Жақсылық Бекқожаевты көке дейтінбіз. «Көке» деген – ежелгі түркі сөзі, дұрысы – көкө. Біз – қазақ «көке» деп бұрыс жазсақ та, «көкө» деп дұрыс дыбыстаймыз. Оның көкке (зеңгірге) қалай да байланысы бар. Ал Көк – біздің Тәңіріміз. Қырғыздар көкө теңир дейді. Көке (көкө) деп түркі жұрты, оның ішінде қазақ жасы үлкен адамды ғана емес, көпшілік аса құрмет тұтатын жақсы адамды да атайды. Кейбіреу жасы үлкен болса да, көке деуге лайықты болмай жатады.
Алғаш араласа бастағаннан-ақ ол кісіні көке деп кеттім. Менен бұрынғылар да солай атайды екен. Жәкемді солай атау өзіне сондай жарасатын еді. Сондай атқа Жәкем лайықты болатын. Көке десе, көке еді-ау!
Ол кісіні студент кезімде облыстық радиодағы ағаларыма барып жүріп таныдым. Редакциядағы тілшілер отыратын кабинетке кіріп келіп, елпілдеп әңгіме айта жөнелетін. Мынау отырған студент екен демейді, кейде саған қарап айтады әңгімесін. Сонда сен өзіңді студент емес, редакцияның байырғы бір мүшесі сияқты сезінеді екенсің. Сонан соң радиоға емін-еркін кіріп-шығып, өзің де әңгімеге араласа бастайсың. Ондайда Жақсылық көкем, бір ғажап жері, сен айтқан әңгімеге құмарта құлақ төсей қояды. Құдды бір қызық әңгімеге елітіп тұрғандай елеңдеп, риясыз күлкіге көміледі де қалады. Түу, көкем-ай, біз сияқты жетімсіреп жүрген студентті сол қылығымен-ақ марқайтып жіберетін еді ғой.
1990 жылы Қызылорда пединститутын бітірген бойда, әдебиетші ғалым, ұстазым Темірхан Тебегенов ректорды көндіріп, мені өзім оқыған оқу орнына оқытушы етіп алып қалып еді. Бағдат ағай Кәрібозов «Әдебиет теориясы» пәнінен лекция оқиды, мен практикалық сабағын өткізем. Лекция оқып жіберген кездерім де бар. Бірақ менің өмірлік мақсатым мұғалім болу емес сияқтана береді. Әдебиетті зерттеуші емес, әдебиеттің өзін жасаушы болғым келетін дәме бар ма қалай? Ақылымыз толыспаған әрі-сәрі бір сәт. Өмірлік жолымызға нық түсе қоймаған кез.
Сондай бір кезде Бексейіт Шайланов пен Жалғас Аманов облрадио ғимараты орналасқан орталық алаңда ұшырасып қалсын. Екеуі де радиода істейтін журналист ағаларым. Бұл енді 1991 жылғы мамырдың 31-і. Күн жұма еді. Облыстық телеарна алғашқы хабарын таратқанына тура бір ай болған. Жуырда Qyzylorda телеарнасына 35 жыл толады.
– Әй, сен қайда жүрсің, іздемеген жеріміз жоқ. Радиоға адам алайын деп жатыр. Біз сені ұсындық, – дейді екеуі жарыса сөйлеп.
– Ойбай, бірінші курстан алатын зачетім бар! – деймін басымды алып қашып. Айтқандары көңіліме ұнап та тұр. Сөйтсе де оларға еріп те кете алмаймын.
– Сенен басқа тағы екеу кеп тұр. Осы қазір жүрмесең болмайды, – деп, екеуі екі жақтап сүйрегендей етіп, радионың бас редакторы Есенгелді Шілдебаевтың алдынан бір-ақ шығарды.
– Мына екеуінің жазғыш деп жүргені сен бе-ей! – деп, бір шағып алған Есағам жауап күтпестен қарсыдағы кабинетке бастай жөнелді. Төраға Жақсылық көкемнің кабинеті екен. Жәкем әдеттегісінше темекісін бұрқ-бұрқ тартып, көңілді отыр. Әлдебір әңгімені бастай жөнелді. Әңгіме тыңдайтын адам таппай отырғандай. Оған қарсы тұрған орындыққа тізе бүккен Есағам мақұлдап, бас изеп қояды. Мен тұрмын жанында ілмиіп.
– Жәке, мынау өзіңізге айтып жүрген бала, – деді Есағам сөздің бір иіні келген кезде. – Ұятқа қалдыра қоймас.
