Өрнекте де өмір бар

1089

0

Әжімбет ұста туралы білеміз бе?

Өнер – тәңірден келген сый. Қалай сый демессің, «ағаш ұстасы Әжімбет Қарайғырұлының бабалары ұсталықты кәсіп еткен» деген дерек жоқ. «Тәңір жіберген ісмер адам» деп халқы оны ерекше құрметтеген. Неге десеңіз, ағашты әдемі майыстыра білген ұсталығымен қатар, металдың қыр-сырын меңгерген, асыл тастардың сырын оқи білген зергерлігі болған. Оған музей қорында сақтаулы ағаш жиһаздар мен зергерлік бұйымдар дәлел.

Әжімбет ұстаның әр туындысынан халықтың тұpмыстық болмысын, дүниетанымын көруге әбден болады. Шебеpдің қолы тиген әp бұйым көне заманнан келе жатқан дәстүpдiң жалғасы, қазақ халқының ұлттық мәдениетiнiң белгiсi iспеттi. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залында орналасқан асадалға тіл бітсе, біраз тарихтан сыр шертетіні анық. Тамақ және ыдыс-аяқ сақтайтын үй жиһазы өте шебер жасалған. Жиһаздың бұл түрі кебежеге қарағанда биіктігімен ерек, қазіргі шкаф не буфет формасына келеді. Бүгінде  қолданыста жүрген үй жиһаздары қайта жаңғыртылған ескі дүниелер десек, артық айтқанымыз емес. «Асадал» сөзінің этимологиясы «ас» және «адал» сөздерінің бірігуімен байланысты, яғни «астың адал болуы», «астың адал һәм таза сақталуы» сынды ұғымды білдірсе керек. Асадал – түркі халықтарының арасында кең тараған жиһаз.

Бұл мүлікте ұстаның тал бесіктен жер бесікке дейінгі басынан өткерген өмірі ою-өрнектер көмегімен суреттелген. Ерекшелігін Қазақ ССР-нің Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков Сыр өңіріне келген бір сапарында байқап, қызығушылық танытқан. Сол кездегі музей қызметкерлерінің дерегінше, Өзбекәлі аға  асадал бетіндегі ою-өрнектерге сипаттама берген. Ұстаның әрі халық белсендісінің балғын балалық шақтан егде тартқан кезіне дейінгі қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмір жолын ою-өрнектер тілімен баян еткенін және мұндай жиһаздың қазақ даласында өте сирек кездесетінін айтыпты. Бұл қазіргі уақытта елімізде сақталған басқа асадал түрлеріне ұқсамайды, өзіндік пішіні және ою-өрнектерімен ерекшеленеді. Қазақ өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімов Сыр өңірінде болған бір сапарында музейге ат басын бұрып, сирек кездесетін жәдігерге таңданыспен қараған. Асадал екі бөліктен тұрады: негізгі бөлігі және жүкаяғы. Негізгі бөлігінде ашпалы екі есігі және ішкі бөлігінде екі сөресі бар. Ал, жүкаяғы тартпалы. Асадалдың маңдай тұсына өсімдіктектес оюлар ойылып, қазмойын өрнектер өз нақышын тапқан. Жиһаздың бет жағы, яғни қос есігінде қауызын жарған жауқазын, үшгүл, өткізбе, ағаш тәріздес оюлар алма-кезек бедерленіп, жиектері космогониялық өрнектермен безендірілген. Ою-өрнектердің бір-бірімен дәл осылай қиылысуы, үйлесуі, шебердің ұсталық өнерінің деңгейін көрсетеді. Асадалды жасау барысында ақ, қара, қызыл және сары түстер пайдаланылған.

– Асадал – асқан шеберлікпен жасалған туынды. Үйге келген қонақтың қызықпайтыны, қызықтамайтыны болмайтын. Бетіндегі ою-өрнектің арты айнамен әрленген. Бала күнімізде жүзімізді көріп, мәз-мейрам болатынбыз, «айнаны қалай орналастырған?», «бүтін ағаштан жіңішке өрнектерді қалай өрген?» деп әжеміздің мазасын талай алатынбыз, – дейді шебердің жиен немересі  Айымкүл Тасмағамбетова балалық шағына ойша саяхат жасап. – Бетіне түскен бояудың орны бір бөлек, алғашқы он жыл бойы асадал түнде жарқырап жанып тұратын, тіпті аталарың жасаған киіз үйдің сүйектеріне дейін боялған еді, қараңғыда шамсыз-ақ аяқжолды көруші едік дейтін Байсұлу әжем, – деп тебірене еске алды.

