Сыр бойындағы ахундар мұрасы

19397

0

Ұлттық рухани жаңғыру жобасы аясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Qyzylorda» телеарнасы бірлескен «Құнды жәдігер» жобасы бойынша Сыр бойында ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1837-1928  жж.), Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы (1848-1923 жж.), Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 жж.), Қалжан ахун (Қалмұхаммед) Бөлекбайұлы (1862-1916 жж.) пайдаланған құнды жәдігерлерді зерттеу мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, тарихи-танымдық телехабарлар көрермендерге жол тартты.

Жоба аясында 2021 жылдың тамыз айында Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі және Садық ахун жерленген Сырдария ауданы Ақжарма ауылына арнайы танымдық экспедиция ұйымдастырылды.

Садық ахун  ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойындағы белгілі діни қайраткерлердің бірі саналады. 1860 жылы Түркістан өлкесі, Сырдария облысына қарасты Ақмешіт уезі, қазіргі Сырдария (Тереңөзек) ауданындағы Ақжарма ауылында «Алтыбас Алаша» Қодар батырдың отбасында дүниеге келіп, осында 1937 жылы қайтыс болған. Оны жастайынан  Тапал ахунға 14-15 жасында шәкірт етіп береді. Кейіннен Садық Сыр бойындағы діни адамдардың ұстазы атанған Қармақшы жеріндегі Ораз ахун Бекетайұлынан дәріс алып, өзінің алғырлығы арқасында ұстазы мен замандастарын таңғалдырады. «Көкілташ» (Көкалташ) медресесіне түсіп, онда төрт жыл оқып «ахун» дәрежесін және медресені бітірді деген шатырхатты қоса алып келеді.

Садық ахун медресе жанындағы Иранның дәрігерлік мектебінде діни білімімен қатар Әбу Ғали Ибн Сина ілімдерін оқиды. Ұстаздары: «Садық, сенен үлкен дәрігер шығады, Иран, Франция елдеріне барып оқуыңды жалғастыр» деген ақыл-кеңестерін береді. Бұл ұсынысты әуелде құп алғанымен, өзін бүкіл ел күтіп отырғанын ескеріп, Сыр бойына қайтып оралады.

Садық ахунның есімі емшілігімен де танымал болып, күні бүгінге дейін оның есіміне «Садық ахун», «Садық емші» деген атау жалғасып келеді. Жергілікті халықтың ұсынысымен 1900 жылы  Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» маңына көшіп келіп, ел дәулеттілерінің көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық етеді. Бұл кезде де бала оқытумен бірге емшілікпен айналысады. Осыдан кейін мешіт – «Садық ахун» мешіті деп аталады. Қазіргі уақытта мешіттің тек орны сақталған.

Садық ахун ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Сыр бойындағы саяси жағдайларға белсене араласып отырған.  Елді күштеп ұжымдастыруға қарсы көтерілген Ақмырза ишан көтерілісіне тілектес болып, хат жазып хабарласып тұрған. Елдегі белсенділердің көрсетуімен 1930-1933 жылдары әуелде Қармақшы, Қазалы, кейіннен Алматы қаласындағы түрмелерге қамалады. Түрмеде отырғанда С.Есқараев (республика прокуроры) ауызша деректерде жасырын емделіп, дертінен жазылып шыққан көрінеді. Сондықтан оның кеңес үкіметіне қарсы еместігін дәлелдеп, Садық ахунды түрмеден босатқан. Ел ішіндегі деректерде белгілі академик Қаныш Сәтбаевты да емдеген көрінеді.

Қазіргі таңда Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде ахунның емшілікте пайдаланған дүниелерімен бірге кітаптары да сақталған. Cадық ахунның жеке қорында сақталып, кейін ұрпақтары аудандық музейге өткізген заттарының ішінде екі кітаптың жалпы мазмұны аударылды. Аударуға сол кездегі Жаңақала ауылының имамы Ербол Тағыбергенұлы жәрдемдесті. Бірінші кітаптың аты «Уафа, у-Альуафа, Биахбари Дарильмустафа» қазақшасы «Мәдина қаласы туралы толық ақпарат». Авторы Абул Хасан ибн Абдуллах аль-Самғуди. Зерттеулер нәтижесінде Абул Хасан аль-Самғудидің Мысырдағы Самғуд елді мекенінде 1440 жылы дүниеге келіп, 1505 жылы Мәдина қаласында дүниеден өткенін, 50-ден астам ғылыми кітапшалардың авторы, көбінесе тарихи шығармаларды жазғанын анықтадық. Кітапта Ислам діні орнамас бұрын және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) заманындағы  Мәдина қаласындағы  тарихи оқиғалар, мешіттер, жолдар, түрлі мекендер жазылған.