– А-а, солай ма? – Жәкем сол арада сырттан бір апайды шақыртты да, – мына балаға приказ бергіз, – деді. – Болды, алындың, – деді сосын маған қарап.
Әңгімесін күлкі араластырып айтады екен. Менің шаруамды тындыра салып, әңгіменің тағы біріне кірісе беріп еді, кабинетке Темірхан Тебегенов ағайымның екпіндеп кіріп келгені. Сасып қалдым. Мені артымнан қуып келді ме деген қауіп болды-ау сонда. Енді ше? Кешегі ұстазым. Бүгінгі тікелей бастығым. «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі. Алайда қуып келген ойы жоқ сияқты, өзінен жасы үлкен екі ағасына елпілдеп сәлем беріп жатыр, мен болсам оған ұсынам қолымды. Ағай бас салып мені Жәкемдерге таныстыра бастады, «біздің кафедрада жас оқытушы, талантты ақын, өзіміздің бала…» деп. Сонда Жәкем аузын қолымен қалқалап, «енді бұл біздің бала болды» деп Есағама сыбыр ете қалды. Оны Темкем, бір жақсы жері, естіген жоқ.
Сөйтіп ойламаған жерден облрадионың тілшісі болып шыға келдім. Тілші демейді, қолақпандай қып редактор дейді. Үйден шыққанда институттың мұғалімі едім, енді облрадионың редакторы болып оралдым. Апта басталғанда Жәкем жұмысқа келмей қалды. Зейнет демалысына шығып кетіпті. Орнына Әбдіжәлел Бәкір ағамыз тағайындалды. Бұл маусымның 3-і. Дүйсенбі.
Бірақ көкем көп ұзамады, ашылғанына көп болмаған телеарнаға қатардағы редактор болып жұмысқа қайтып келді. Телеарнаға мен де ауыстым. Енді арамыз тіпті жақындай түсті. Үлкен бір кабинетте сүйікті көкеммен бірге отыратын болдым. Біз бірер минуттық ақпараттық хабарға жанығып бітсек, көкем жиырма минуттық, отыз минуттық «ауыр» қойылымдарын күлдіргі әңгіме айта жүріп, оп-оңай тындырып тастайды. Айналайын, көкем-ай! Сонда айтатын әңгімелерінің бір парасы мынадай. Жастау кезінде ме екен, Ыбырай Жақаевқа барады сұхбат алуға. Сөйтсе шалың бар болғыр, үндемей отырып алыпты, жөндеп сөйлей қоймапты. Сөзге жоқ еңбектің адамы емес пе? Әрі айналдырады, бері айналдырады. Болмаған соң Жәкем «Авангард» совхозындағы бір күрішші кәрістің атын айтып, «сол кәріс күрішті былай егем деп айтты, олай суарам деп айтты» деп, әдейі бұрмалап сөз бастаған ғой. Жақаев сонда ғана тілі шығып, сайрап ала жөнелді дейді, «ол олай емес, былай ғой» деп.
Көкеміздің журналистік еңбек жолында кезіккен осыған ұқсас әңгімелері көп еді.
Бірде ұжымдағы біреудің өтінішімен төрт-бес шумақ өлең жазғанмын. Соңғы шумақтағы үшінші қатардың ұйқасы «қия алмай» дегенге келеді. Мен құдай атып, осы «қия алмайдыға» төртінші қатардың ұйқасын қапелімде таба алмай, ыңқылдадым да қалдым. Егер соңғы ұйқас болса, өлең біткелі тұр. Сол кезде кабинетке көкем кіріп келсін. Менің қатты ойланған түрімді көріп:
– Неғып түнеріп отырсың! – деді.
– «Қия алмай» дегенге ұйқас таппай отырғаным.
– Сол да сөз боп па? І-й, алла-ай демейсің ба! – деді ойланбастан.
Бұл енді біреуге онша маңызды әңгіме емес боп көрінер, бірақ мен үшін көкемді көз алдыма әкелер сағынышты сәттер ғой.
