Облыс туындағы тарихи орден

392

0

1967 жыл облысымыз үшін тарихи маңызға толы жылдардың бірі болды. Осы жылы 21 тамызда Қызылорда облысы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының  Жарлығымен облыс еңбекшілерінің шаруашылық және мәдени құрылыстағы жетістіктері үшін «Ленин» орденімен наградталды. Бұл Қызылорда күрішшілер мен малшылардың, химиктер мен теміржолшылардың, құрылысшылар мен балықшылардың, су мамандары мен автомобилистердің, бір сөзбен айтқанда, жұмысшылар мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің, интеллегенция еңбектерінің жоғары бағалануы еді.

Даңқты оқиғаға байланысты барлық жерлерде – кәсіпорындарда, әрбір колхоз бен совхозда, алыстағы мал жайылым жерлерде, балық аулау кәсіпшіліктерінде Отан игілігі үшін өздерінің күш-жігерін жұмсаған облыс еңбеккерлерінің қарапайым еңбектерін жоғары бағалағаны үшін Коммунистік партияның орталық комитетіне, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумына және Кеңес үкіметіне алғыс сезімін білдіру мақсатында митингтер мен жиналыстар өткізілді.

Кеңес үкіметі жылдарында Қызылорда облысы алып адыммен ілгері басты. Химия кәсіпорындары, былғары аяқкиім, тігін-тоқыма, полиграфия, металл өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсіп орындары құрылды. Облыста еліміздегі ірі «Аралсульфат» комбинаты жұмыс істеді. Жоғары механикаландырылған кәсіпорын орнады, ол тәулік сайын 50 вагоннан астам қалталанған тұз шығарды.

Теміржол транспорты облыс халқы шаруашылығының маңызды және ірі салаларының бірі болды. Облыстың теміржолшылары жыл сайын халық шаруашылығы жүктерін тасымалдауды ұлғайтты, еңбек өнімділігін арттырды.

Арал бассейнінде шоғырланған балық өнеркәсібі облыстың өнеркәсібінен елеулі үлес алды. Мұнда үш мыңнан астам балықшы, 500 инженер-техник қызметкерлер еңбек етті. Арал балықшылары жыл сайын елімізге тонналаған балық өнімдерін жіберіп отырды.

Құрылыс индустриясы кең өріс алды. «Риссовхозстрой», «Қызылордасельстрой», «Қызылордаводстрой», «Қызылордастрой» трестері 1966 жылы 27 мың  шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді.

Қызылорда ет комбинатының іске қосылуы да облыс өнеркәсібінің ірі жетістігі болды. Шетелдік жабдықтармен жарақталған жаңа ет комбинатының іске қосылуы өндіріс саласын механикаландыруды жеделдетті.

Ал облыс өнеркәсібінің алыбы – целлюлоза-картон комбинатының салынуы аймақ өнеркәсібі дамуының серпінді қадамы болды. Жартылай  целлюлоза пісіріп шығаратын целлюлоза қауызының алғашқы пісірілуі 1964 жылы 5 қарашада алынды. Бұл Қызылорда облысының халқы, бүкіл комбинат ұжымы үшін мерекелік күнге айналды. Осылайша, Қазақстан қағаз өнеркәсібінің тұңғыш целлюлоза-картон комбинаты іске қосылып, бағалы өнім ретінде қатырма қағаз қораптарын шығара бастады.

Күрделі құрылыс, суландыру жүйелерін дамыту өрістетілді. Көптеген гидротехникалық құрылыстар салынды, үш мың шақырым суландыру каналдары пайдалануға берілді. 1940 жылы салына бастаған «Қызылорда» су торабының құрылысы 1945 жылы қайта басталды. Ұзындығы 200 шақырымнан астам Солжаға басжарманың бірінші кезегі пайдалануға беріліп, суландырылған жер көлемі жедел өсті.

Қызылорда аймағы еліміздің аса ірі күріш егетін облыстардың біріне айналды. Жоғары сапалылығымен көзге түсетін товарлы күріштің бестен бір бөлігін беретін аса ірі өлке болды.

Облыстың ауыл шаруашылығының бейнесі танымастай өзгерді. Егіспен қатар облыста мал шаруашылығы іргелі, басты кәсіп болып келді. Колхоздар мен совхоздар жоғары механикаландырылған шаруашылықтарға айналды.

Мұның өзі күрішті, етті, жүнді, қаракөл елтірілерін және басқа мал шаруашылығы өнімдерін барған сайын көп өндіруге мүмкіндік берді.

Халық шаруашылығы мен мәдениетті өркендетуде күрделі табыстарға қол жетіп, өнеркәсіп еңбеккерлері жалпы өнім шығарудың жартыжылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындады.

Үкіметтің жоғары наградасы Қызылорда облысының еңбекшілерін еңбекте жаңа ерліктерге жетуге жігерлендіре түсті. Үлкен награда зор міндеттер жүктеді.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<