Екінші кітап – Құран тәпсір, авторы – Мухиддин ибн Араби (1165-1240 жж.).  Ислам әлемінде «Шейх әл-Акбар (Ұлы ұстаз)» атағын алған суфистік бағыттағы ұлы ғұламалардың бірі. Тәпсір дегеніміз Құранды түсіндіру Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті арқылы, яғни оның белгілі бір аяттарға қалай амал еткені, оларды қалай түсіндіргені туралы хадистермен және оның ең жақын сахабаларының сөздерімен жүзеге асты. Кітаптың көлемі – 484 бет. Осман империясында жарық көруі мүмкін.

Сонымен бірге ұрпақтарының қолында ахунның  емшілікке пайдаланған дәріүккіші және ағаш асасы сақталған. Қоладан жасалған дәріүккішті емдік қасиеті бар шөптерді үгіп, майдалау үшін, ал ағаш асаны сілкіп отырып, ауру адамды өзіне қаратып дертінен айықтыру үшін қолданған. Асаның басына темір салпыншақ, сақиналар ілген.

Жоба аясында Сыр бойында өмір сүріп, аса білімдарлығымен мойындатқан Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы мұрасы зерттелді.

Тапал ахун діни білімді Хорезмде алады. Елге оралғаннан кейін ауылына (қазіргі Шіркейлі ауылы) екі мешіт салдырып, шәкірттеріне орыс тілін қоса оқытқан. Тапал ахун деп аталу себебі, ол кісінің бойы аласа болса керек. Содан медреседе оқып жүргенде ұстазы қойған қандай сұрақ болмасын, басқа шәкірттер ойланып болғанша Нұрмұхаммед мүдірмей дәлме-дәл жедел жауап беріп отырады екен. Мұнысына риза болған ұстазы: «Ә, Тапалым жарайсың!» деп арқасынан қағатын көрінеді. Содан бастап Нұрмұхаммед аты аталмай Тапал болып, кейіндері дуалы ауыз ұстазының арқасында Тапал ахун аталып, халық ішінде осы лақабымен танымал болады.

Ел ішінде сақталған әңгімелердің бірінде 1916 жылы Ресей империясына қарсы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қазақтар бастаған соғыстың әділдігін дәлелдеп, пәтуа бекітуге Амангелді Иманов өзінің сенімді серіктерінің бірі Омар Шипинді Тапал ахунның батасын алу үшін Торғайдан Сырға жібереді. Тапал ахун: «Бұл соғыс – әділ соғыс» деп батасын береді. Осының өзі оның өз заманында қандай ірі тұлға болғанын білдіреді.

Қазір ахун ұрпақтарының қолында 40-қа жуық сирек кездесетін кітап сақталыпты. Оның ішінде екі кітаптың мазмұны зерттелді. Бірінші кітап «Ахтари Кабир» деп аталады. Кітап ХІХ ғасырдың аяғында Қазан қаласында жарыққа шыққан. Зерттеу нәтижесінде еңбектің авторы  түркіден шыққан атақты фақиһ (Ислам құқығының білгірі) және лингвист ғалым, дінтанушы, араб әдебиеті мен тіл білімін терең меңгерген ғалым  Ахтари Муслихиддин Мустафа ибн Шамсиди Ахмад екені анықталды. Ол бүгінгі Түркия Республикасындағы Афион-Қарахисар деген жерінде 1496 жылы туған. Сондықтан ол кісіні кейде Қарахисари деп те атаған. Ғұламаның балалық шағы, алғашқы ұстаздары туралы дерек аз, өмірінің ақырына дейін Кутахиа қаласындағы медреседе мударистік қызмет атқарған.

Осман сұлтаны Ғажайып Сүлеймен ғалымды жоғары бағалаған. Ең маңызды шығармаларының бірі – дәл осы «Ахтари кабир» арабша-түрікше сөздігі. 40 мың сөзді қамтыған. Автордың өз сөзінше кітап 1545 жылы Кутахиа қаласында жазылып біткен. Алғаш рет 1242/1826 жылы Стамбулда, одан кейін Түркияның басқа қалаларында, Мысырда, Иранда, Қазанда, т.б. елдерде басылған. Лингвистика бойынша көне түркі тілдік танымдағы маңызға ие.

