Тәуелсіздік: 2001-2002 жылдар

1006

0

2001 жылғы 28 ақпанда Үкімет мәжілісінде Оңтүстік Торғай ойпатындағы ілеспе газды игеру мәселесі қаралды. Аталған мәселені талқылауға Премьер-министрдің орынбасары Даниал Ахметов және өзге де министрлер қатысты.

Ілеспе газды игеру жобасын шетелдік мұнай компаниялары өміршең емес деп қабылдап келген-ді. Алайда кереғар көзқарасты Ақтау мұнай-газ ғылыми институты жоққа шығарды. Мамандардың айтуынша, Торғай иінінде 36 млрд текше метр газ қоры бар.

Үкімет мәжілісінде сол кездегі облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев «осы жобаның жүзеге асуына қажетті қаражат 140 млн АҚШ долларын мұнайшылар, ал 12 млн долларын жергілікті әкімшілік табуы тиіс. Бұл жобаға қатысты Үкімет қаулысы шықты. Ал, мұнай компаниялары келісімге келмесе, лицензиясынан айыру қажет» деп мәлімдеді. Сонымен облыс әкімінің Қызылорда халқына «көгілдір отын» әкелу туралы ұсынысы Үкіметтен қолдау тапты. Бұл – үлкен жаңалық.

Табанды іс-қимыл нәтижесінде Оңтүстік Торғай иініндегі ілеспе газды игілікке жарататын уақыт таяды. «Харрикейн Хайдрокарбонс» компаниясының директорлар кеңесі «Құмкөл» кенішіндегі ілеспе газды игеру мақсатында қуаты 40 МВт электр өндіретін генератор қондырғысын орнатуға шешім қабылдады. Ол үшін 30,3 млн АҚШ доллары бөлінді.

Бұл жобаның мүмкіндігі жан-жақты сараптан өткізілді. Босқа жанып жатқан ілеспе газды игеру арқылы арзан электр қуаты өндірілетін болды. Қызылорда қаласының электр қуатына қажеттілігі 45-50 МВт екенін ескерсек, оның маңыздылығын түсіндіріп жату артық. «Харрикейн» ұзақ уақыт бойы ілеспе газды игерудің мүмкіндігін жан-жақты сараптан өткізіп, неғұрлым тиімді жобаны таңдауға қол жеткізді. Түйінді мәселенің шешімі ә дегеннен оңайға түскен жоқ. Себебі, мұнай өндірушілер ортақ шешімге келе алмай, осының салдарынан олардың арасында біршама кикілжің туғаны да рас.

Осыны ескерген Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Оңтүстік Торғай иініндегі ілеспе газды игеру жөніндегі барлық мұнай өндірушілердің әрқайсының жеке жауапкершілігі туралы шешім қабылдады. Шешім сеңнің қозғалуына түрткі болды.

Өндірілген электр қуаты «Харрикейн» компаниясының өз қажеттілігіне жұмсалды. Қалғаны Қызылорда тұтынушыларына сатылды. Құны жылу орталығы өндіріп отырған электр қуатынан едәуір арзан болды. Электр қуатын өндіру мұнай кәсіпшілігінің өнімді жұмысын қамтамасыз еткен еді. Себебі ол бұрынғыдай іркіліске жол бермейді. Сонымен қатар «Құмкөл» кенішіндегі барлық ілеспе газ қорын игілікке жарату мүмкіндіктері де жан-жақты зерттелді.

«Харрикейннің» президенті Томас Марло жобаның едәуір артықшылықтары бар екенін мәлімдеді. Біріншіден, аймақтың электр қуатына деген қажеттілігі біршама өтеліп, жергілікті халықты жұмысқа тартуға жол ашылады. Екіншіден, босқа жанып жатқан газдың ауаны бүлдіру зардабы түпкілікті жойылады. Жобаны жасау барысында Қазақтың энергия өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының, басқа да мемлекеттік құрылымдардың сараптамалары жан-жақты ескерілді.

Бұл орайда Оңтүстік Торғай иініндегі мұнай өндірушілердің газды игілікке жарату жөніндегі жарасымды бәсекелестігі тууы мүмкін деген болжамдар да айтылды. Атап айтқанда, «Харрикейн Хайдрокарбонс» компаниясы Қызылорда қаласына дейін газ құбырының құрылысын жүргізу мәселесін жан-жақты зерттеуге ниет білдірді. Компанияның «Торғай-Петролеум» және «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорындарының 50 процент акциясын иеленгенін ескерсек, жергілікті халықтың мүддесі үшін көптеген мәселе шешімін тапты. Зерттеулерге қарағанда жоғарыда аталған екі біріккен кәсіпорынның өндірген газы Қызылорда қаласының қажеттілігін толық өтеуге жетіп-артылады.

«Харрикейн» Қызылордаға дейін тартылатын газ құбыры құрылысын салудың экономикалық мақсаттылығына талдау жасауды ішінара қаржыландырды.

«Сыр бойы» газетінде 2001-2002 жылдары осы тақырыпта көптеген мақала жарияланды. «Ізгілікті іс-шараның алғашқы бастамасы үлкен үмітке жетелейді. Жоспарлы жүйе кезінде барлық игіліктің рахатын көрген еліміздің оңтүстіктегі тұтынушылары қазір газ бен электр қуаты тапшылығын қатты сезінуде. Үкімет тарапынан қолдауға ие болған Жамбыл облысындағы «Аманкелді» газ кенішін игергеннің өзінде ол осы өңірдегі қажеттіліктің 30 процентін ғана қамтамасыз ететін көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда «Құмкөл» кенішінде бастау алғалы отырған ауқымды шараның аймақтың даму тарихындағы орасан зор оқиға екенін атап өтуге тиіспіз» делінген солардың бірінде.