Бірде сырқаттанып бірер күн жұмысқа келмей қалды. Көкем болмаса, жұмыс көңілсіз. Редакцияның жартысы жоқ сияқты көрінеді. Өйткені көңілді әңгіменің қайнар көзі. Айтпақшы, сол 1991-1992 жылдары зат атаулы қат боп кетпеді ме. Көкем портсигараға шылымын ортасынан бөліп салып қояды да, оны мүштікке қыстырып тартады. Кейін ол да бітіп қалды ма, қол басындай дорбамен табак әкелетін болды. Оны сол арадағы темекі шегетіндерге үлестіріп, тіпті қағазға қалай түруге дейін үйретеді. Онысы удай ащы. Сонда да бәріміз қатар отырып бұрқылдатқанымызда бөлме іші түтінге толып кететін. Әлі есімде, менің тартпамда папиростың қағазы сияқты жұқа парақтар жататын. Бірде көкем темекі орауға қағаз әкел дегенде соны апарғанмын. Ол қағаз көкеме қатты ұнағаны. Соған ораған темекінің түтіні таңдайға ерекше жұмсақ тиеді екен. Бұл бір үлкен жаңалық болды. Әріпті қорғасынмен теріп басатын баяғы кез ғой. Көкем екеуміз әлгі қағазды үнемдеп орап, біразға жеткіздік-ау!
Түтін аңсаған кезде көкем үстеліме төніп кеп тұрады:
– Әй, бала, шығар қағазыңды, – деп. Қабағын жоп-жорта түйіп, тонауға келген қарақшының кейпіне еніп.
Сөйткен көкем сырқаттанып қалыпты. Ол жоқ болса, бұрқылдатып тартатын табак та жоқ, табак жоқ болса, әңгіме де жоқ. Қағаз да пайдаланусыз қалды. Көкем екен сол қағаздың құнын арттырып жіберген.
Ұзаған жоқ, арада үш-төрт күн өтті-ау, жоғары қабаттағы режиссерге екпіндетіп жүгіре желіп бара жатсам көкем келеді екен, қуанып кетіп, шұрқырап амандық-саулық сұрай бастадым.
– Деніңіз сау ма? – деппін мен ақымақ сонда, денсаулығыңыз қалай дегенді асығам деп қате айтып.
– І-і, мені есі ауысыпты деп естіп пе едің?! Міне, жынданғам жоқ, келе жатырмын! Кетші әрі! – деді ашуланған тұр көрсетіп. Шыдамай артынан өзі де күліп жіберді. Менің де сөзді қате айтып қалғанымды біліп тұр ғой…
Жұмыс мәселесіне келгенде өте-мөте ұқыпты болатын. Сол жылдары жастардың өзі онша түсіне қоймайтын телетехникаларды алпыстан асқан жасына қарамай жақсы меңгерген.
Бәрін айт та, бірін айт, осы телеарнаны құрып, аяғынан тік тұрғызған Жақсылық көкемнің өзі ғой. Мен бұл жөнінде тәптіштеп айтудан аулақпын. Оның маған дейінгі еңбек жолын да, жасаған деректі фильмдерін де сөз етпеймін. Өйткені ол тақырыпты менен де жақсы білетін аға-апаларым жаза жатар. Мен Жәкемнің өзім білетін азаматтық асыл қасиеттерінің кейбірін ғана тілге тиек еттім.
Иә, ол Сыр бойындағы көптеген журналистке ұстаз болды. Мен сияқты журналист еместерді де жолға салып жіберді. Өзінің есімі сияқты ісі де тек жақсылықтардан тұратын еді-ау! Сондықтан мен әрқашан Жақсылық көкемнің есімін жоғары қоям! Бірінші атаймын.
Жақсы адамның жаны қайтыс болған соң көк төріне көтеріледі дейді ежелгі ұғымда. Көк төрінен сосын ұрпағына, ел-жұртына шуағын шашады екен. Жақсылық көкем де көк төрінен бізге – тірілерге шуақ шашуға кеткеніне жиырма жылға жуықтап қалыпты. Көзі тірісінде де шуақ шашып жүретін, көзі тірі болса, биыл тоқсан алты жасқа толар еді. Менің әкеммен түйдей құрдас екен.
Жақсы адамдар туралы естелік жазған қандай ғанибет! Естелік жазып отырғанымда асыл бейнесі көз алдыма келіп, мейірімді дауысы құлағыма естіліп, тағы да жақсылыққа үндеп тұрғандай.
Жақсы адамдар – адамзат қоғамының қазынасы. Күнді тынбай айналған титімдей Жер бетіндегі өмірді нұрландыратын осы Жақсылық көкем сияқты жақсы адамдар емес пе?! Ал зұлым адамдар тек қана қасірет әкеледі. Солардың кесірінен жазықсыз адамдар мың-миллиондап қырылғаны тарихтан белгілі. Олар біздің арамызда әлі де баршылық.
Жақсы адамдар туралы ойлау – жақсылықты аңсау деген сөз. Себебі біздің әлеміміз жақсылыққа зәру ғой.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби, көркем-көпшілік журналының бас редакторы. Қызылорда облыстық телеарнасының 1991-1994 жылдар аралығындағы редакторы