Бұдан басқа автордың «Тарихи Ахтари», «Жами ул масаил», «Шархи рисала әл-Кафауи фил адаб» атты еңбектері кең таралған.

Екінші кітап «Фатауа Аламгияр» деп аталады. Кітап ХІХ ғасырдың аяғында Мысырдың «Маймана» баспасынан шыққан. Бұл кітаптың қосымша атауы – «Әл-Фатауа әл-Индия». Шариғат заңдары жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат, әділеттілік пен жазаға негізделген жинақ. Еңбектің жарыққа шығуына Моғол империясының 6 падишахы Мұхаммед Мұхиуддин Аурангзеб Аламгияр ықпал еткен. Еңбекте исламдық құқықтану сипатталған. Бұл топтамада Құран сүрелері,  хадистер соның ішінде  Сахих әл-Бухари, Сахих Муслим, Сунан Әбу Дәуіт және Жәми әт-Тирмизиден қалған хадистер енгізілген. Сонымен бірге кітапқа әлемнің әр түкпірінен, көрнекті ғалымдардың еңбектері енді.

Падишах Аурангзеб бұл еңбекті шығаруға ислам заң ғылымдарының 500 сарапшысын жинады деген деректер бар. Ол бастапқыда әртүрлі тілдерде 30 томды қамтыды, бірақ қазіргі басылымдарда 6 том болып басылып шыққан. Еңбек бүкіл Моғол империясында сот құқығының негізі болып, дініне қарай әртүрлі қарайтын құқықтық жүйені құрды.

Жоба барысында ХІХ-ХХ ғасыларда Сыр өңірінде өмір сүрген белгілі діни қайраткерлердің бірі  Қалжан ахун (Қалмұхаммед) Бөлекбайұлы пайдаланған жәдігерлер зерттелді.

Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жердегі Табын руынан шыққан. Сол заманның үрдісі бойынша  Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын ашқан.

«Көкілташ» медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады.

Қалжан «Көкілташта» оқып жүргенінде Сыр өңірінен келіп дәріс алып жүрген Ораз ахун Бекетайұлымен жақын дос болады. Қалжан ахунның білімдарлығын танып білген Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 жылы оны Табындардың ортасына, Жалағаш жеріне алып келеді. Бұл жердегі ағайын ахунды құшағын айқара ашып, қарсы алады.

Қалжан ахун 1901-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуына байланысты құрылысшылардан кірпіш зауытын сатып алып, қыш, кірпіш құйдырып, медресе салуды қолға алады. Ахунның бұл бастамасын жергілікті халық қызу қолдайды. Сырдың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Қалжан ахуннан дәріс алғаны туралы деректер кездеседі. Асқан білімдарлығымен, қайраткерлігімен елге атақ-даңқы жайыла бастаған Қалжан ахун да отаршыл саясаттың құрығына ілініп, қуғынға ұшырап, түрмеге жабылады. Ахун 1916 жылы өмірден өткеннен кейін салдырған медресе құрылысы толық аяқталады.

Қалжан ахунның дүниелері  облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған. 2004-2005 жылы  «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық музейде «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» экспозициялық залы ашылып, Сыр өңіріндегі араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған кітаптар мен қолжазбалар жинақталды.  Сол кезеңде Қалжан ахунның екінші ұлы Муаммер мақсұмның баласы Хасанатулла жинақтап, музей қорына өткізген. Музей қорында 40-тан астам парақша ретінде сақталған. Екі қолжазбаны арабшадан тәржімалағанда мал етінің қай уақытта харам немесе халал болатыны туралы ислам ғалымдарының берген діни пәтуалары екені анықталды. Сонымен бірге Қалжан ахунның тақиясы, жайнамазы, қайрақ тасы музей қорындағы құнды жәдігер саналады. Тақия түрлі-түсті жіп арқылы өсімдік тәрізді өрнектермен кестеленген. Бұл тақияның түрі ХІХ-ХХ ғасырларда Орта Азия елдеріне кең тараған. Жайнамазды ахун құлшылықта пайдаланған. Жайнамаз сары, қара, сұр түсті жіптер арқылы жолақтармен кестеленген. Ұзындығы – 115 см, ені – 62 см. Ислам елдерінде жайнамаз төселген уақытта әрбір мұсылман сыртқы әлемнен оңашаланды деген сенім сақталған. Бұл жайнамаздың түрі ХІХ-ХХ ғасырларда Орта Азия елдеріне кең тараған. Қайрақ тас ахун үй тұрмысында пайдаланған. Жәдігердің ұзындығы – 13 см, ені – 6 см, қалыңдығы – 2,3 см. Пішіні төртбұрышты етіп жасалған. Ұрпақтары киелі дүние ретінде сақтап, Сырдария аудандық музей қорына өткізген. Қалжан ахуннан қалған мұра әлі де зерттеуді қажет етеді.

