Гәкку

639

0

сурет ашық дереккөзден алынды

Ертеректе: «Құс төресі – аққу, ән төресі – «Гәкку» деген сөз болған. Иә, мұны бала күнімізде талай естігенбіз, бірақ, мән бере қоймағанымыз шындық. Аққу – әсемдік пен сұлулықтың баламасы, ал Гәкку ше?

Бұл – сонау 1936 жылдың мамыр айында Қазақстан өнерінің Мәскеудегі онкүндігінде шырқалған «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің ариясы. Орындаған Күләш Байсейітова. Иә, Үкілі Ыбырайдың осы әнін Брусиловский Жібектің партиясына пайдаланған. Либреттосын Ғабит Мүсірепов жазыпты. «Күләш болмаса, «Гәкку» айтылмаса, онкүндікте Мәскеудің ығайы мен сығайы жиналған, Кеңес үкіметінің басшылары көрген концерт өз мақсатына жете алмас еді» дейді білетіндер. «Қыз Жібек» операсы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігінің керемет жетістігі, шырқау биігі саналған. Сталин бастаған топ Күләш «Гәккуді» аяқтай бергенде операны қайталап қоюды сұрапты.

Жалпы 1936 жыл өнер саласы үшін тарихи жыл болған. Осы жылы «Кеңестер Одағының Халық артисі» деген атақ шығады. Ең алғашқылардың қатарына 13 адамның бірі болып, 24 жасар Күләш Байсейітова «КСРО Халық артисі» атағын алады. Күләшті қазақ операсының негізін қалаушы еткен  «Гәкку».

Бірақ әннің авторы Үкілі Ыбырай деп ешкім атай алмаған. Атауға қорыққан. Себебі, бұған дейін, яғни 1931 жылы Ыбырай атылып кеткен. Ал осы құдіретті ән қалай туды? Ол үшін әңгімені Үкілі Ыбырайдың өзінен бастауымыз керек.

Ыбырай Сандыбайұлы 1858 жылы Көкшеде дүние есігін ашты. Әкесі Сандыбай зергер адам екен. Оны кішкентайынан өз кәсібіне баули бастайды. Алайда бала Ыбырай 8 жасынан домбыраға әуес болады, 14 жасында топқа түсіп, жанынан суырып салып, өлең айтады. Арабша сауат ашып, оқып-жаза да білуге ден қояды. Осының арқасында шығыстың небір керемет қисса-дастандарын жатқа білген. 18 жасқа келгенде Ыбырай әкесінен сал-серілік жолға түсуге рұқсат сұрайды. Сандыбай баласының шын ықыласы мен дарынын білгесін, ақ батасын берген ғой.

Ыбырай сол кезеңде ел арасында атағы аспандаған Ақан серіге барып қосылады. Шамасы серінің ауылы қашық емес, 10-15 шақырымдай жерде болса керек. Бас киіміне үкінің қос қауырсынын қадаған жас жігіт ел аралап, ойын-тойдың көркіне айналады. Мынадай бір әңгіме бар: Ақансері бірде Ыбырайды Біржан салға ертіп апарып, ән салдырған. Жас жігіттің мың құбылтып салған керемет әндерін тыңдаған Біржан сал: «Енді мен Ыбырай отырған жерде ән салмаймын» депті. Сол заманның сауатты адамдарының бірі Мұхамеджан Сералин Үкілі Ыбырайды Петерборға апарып музыкалық білім алдыртқысы келген. Көреген азаматтың ондағы ойы Ыбырайды дүниежүзі мойындаған Шаляпиндей әнші жасағысы келіпті-міс.

