Халқына қызмет қылған қайраткер

1005

0

ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ даласындағы белгілі әулеттердің бірі – Лапиндер десек, қателеспейміз. Сыр бойындағы Мұңайтпас би Лапыұлынан өрбіген әулет ХХ ғасырда тек қазақ ғана емес, Орта Азиядағы барша түркі халықтарының саяси, білім мен мәдени өмірінің дамуына өзіндік үлесін қосты. Мұңайтпас бидің балалары сол кезеңдегі Ресей империясының жоғары оқу орындарында еуропаша білім алды.

Солардың бірі – Серәлі Мұңайтпасұлы. Ол – 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысының 4-ауылында (қазіргі Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылы) дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан білім алып, кейін Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын аяқтайды. Ол – 1889-1891 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетін тәмамдаған алғашқы қазақтардың бірі. Студент кезінде Санкт-Петербург қаласының ғылыми ортасымен де тығыз байланыста болды. В.Бартольдпен Түркістан өлкесінің тарихы мәселесі төңірегінде пікір алмасып тұрды. С.Лапиннің жариялаған еңбектері сол тұста империя астанасы ғалымдарының арасында қызу талқыға түсті. Оның 1895 жылы жарық көрген сөздігі Ресей шығыстану ғылымындағы жаңа мектептің негізін салушы Виктор Романович Розеннің ілтипатына ие болды.

1892 жылдың ақпан айынан бастап Серәлі Самарқан облыстық сотында тілмаш қызметін атқарады. Орыс шенеуніктерінің жанында әбден аудармашылыққа төселген ол Самарқанд облыстық губернаторының бұйрығымен 1893 жылы әскери-губернатор жанындағы іс-қағаздар аудармашысы қызметіне қабылданады.

Осындай лауазымды қызметте жүрген, елінің арасында қоғам қайраткері ретінде танылған Серәлі Лапин еңбегі жоғары бағаланып, III Александр патшаның құрметіне шығарылған күміс медальға, Бұхар әмірінің тарапынан түрлі сый-құрметке ие болған. Атап айтқанда, бірінші жалпыресейлік санаққа қатысқаны үшін қола медальмен, Бұхара әмірінің үшінші дәрежелі «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталады.

1896 жылдың 28 тамызынан бастап ол Түркістан өлкесі басқармасының бастығы Самарқан облысы бұйрығы бойынша Керк және Бұхара Түркістан округі әскери қолбасшысының жол көрсетушісі қызметін атқарды. Самарқан облысының әскери губернаторы оны Ферғана және Сырдария облысына  аудармашы ретінде іссапарға жібереді. Жоғары мәртебелі әскери ведомостваның бұйрығы бойынша 1898 жылдың 11 қазанында жақсы қызметі үшін оған коллеждік регистратор атағы беріледі.

Серәлі Лапин Түркістан өлкесі жоғарғы басшылығының бұйрығымен 1899, 1900 жылдары жергілікті (Түркістанның) оқушы жастарға жетекшілік жасап, оларды Ресейдің оқу орындарына апарады. Түркістандағы ресми қызметтерінен өз еркімен №55 бұйрыққа сәйкес босатылады.

Ресми қызметтерде жақсы атақтар алып, үлкен құрметке ие болған ол одан кейінгі кезеңдерде ағартушылық, адвокаттық жұмыстар атқарып, ғылыми-зерттеумен айналысады.

С.Лапин Түркістан өлкесінде қазақ мектебін ашуға араласты.                                1900-1904 жылдар аралығында «Туркестанские ведомости» және «Оренбургский листок» газеттерінде қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. түрік ұлттарының атауларын танытқан мақалалар жариялап және дұрыс қолдану жөнінде мәселе көтереді. 1893-1894 жылдары Орта Азияға ғылыми мақсатпен келген академик В.Бартольд, Н.Веселовский Лапиннен түркі тілдері бойынша дәріс алады. 1916 жылғы Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген жергілікті халық өкілдерін (қазақ, қырғыз, өзбек) ақтауға қатысуы Лапиннің заң қызметіндегі үлкен еңбегі саналды.

Ол араб, парсы, т.б. шығыс тілдерін жетік білген. Гур-Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштердегі арабтың көне емлесімен өрнектелген жазуларды оқыды, оларды орысшаға аударып, ғылыми айналымға косты. Жәдігерлердің тұрғызылған уақытын, Регистан ансамбліндегі Ширдор, Тіллә-Қари медреселерін Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын анықтап,                  «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дастандарының  парсы  тіліндегі қолжазбаларын тауып зерттеді. Серәлі ауызша тәржімалаған Фирдоусидің «Шаһнамасын» ақын Молда Ораз қазақша жырлаған. Ол орыс-түзем (қазақ) сөздігін құрастырып, оны 1900 жылы жариялайды.   1913 жылы мұсылмандар қаржысына Санкт-Петербургте салынуға тиісті мешіт құрылысына өзінің қомақты үлесін қосады.

1917 жылғы Ресей империясындағы Ақпан төңкерісінен кейінгі саяси оқиғалар Түркістан өлкесінде ұлттық сананың оянып және ұлттық бірігудің өсуіне жәрдем береді.

М.Шоқай өз естеліктерінде Түркістан өлкесінде қоғамдық-саяси ұйымдардың Ақпаннан кейін бірден құрыла бастағанын және бір ғана Ақмешітте осындай үш ұйымның жұмыс жасағанын жазады. Оның біріншісі Ерәлі Қасымұлы жетекшілік ететін Ақмешіт қалалық ұлттық кеңесі,  екіншісі – Серәлі Лапин жетекшілік ететін Ақмешіт аудандық халық өкілдерінің кеңесі, үшіншісі – Хұсан Ибраһим басшылық жасайтын Ақмешіт жұмысшы солдат депутаттарының кеңесі.