«Құнды жәдігер» жобасында зерттеліп, насихатталған діни қайраткерлердің бірі – Әлібай ахун Қосқұлақұлы. Ахун Сарықұм деген жерде дүниеге келген. Әуелі ауыл молдаларынан, кейіннен Ораз ахуннан дәріс алған. Хорезм қаласынан діни медресені бітіріп келгесін Сарықұмда халықтың күшімен мешіт салған. Бұл мешітте көптеген жастар білім алған. Кейіннен елдің белгілі адамдары Қаратөбе деген жерден Әлібай ахунға арнап жаңа мешіт салғызады (бұл мешіт қазіргі Ақтөбе облысының аумағында). Мешітте шәкірттерге дәрісті ахунның өзі оқыған.

Әлібайдың бала күнінен  ерекшелігі байқала  бастаған.  Өте үздік оқушы болған. Баланың келешегіне көз жіберген ұстазы Ораз ахун ақ батасын беріп, Хорезм қаласындағы Ер Сейтпенбет әулиенің әулеті Салқы ишанға оқуға жіберген. Әлібай араб тіліне өте жүйрік болған.

Кезінде халқына қалтқысыз қызмет еткен, сарқылмас білім берген, өзінің  аруағымен, алымдылығымен, жоғары адамгершілігімен, әділдігімен ел есінде қалған Әлібай ахунға халқы үйтам орнатқан.

Әлібай ахунның ұрпақтарында желдиірмені мен кітаптары сақталған.  Ел ішіндегі деректерге сүйенсек, Ноғай деген кісі ахунға риза  болып үш диірменді сыйға берген екен. Бүгінгі күнге дейін екеуі сақталған. Кеңес дәуірінде жел диірменді арнайы техникамен бұзған. Кейін темірмен құрсаулаған. Диірменнің екі тасының қалыңдығы 15 см, диаметрі 80 см-ге жуық. Оны халық киелі дүние ретінде санап, Әлібай ахун жерленген қорымға жақын жердегі бұзылған мешіттің жанына қойған.

Әлібай ахунның ағарту жұмыстарына пайдаланған дүниелері, яғни кітаптары мен қолжазбалары Қармақшы ауданындағы ахунның қарашаңырағында Әжмағанбет баласы Абдулғазимнің қолында. Онға жуық кітаптардың арасында «Мухтасар-уль-уикайа фи масаиль-аль-хидайа» жақсы сақталған. Авторы – ХІV ғасырдағы Бұқара қаласында өмір сүрген атақты ғұлама Убейдуллах ибн Масуд бин Махмуд бин Ахмад аль-Махбуби. Кітапта Ханафи мәзһабы бойынша мұсылмандардың күнделікті өмір сүру ережелері баяндалған. Кітап 49 бөлімнен тұрады. Бұлар – «Тазалық кітабы», «Дұға кітабы», «Зиярат кітабы», «Неке кітабы», «Талақ кітабы» және «Татуласу кітабы», т.б. Жәдігер 1901 жылы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербург қаласында арнайы цензурадан өтіп, 1902 жылы Қазандағы Императорлық университеттің типолитографиясында басылып шыққан. Бұдан да басқа кітаптар мен қолжазбалар әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді. 

Қазақ елі, соның ішінде Сыр бойы тарихи тұлғалардан ешқашанда кенде емес. Халқымызды діни-ағарту бағытында ахун-ишандардың рөлі зор болды. Мақалада қамтылған Садық ахун Қодарұлы, Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы, Қалжан (Қалмұхаммед) ахун Бөлекбайұлы, Әлібай ахун Қосқұлақұлы шоқтығы биік тұлғалар болып саналады. Осы орайда тарихи мұраны ұлықтаған «Құнды жәдігер» жобасының бір бағыты ретінде жоғарыда аталған тұлғалардан қалған тарихи маңызы бар жәдігерлер зерттеліп, жергілікті БАҚ-да насихатталуда. Алдағы уақытта да жоба аясында Сыр өңірінде қаншама тарихи мұраның сыры ашылары сөзсіз. 

А.САЙЛАУ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<