Осы мақаланы жазарда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға бас сұқтым. Қолыма Ғалихан Ахметовтің «Үкілі Ыбырай» атты романы түсті. Ауыл-ауылды аралап серілік құрып жүрген Үкілі Ыбырай бірде ойын-той болып жатқан ауылдағы бір үйдің үстінен түседі. Осы оқиға жайлы жазушы кітабынан мына бір әңгіме үзіндісін жазып алғанмын: «…Қысқа ғана аман-саулықтан соң, кенеттен әнге басып жіберген. Бұл бозбала ән салмаса, тіпті жер бетін басып жүре алмайтын сияқты. Қазақ баласына тән әсем, қоңыр дауыс. Тыңдаған сайын құлаққа жағып барады. Жаққаны былай тұрсын, көңілді баурап, жүректі лүпіл қақтырғанын қайтерсің?! Хакиманың шабыты лап ете тұтанып, өзі де әнге басып жібергенін аңдамай қалғаны. Екеуі қосылып, ал келіп аңыратсын… Ғұмыр бойы екеуі қосылып әндеткендей-ақ?!

– Беу қарындас, лебізің әләмат екен! Сегіз жәннат ұжымақтың нақ төрінен жеткен сарынға ұқсаттың ғой!

Қыз ештеңе дей қоймағасын, оның жүзіне назарын мықтап салды. Әдемі-ақ екен! Нені болса да ірікпей, төтесінен айтып салатын мінезіне басып:

– Дос-жар болуға жарайтын жанбысың өзің, серіге серік боларлық қауқарың бар ма? Маған еремісің, беу құрбым? Бай-бағланның тұқымы емеспін. Шен-шекпенді көкелерім де жоқ. Батыр да, палуан да емеспін. Әуесім – ән сүйем, жыр сүйем. Арман қуған жүрегім бар. Сол жүрек шіркін өз теңін іздеп аласұрады. Теңін тапса, арман қуып мұратына жетпек…

Хакима аңырды да қалды. «Теңім екені рас емес пе? Нұрлы жүзі анау. Мейірім төккен жанары бар, бал татыған сөзі бар. Қарақан басыңды қадірлейтін құрбы-құрдас ғой қыз баланың іздейтіні. Алақанға салып, мәпелеп өтемін деп тұрғандай емес пе?» Хакима осы ойларымен кідіріп тұрғанда әлгі жігіт:

– Бердің бе сертіңді, берсең жолыңа жаным құрбан, – деп сақ еткен…»

Міне, Үкілі Ыбырай мен Хакиманың кездесуі осылай басталады. Енді Ыбырай қыз ауылына келуді жиілетеді. Екі өнерпаздың көңілдері жарасқан еді. Пәк сезімнен ғажайып ән туды. Ән болғанда қандай! Өзі ақын, өзі сазгер, сал-серілердің соңғы тұяғы Ыбырайдың бұл әні ғасырдан ғасыр аттап, күні бүгінге жетіп отырған «Гәкку» болатын. Оқырманның бір кәдесіне жарар, сол «Гәккудің» мәтіні мынадай:

– Аралап талай жердің дәмін таттым,

Құс салып айдын көлге дабыл қақтым,

Айта алмай «Гәккуімді» ешбір адам,

Мамырлап қоңыр қаздай баяулаттым.

Құбылтып тоқсан түрлі ән саламын,

Ән салсам құлашымды кең аламын,

Түскенде сен есіме ерке Гәкку,

Құлпыртып осынау әнді толғанамын.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, шындығында «Гәкку» әні ешқандай әнге ұқсамайды, әсіресе, қатпар-қатпар қайырымдары толқындап келіп, иіріп әкетеді. Әрбір қатардың еш ақауы жоқ, гармониялық шебер үйлесім тапқан. Тұнып тұрған керемет ырғақ.

Әнді «Гәкку» деп неге атады екен? Себебі, ғашығын Хакима демей, Гәкку деп еркелетіпті. Бірақ, ол заманда қазақ қыздары атастырылып, сүйгенінен ажырап кете барған ғой. Өзі көрікті, өзі ақылды, бір қауым жұртты әсем әнімен баураған қайран Хакиманың тағдыры да осыдан аса алмаған.