Расында, асадалдың қос есігінде айна сынықтары сақталған. Айнаны есікке бүтіндей орнатып, артына тақтай қаққан. Уақыт өте келе жылтыры кетіп, құр шыныға айналған. Қазір арагідік оюлардың арасынан шынылар сығалап, кезінде айна болғанын айтқысы келетіндей. Астыңғы бөлігінде ғана айнаны ұстап тұру үшін қағылған тақтай сақталған. Бояудың да өзіндік тарихы бар. Әжімбет ұста сыршыны алыстан арнайы алдырған екен. Музей қорындағы асадал да, сандық та, адалбақан да сіркелеу әдісімен боялған. Айымкүл апаның айтуынша, анасы Мәулекеш күн жылығанда әкесінің бүкіл дүниесін далаға шығарып, жуып-шайып, майлап, қайта кіргізетін болған.

– Музейге Әжімбет Қарайғырұлының дүниесін өткізген қызы Ұлмаш апамыз еді. Ұлмаш апа сүйекті, кең иықты, қажырлы, ер мінезді келетін. Жалпы, біздің әулеттің қыздары ер адамға бергісіз, әкелеріне ұқсап бітім-болмыстары ерек, сом сүйекті, ірі мінезді, – дейді Айымкүл апа ойға шомып.

Деректерге сүйенсек, асадал музей қызметкерлерінің экспедициясы кезінде Әжімбет ұстаның қызы Ұлмаш Балымбетованың қолындағы келіні Рысбике Сүйімбаевадан 1989 жылы алынып, музей қорына сол жылдың 27 қазанында аға ғылыми қызметкер Салима Малимова өткізген.

– Асадал  анам  Мәлеукештің үйінде болған. Апасы дүние салған соң сіңлісі Ұлмаш ағаш жиһазды өз үйіне алдыртады. Уақыт өте келе, мүлік сарайға шығып қалып, Ұлмаш апамның ұлдары темір-терсек салуға пайдаланған», – дейді Айымкүл апа. – Қалаға бір келгенімде музейге арнайы соғып, атамның асадалын көріп кеткенім бар. Сонда музей қызметкері жәдігерді экспозицияға қоймас бұрын майдан әбден тазартқанын айтты. Біздің ұлдардың көліктің майланған темірлерін сақтауға қолданғанын айтып, ата мұрасының қайта жаңғырып, халық назарына қойылғандығына бір қуанып қайтқаным бар, – дейді апа әңгімесін жалғастырып…

2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген реэкспозициялық жұмыстар нәтижесінде асадал музейдің «Этнография» залы төрінен орын алды. Қояр алдында экспонат тазартылып, толық реставрациядан өткен.

– Асадал ас үйде тұратын. Ішіне ыдыс-аяқ жинайтынбыз, қант-тәттілер сақтайтынбыз. Ал, астыңғы бөлігінде қырағы көзге ғана көрінетін сөресі болатын, анам онда қалтаға салынған құрт сақтайтын, – дейді Айымкүл апа өз естеліктерінде.

Қызық, иә… Музей төрінде тұрған асадал бүкіл бір әулеттің шежіресін, сол бір заманның тарихын ішіне бүгіп тұрғандай, жан бітсе, талай сырды ақтаратындай болады да тұрады.

Әжімбет ата Құдай қосқан жарларына сандықтар жасап берген. Бірінші жары Алтын әжейге арнап жасаған сандығы Сексеуілдегі немересі Әбілтайдың үйінде сақтаулы. Екінші жары Қанымшаға жасаған сандығы Ұлмаш апаның үйінде тұр, ал үшінші жары Байсұлуға жасаған сандығы музей қорында сақтаулы. Кейін Әжімбет атаның қыздары тұрмыс құрғанда жасауларына әкесі жасаған дүниелерді қосқан деседі.     

Музей қорындағы сандық – әдемі дүние. Көздің жауын алады. Сандықтың ұзындығы – 86 см, ені – 39 см, биіктігі – 42 см. Қос бүйірінде екі темір тұтқасы (6х10 см) бар. Сандықтың беті екіге бөлініп, симметрия сақталып өрнектелген. Үшгүл, өткізбе, ағаш, шимай тәріздес оюлар күрделі техникамен ойылып, бір-бірімен астасып, қабысып, әдемі композицияны берген. Алма-кезек бедерленген оюлар көз майын тауысатындай шеберлікпен жасалған. Оюлар құдды сандықтың бетіне шығып, шыр айнала билеп жатқандай әсер қалдырады. Сандықтың жиектері космогониялық өрнектермен безендірілген. Ақ, қара, қызыл және сары түстер қолданылған. Аяқтарының өзі ою-өрнек формасында жасалып, ойылып-бедерленген. Жүкаяғының өзі – бөлек көркем дүние. Ұзындығы – 85х91 см, ені – 47 см, биіктігі – 33 см. Алдыңғы қос аяғы және жиектері өсімдіктектес өрнектермен әрленген. Қызығы, екі аяғында гүл өрнегі асимметриялы салынған. Бір аяғында вертикалды өрілсе, екіншісінде гүлдер горизонтальды көрініс тапқан. Бүйірінен және астыңғы бөлігінен қосымша симметриялы ою-өрнек қабыса ойылған. Жүкаяқтың беті үшгүл, тал сынды өсімдіктектес ою-өрнектермен ойылған. Қазақ халқы өсіп-өнсін, көктеп-көгерсін деген тілекпен өсімдіктектес өрнектерді жиі пайдаланған. Әр өрнектің жиегі ақ бояумен сіркеленіп боялған.