2001-2002 жылдары облыс егіншілері су тапшылығын едәуір сезді. Көрші республикалардың таулы өңіріндегі қар мен мұз қоры тапшы болып, бұл Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан егіншілерін тығырыққа тіреді.

Сол жылдары «Тоқтағұлдағы» су көлемі оның жобалық сыйымдылығының тең жарымында болды. 2000 жылы Қазақстанның оңтүстік өңіріне жетпейтін су «Тоқтағұлдың» есебінен толтырылған. Қырғыз ағайындар да «Егер  биыл бұл жағдай қайталанатын болса, қоймадағы су электр қуатын өндіруге жетпей, энергетика кешені дағдарысқа ұшырайды» деп алаңдаулы болыпты.

«Қазақстан Үкіметі Қырғыздан 1,1 млрд кВт/с электр қуатын сатып алуға мәмілеге келді. Айтпақшы, бұл мәжбүр талапты орындауға қызылордалықтардың қосатын «үлесі» барын ұмытпаңыз. Мамандардың есептеуіне қарағанда, Қырғызстанның энергиясы «Екібастұз» өнімінен 30 процентке қымбат. Ал, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарына Қырғыз энергиясы Өзбекстан арқылы келетінін есептеңіз, ол тағы 20 процентке қымбаттайды. Сонда күні ертең ілеспе газдан өндірілетін электр қуатының өзіндік құны 1 теңгеден сәл асатын игілігін жылы жауып қойып, көршінің қас-қабағына қарап отырамыз ба? Қысқасы, су төңірегінде ақылға қона бермейтін қайшылықтардың бүгінгі күрделі сипаты осындай.

Қалай айтсақ та, су – Сыр өңірі үшін өмірлік мәселе. Оны барынша ұқыпты пайдаланбайынша, жоғарыда келтірілген мәжбүрліктен – жұртқа алақан жаю үрдісінен арыла қоюымыз екіталай. Су жүйесі құрылыстарын, каналдарды тәртіпке келтіру – өз алдына әңгіменің тақырыбы. Бүгін біз үшін қолдағы су мөлшеріне қарай қандай дақылды қанша мөлшерде егеміз деген сауалдың жауабы барлығынан маңызды. Республикалық комитеттің дерегіне қарағанда, 2001 жылдағы күріш егістігі көлеміне қажетті су мөлшері бұрынғыдан кем берілетін көрінеді» делінген сол уақыттағы мақалаларда.

Осы уақытта ауыл шаруашылығын жекешелендіру шешуші кезеңге қадам басты. «Біз кезінде «Қазақстан шаруасы өзін де, өзгені де асырауға дәрменсіз, қажет болған жағдайда шетелдің ауылшаруашылық өнімдерін тиімді бағаға сатып аламыз» деген теоретиксымақтардың сандырағына құлақ асып, біраз адастық. Фермердің жолы осылай екен деп шаруашылықтарды сан бөлшектеуге кірістік. Нәтижесі белгілі. Қазір өлген, сойысқа кеткен малдың орнын толтырамыз деп, әлекке түсіп жатқан жайымыз бар. 1990-1991 жылғы мал санына жету үшін Қазақстанға 15-20 жыл уақыт керек деседі мамандар. Оның өзі үкімет тарапынан тиісті қаржылай қолдау көрсетілгенде ғана жүзеге асуы мүмкін.

Кейбір талдауларға қарағанда шаруа қожалықтарының бірлі-жарымы болмаса, көпшілігінің төрт аяғын тең басып тұрмағаны аян. Өткен жылы орта есеппен алғанда, әрбір шаруа қожалығының үлесіне 2 сиырдан, 15 қой-ешкіден, бір шошқадан, екі жылқыдан келіпті. Бұл шаруа қожалығының өзін асырауға жеткіліксіз. Техника жөнінде айтсаңыз, тіпті жаныңыз ауырады. Әрбіріне 0,43 трактордан, 0,19 жүк автомобилінен, 0,14 астық жинау комбайнынан келеді. Орта есеппен, әрине. Облыс бойынша шаруашылықтардың 10-12 проценті ғана болмашы рентабельдік көрсеткішті қанағат тұтуда». 2001-2002 жылдары саладағы жағдай осындай еді.

Дүниежүзілік тәжірибе айқындап отырғанындай, дамыған елдерде ұсақ шаруашылықтардан гөрі ауыл шаруашылығының ірі кәсіпорнынан түсетін пайда жоғары көрінеді. Бір ғана АҚШ-тың өзінде соңғы қырық жыл ішінде ұсақ фермерлер саны екі еседен астамға қысқарыпты. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, мұндағы ұсақ фермерлердің 72 проценті жалпы табыстың 10 процентін қамтамасыз етсе, қалған 28% ірі шаруашылық, корпорация өнімнің 80 процентін өндіріпті.

«Қазір, – дейді кейбір мамандар, – ауыл шаруашылығы өндірісін ірілендіру мен шоғырландыру бүкіләлемдік сипатқа айналуда». Демек, жердің өзі ұжымдық меншік сипатына айналып, ауыл шаруашылығы өндірісінің мақсат-мүддесін ортақтастырған адамдар бірігу арқылы өз басына, өзгенің мұң-мұқтажына сергектікпен қарай алады.

Қорыта айтқанда, 2001-2002 жылдардағы жағдай бүгінге дейін өзектілігін жойған емес.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<