айтқан емеспін. 

Әкем мені бес жасымда атқа мінгізіп, аяғымды үзеңгіге байлап, аттың сауырынан бір ұрып желдіртіп жіберген. Анандай жерден аттың басын бұрып, қайта келгенімде «міне, жігіт болды деген осы» деп көтеріп алған.

Мен «1 Майдағы» Ордженикидзе атындағы мек­тепте оқыдым. Жазғы кани­кулға сағынып жетемін де, қатынаған машинаға ілесіп Сарысуға тартамын.

Әкем он үш жасымда 32-ші калибрлі мылтық әперді. Жұрт мұнысы несі деп шошынып қалыпты. Сонда әкем: «Он үште отау иесі, бір мылтық ұстай алмайтын менің балам кімнен кем», – депті жайбарақат қана. Бұл әкемнің мені батыл болып өссін дегені әрі маған сенім артқаны еді.

Әкемнің естіген жұрт таңғалатын хикаялары көп. Соның бірін айтайын.

Бураны білетін шығарсың, бура  – айыр түйенің жыныс қуаты жетілген еркегі. Жараған бура күйті келгенде бір ай оттамайды, су да ішпейді. Қыстың басы мен көктем арасында келеге түседі. Шабынған бура аузынан ақ көбік шашып, тісін қайрап сықырлатады. Артқы тірсегін бүгіңкіреп аяғын талтайтып, бөксесін шөмейтіп, кеудесін көтеріп, құйрығымен тақымының арасын ерсілі-қарсылы сабалап, айбат шегеді. Дәл осы қалыптағы жараған кезінде көш жерден салт аттыны қуып, адамға түседі. Жараған кезде бураға кісен салады, тым қауіптілеріне тұмылдырық ки­гізіледі.

«Ащықұдық» деген жерде қыстауда отырғанбыз. Бірде әкем шабынып келе жатқан бураға «Әсс, сені ме!» деп қолындағы таяғын жіберіп қалды. Таяқ оның тірсегіне барып тарс етті де, бура жығылып түсті. Әкем оған да болмай, жанына жақын барып қамшысын бір сілтеп еді, бура ботадай тайраңдап қашты. Жынынан айрылған бақсыдай болды. Ал, енді осындай қара күшіне мініп тұрған бураға қарсы келуге кімнің батылы барар еді. Мұның мынадай себебі бар деп ойлаймын. Әкем – аруақты адам. Оның аруағы бураның көзіне өзінен де қайратты бір жануар күйінде көрінетін шығар. Естушіге ертек дерсің, бірақ осы оқиғаларға өзім куә болғанмын.

Әкем жылқыларының іші­нен 5-6 атты бөлек ұстайтын, жауға мінетіндей немесе бәй­геге салатындай баптайды. Сол жануарлар әкемді бір-екі күн көрмей қалса, еліріп тұрады. Ал, алыстан иесін байқап қалса, аяқтарын қазықтай қаға тастап, бырылдап келіп, тұмсықтарын әкемнің қолтығына тығатын. Мал да басегесін таңдап бітеді екен. Әкем – малды кісі. Түйе, жылқыдан бөлек екі жүздің үстінде жеке қойымыз болатын. Бізден басқа да бақуатты тұратын қойшылар көп. «1 Майдың» шопаны Айша Меңлібаева Социалистік Еңбек Ері атанды. Дүйсен, Нұр, Дәкенбай, Көпешбай, Мәделхан деген шопандардың аты дүркіреп тұрды. Қоңыртөбе деген жерде Нұрдың скважинасы болды, жұрт солай атайтын. Ол кісі сол жерді жайқалған бау-бақшаға айналдырды. Нұр­дың қауыны Сырдың қа­уы­нынан бұрын піседі. Ең бірінші шыққан қауынын Нұр үш аяқты мотоцикліне тиеп, әкеме әкеледі. «Жеткен де бар, жетпеген де бар» деп, әкемнің батасын алады

Сарысудың бір бетінде «1 Май» совхозы, екінші бетінде «Отызжылдық», «Тартоғай» совхоздарының қойшылары жайлайтын. Сол қойшы ауылдардан біздің үйге 4-5 атты кісі жиі келіп тұратын. Қона жатып кетеді, әкем олар келген сайын мал сойғызады. Қымыз ішіп, баптанып өткен замандардың әңгімесін шертеді. Ат байлау, қолға су құю, ет турау деген сияқты қазақтың қонақ күту әдебін сол кезде үйрендік. Сол шалдар 5-6 сағаттап молдасын құрып отыратын, белдері ауырып бүгілмейді.

Әкем маған біреудің үйіне барсаң сырттан дыбыс шығар деп, қамшысын етігіне сарт еткізіп көрсететін. Дүздегі адамға бірінші болып қол соз­ба, бұйымтайыңды бірден айтпа, атпен адамға тақап барма дегендей ырым-тыйымдарды да жиі айтатын. Ол кісі әдепсіздікке, әділетсіздікке төзбейтін. Бірде әлдебіреу жылқысын қуалап, үйдің үстінен тапырлата өтіпті. Әкем белдеуде байлаулы тұрған атына міне сала қуып жетіп, әлгіні сүйрелеп әкеліп, басын табалдырыққа ұрыпты.

 Сарысуда «Мортық» деген шоқат-шоқат құмды жер бар. 1976 жылы май айында, осы жерде әкем ат үстінде жүріп құлапты. Мен ол кезде оныншы класты бітіріп жатқанмын. Сөйтіп, әкем 96 жасында үлкен баласы Құрманғалидың үйінде жатып қайтыс болды.

Ешқашан тізесі бүгіліп, белі сыздамаған, бетін әжім басып, тісіне құрт түспеген, жаман сөз айтпаған, жамандық іс қылмаған, шабынған бураны шөктірген, жанын ел-жұртының ықылас-алғысына бөктірген асыл әкем қазақ айтатындай «жүз жылда бір туатын» осындай кісі еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<