Өнер зерттеушілердің пайымдауынша сазгер «Гәккудің» көп түрін шығарған. Мына ауылға келсе бір «Гәкку», ана ауылға барса басқа «Гәккуді» айтыпты. Бізге «Гәккудің» 5 түрі жеткен. 1927 жылы Сәкен Сейфуллин Көкшеге келіп, «Көкшетау» поэмасын жазарда Сәбит Мұқановты шақырып алып: «Осы төңіректе ақын, әнші-композитор Үкілі Ыбырай деген кісі бар көрінеді. Соны алдыр» дейді. Сәбит ағасының тапсырмасын орындап, Үкілі Ыбырайды алдырады. Сол кезде жетпіс жасқа келіп қалған Ыбырайдың әндерін тыңдаған Сәкен риза болып: «Әттең, жасырақ кезінде кездескенімде ғой» депті.

Айта кетуіміз керек, Үкілі Ыбырай Кеңес үкіметін мойындамаған. Жүргізген саясатының теріс жағын өлең жолдарына түсіріп, әшкерелеген  көрінеді. Сол себепті үстінен арыз түсіп, абақтыға қамалған ол жоғарыда айтқандай «халық жауы» саналып, 1931 жылы атылып кетеді.

Әнші, өнер зерттеуші Ерлан Төлеутайдың айтуынша Ыбырайдың көзін көріп, кейін өмірі мен шығармашылығын зерттеп, жоғары бағалаған Сәбит Мұқанов. Мұнан соң Кәкімбек Салықов екі әнін әкеліп Қайрат Байбосыновқа береді. Жалпы Үкілі Ыбырайдың әндерін орындап, оны жалпақ жұртқа жеткізген Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосынов. Оның «Жиырма бес» «Сұлу Көкше», «Толқын», «Шалқыма», «Қызыл асық», «Қалдырған», тағы басқа әндері аракідік айтылып жүр.

Үкілі Ыбырай қырық шақты ән шығарған дейді. Біршамасы Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағында нотаға түскен. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі, біздің мақаламызға арқау болғаны – «Гәкку». Біраз әншілер әнді орындаған, қазір де орындап жүр. Олар – Нұржамал Үсенбаева, Ардақ Исатаева, Айгүл Қосанова, Қарақат Әбілдина, Перизат Тұрарова, Анаргүл Сенбекқызы, Ерлан Рысқали, т.б. Бірақ, Күләш Байсейітованың орындауы бөлек ғой. Күләштің «Гәккуі» алтын қорда сақтаулы.

Мақаламыздың басында тоқталғанымыздай ол – «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің ариясы.

Енді Күләш апамыздың өмірдерегін қысқаша баяндайық: Күләш Жасынқызы (азан шақырып қойған есімі – Күлбаһарам) 1912 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында туған. Әкесі Жасын етік тігіп, домбыра тартқан. Ойын-тойда ән салған деседі. Анасының есімі – Зибажан. Кейінірек жұбайымен келіспеген Зибажан екі қызын ертіп, Алматыға келеді. Қиын кезең. Әбден тарыққан анасы Күләшті мектеп-интернатқа береді. 1929 жылы қазақ театры Қызылордадан Алматы қаласына көшкенін білеміз. Мектеп-интернаттағы көркемөнерпаздар үйірмесінде ән салып жүрген Күләшті алғаш көрген театрдың белгілі актері Серке Қожамқұлов екен. 1930 жылы Күләш статист ретінде ең аз жалақымен театрға жұмысқа тұрыпты.

Замандастары мен оның көзін көргендерден тірнектеп естеліктер жинастырып, «Бұлбұл» атты кітап жазған журналист Сара Ләтиева мынадай бір оқиғаны келтіреді. Режиссер Жұмат Шаниннің «Шахта» деген пьесасы қойылатын болып, афишалар ілініпті. Бір күн қалғанда Зейнеп деген қыздың рөлін ойнайтын Жанбике Шанинаның тамағы ауырып, дауысы шықпай қалады. Билеттер сатылып қойылған. Енді не істеу керек, режиссер қатты сасады. Сонда Күләш:

 – Ағай мен ойнайын, – дейді.