1917 жылдың қарашасында Қоқанда тарихқа өлке мұсылмандарының ІV төтенше құрылтайы деген атпен енген жиын өтеді. Құрылтайға Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана, Жетісу облыстарынан 200-ден астам делегат қатысады. Осы жиында Түркістан автономиясының және Түркістан мұқтариятының Халық кеңесі сайланады. Төрағалық қызметіне Серәлі Лапин, кеңес басшылығы құрамына Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмұтқожа Бехбудилер сайланады.

Серәлі Лапин 1918 жылы 17 қаңтарда өлкелік Халық Комиссарлары кеңесіне жолдаған мәлімдемесінде Қоқандағы Түркістан автономиясы мен Ташкенттегі Кеңес өкіметі арасындағы текетіресті бейбіт жолмен шешуді көздеді. Алайда большевиктер Қоқан автономиясын қарулы күшпен құлатқаннан кейін, саяси күресті жалғастыру үшін әуелі Бұхар Әмірлігіне өтеді. Кейін Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарын қайтарумен шұғылданатын неміс комиссиясының көмегімен Германияға барады. Онда неміс әскерлерінің көмегімен Түркістандағы Кеңес билігін құлату жолында Германия үкіметі басшыларымен келіссөздер жүргізу мақсатында әрекеттер жасайды. Олардан қолдау таппаған соң, 1919 жылы Самарқан қаласына оралып, белгісіз жағдайда дүниеден өтеді. Өзбек халқы үлкен құрметпен атақты Шаһи Зинда кешеніне жерлейді.

Серәлі Лапиннің жары Зухра – Самарқанның көрікті аруларының бірі, губерниялық хатшы Нұрмұхамед Ахмеровтің қызы. Ол  тағдырын өз заманының  зерделі, көреген тұлғасымен байланыстырған еді. Серәліге  тұрмысқа шығып, 1893 жылдың 19 қарашасында отбасында Рабиға, одан кейін 1895 жылдың 15 наурызында екінші қызы Рахиля, 1896 жылдың 3 қазанында Мір-Әлішер атты ұлы дүниеге келеді. Балаларының барлығы империя астанасы – Санкт-Петербург қаласында еуропаша білім алады. Зухра Түркістан өлкесінде Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де қоғамдық-саяси жұмысының асқынуы мен құлдырауын басынан өткерген Серәлінің жанынан табылды.

Тұңғышы Рабиға Серәліқызы Лапина-Асфендиярова Павлов атындағы асыл текті қыздар институтында оқып білім алады. Сәулет өнерін, түркітану, заң ғылымдарын тереңдеп оқиды. Сонау Ресейде тағдырдың жазуымен Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясының студенті Санжар Асфендияровпен танысып, бірнеше жылдан кейін оған тұрмысқа шығады. Түркістан денсаулық сақтау халық комиссары, Түркістан Республикасы Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі және Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры және Н.Нариманов атындағы Мәскеу шығыстану институтының ректоры қызметтерін атқарған Санжар да саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы жазықсыз атылады.

Сталиндік зұлматтан Рабиға да құтыла алмады. Халық жауының әйелдеріне арналған АЛЖИР лагерінде жазасын өтеді. Әрбір әйел күйеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Рабиға да барлығымен бірге  лагерьдің сұмдықтарын бастан өткерді. Тек сегіз жылдан кейін бостандыққа шыққан. Халық жауының жары ретінде үлкен қалаларда тұруға тыйым салынғандықтан, Алматыға қайта оралмады. Өзбекстанда анасымен бірге тұрып, 1954 жылы  асыл жары Санжардың ақталғанын көре алмай, асқазанның қатерлі ісігінен дүниеден өтеді.

Серәлі Лапиннің кенже қызы Рахиляның өмірі белгісіз. Ташкентте оқып, тұрмысқа шыққан ол  өте  келбетті болыпты, соңында перзент қалмаған.

Серәлінің ұлы Мір-Әлішер 1906-1912 жылдар аралығында Санкт- Петербургтің Царское селосындағы Левицкая атындағы жеке гимназияда бастауыш білім алады. 1912 жылдың күзінде К.Май атындағы реалды училищесінің бесінші сыныбына оқуға түсіп, 1914 жылдың қыркүйек айында бітіреді. Алаш қайраткері Міржақыптың қызы Гүлнар апамыз Мір-Әлішер туралы мынадай мәліметтер келтіреді: «Мир-Али-Шер 1929 жылы Қызылордаға туыстарына келгенде түскен суретінде отызды еңсергендей көрінеді, өте сымбатты түрі бар. Келіншегі француз қызы Тереза… Оның өмірі Алматыда өтіпті, осы қалада қайтыс болыпты».

Осылайша ХХ ғасыр басындағы Ресей империясындағы болған ірі саяси төңкерістер, одан кейін билікке келген Кеңес үкіметінің әкімшіл-әміршіл жүйесі Серәлі Мұңайтпасұлының саяси өміріне ғана емес, отбасы тағдырына әсер етті. Былтыр облыстық музей қызметкерлері мен жергілікті БАҚ өкілдерінің  арнайы  ұсынысымен  қызыл террордың құрбаны болған Серәлінің әкесі Мұңайтпас бидің жерленген жеріне туыстары арнайы белгі қойып, ас беріп рухына құран бағыштады. Қазір осы әулетке тиесілі құнды жәдігер Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясына қойылған.

Биыл Серәлі Мұңайтпасұлының 155 жылдығы республика бойынша аталып өтпек, осы орайда тарихи тұлғаны туған жерінде жоғары деңгейде ұлықтау парызымыз болмақ.   

Гүлзира ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,

«Ақмешіт» музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<