 – Сен қалай ойнайсың, еш дайындығың жоқ…

– Жоқ ағай, сөздерін дайындық кезінде тыңдап жүріп, жаттап алғанмын.

– Мезансценасын білесің бе?

– Білемін.

– Онда тәуекел, кеттік, – дейді амалы таусылып тұрған режиссер. Күләш рөлді жақсы ойнап шығады. Бұл театр сахнасына алғашқы шығуы еді.

Мұнан соң, Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліштің бейнесін сомдайды. 1933 жылы белгілі актер-әнші Қанабек Байсейітовпен бас қосады. Осы жылы музыкалық студия ашылып, бірнеше әнші-актер драма театрдан бөлініп шығады. Арасында Күләш та бар. 1934 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағы беріледі.

Өзінің қысқа ғұмырында 21 образ жасапты. Тұңғыш рет қазақ артистерінің ішінде симфониялық оркестрге қосылып ария орындаған да Күләш Байсейітова екен. Ол «Шұғадағы» Шұғаның, «Еңлік-Кебектегі» Еңліктің, «Айман-Шолпандағы» Айманның, «Ер Тарғындағы» Ақжүністің, «Біржан-Сарадағы» Сараның және бірнеше шетел классиктерінің операларындағы басты партияларды тыңдармандарға опера тілімен шебер жеткізген.

Күләштің бағына, жалғыз Күләш емес-ау, Қазақстандағы білім мен мәдениеттің бағына басшылыққа келген Темірбек Жүргенов орасан зор жұмыстарды қолға алады. Өнер ұжымдарының басын біріктіріп, артистер мен актерлердің, ақындар мен жазушылардың шығармашылығы мен тұрмыстық жағдайына мән береді. Жаңадан мектептер салдырып, институттар ашады. Осы күнгі Абай атындағы опера және балет театрының іргетасын қалайды. Кәсіби білімі болмаса да, Күләш Байсейітова туа біткен талантының арқасында жұлдыздай жарқырайды. «Қазақтың бұлбұлы» атанады. Темірбек Жүргенов 1936 жылғы Мәскеуде өтетін өнер онкүндігіне дайындықты өз дәрежесінде ұйымдастырады. Кеңестер Одағының астанасына музыкалық театр болып барып, Қазақтың опера театры болып, үлкен абыроймен елге оралған.

Отан соғысы жүріп жатқан жылдары Қазақстанның бірнеше өнер қайраткерлері майдан шебіне барып, жаумен қиян-кескі шайқасып жатқан әскерлердің көңіл-күйі мен рухын көтеру мақсатында концерттер берген. Күләш Байсейітова да бұл шарадан шет қалмапты. Жүк машинасымен келе жатқанда кенеттен көктен жау самолеті шыға келген. Артистер машинадан түсе орманға қарай бытырап қаша бастағанда, қорыққаннан болар Күләш немере ағасы болып келетін Манарбек Ержановтың етегінен ұстай кетеді. «Күләш-ау, бөлек қаш, ең болмаса екеуміздің біреуіміз тірі қалайық та» десе де айырылмаған. Сол күйінде қосақтаса жүгіріп бара жатады. Осы сәтте машинаға бомба түседі. Көретін жарығы бар, екеуі де аман қалыпты.

Соғыстан кейінгі жылдары Күләштің өмірінде шарықтау да, шырғалаң да кездескен. Көреалмаушылық та, қызғаныш та аз болмаған. Бұл тағдыр ғой, тәптіштеп жатпай-ақ қояйық. Бірақ Байсейітованың екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанын, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутат болғанын айту орынды шығар. Мұның үстіне Дүниежүзілік бейбітшілікті сақтау комитетінің, сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі болғанын да жаза кету артықтық етпес. Қырық бес жыл ғана өмір сүрсе де қазақтың өнер көгіне сөнбестей сәуле шашып кеткен қоғам қайраткері, бұлбұл әнші Күләш Байсейітова 1957 жылы Мәскеудің қонақ үйінде жүрек талмасынан көз жұмған.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<