Әжімбет Қарайғырұлының қолынан шыққан сандық ХХ ғасырдың басына тән. Сандықты музей қорына 1982 жылы 8 маусымда кіші ғылыми қызметкер Роза Ибраева Әжімбет атаның қызы Ұлмаш Балымбетовадан алған.

Адалбақан – киіз үйдің бір бөлігі болғандықтан, оны көп жағдайда үйшілер жасаған. Ол қазақ тұрмысында бірнеше қызмет атқарған. Киіз үйдің шаңырағын көтеретін құрал ретінде пайдаланылады. Шаңырақты сол үйдің отағасы не баласы көтереді, адалбақанмен шаңырақты көтеру көлденең көк аттыға берілмейді. Үйдің ішінде адалбақан киім ілгіш ретінде пайдаланылған. Әжімбет ұстаның адалбақанында төрт бұтағы (ілгіш) бар. Ертеде ілгіштерге қару-жарақ, кейін жай киім немесе кесеқаптар, азық-түлік салынған дорбалар мен қоржындар ілінетін болған. Қазақ халқы адалбақанды таза, қасиетті мүлік санайды. Сондықтан болса керек, аяғы ауыр әйел босанарда адалбақанға сүйенеді.

Әжімбет ұста жасаған адалбақанның өлшемі 270х19 см құрайды, екі үлкен алақаннан тұрады. Басты екі бөлігіне (алақан) зооморфты қазмойын оюы бедерленген және ұзын ағашына өсімдіктектес жапырақ оюы түскен. Адалбақан жасауда ақ, сары, қызыл түстер пайдаланылған.

– Әжімбет атаның өзі жасаған 8 қанатты еңселі, биік киіз үйі болатын. Кейін Ұлмаш апаның қорасында жинаулы тұрған. Қазалы ауданының ақсақалы Бақ Байтөреев деген кісі Әжімбет ата туралы әңгімелесіп отырғанда, киіз үй керегесінің көңі түйенің көңі емес, күміс екенін айтты. Керегелерде ақ сымдар тұратыны еміс-еміс есіме түсті, кейін Ұлмаш апамыздың қора-қопсысын аударып-төңкеріп, ең болмағанда сынықты іздеп едік, таппадық. Кейін келінінің есіне түспесі бар ма, көзі тірісінде Ұлмаш апамыз ешкімнің аяғының астында қалмасын деп өртеп жібірген көрінеді, – дейді Айымкүл апа.

Әжімбет атаның қолынан шыққан музей қорындағы асадал, сандық және адалбақанды бір жиынтық деуге болады. Сандық, адалбақан және асадалдың бетіне түскен оюлар бір-біріне келеді. Жасалу техникасы, тіпті бояуларына дейін бірдей. ХХ ғасырдың басымен мерзімделеді. Осы дүниелермен бірге музей қорына өткен ұстаның тағы бір дүниесі бар. Ол – төсекағаштың маңдай бөлігі. Ел ордасында Ұлттық музей ашылған уақытта арнайы экспедиция көп экспонаттың ішінен Әжімбет ұстаның қолынан шыққан төсекағаш бөлігін алды. Қайталанбас құнды дүние қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей қорында сақтаулы. Осы дүниелерді жасауда Әжімбет ұста белгілі бір құрал-саймандарды пайдаланғаны анық. Өкінішке қарай, сол құралдар бізге дейін жетпеген. Ал, құралдарын салған қобди ұрпақтарында сақтаулы.

«Әжімбет атамыздың балта, шот, балға, т.б. еңбек құралдарын сақтаған қобдиы бар. Кезінде менің анам Мәулекештің қолында болған. Кейін Ұлмашқа көшеді, уақыт өте келе, құрал-саймандар жоғалады. Ал, қобдидың өзін Әжімбет атаның інісі Әлмағанбеттің қызы Рауаш сұрап алады. Қазіргі таңда сол отбасында сақтаулы. Бұл мүлік боялған, ою-өрнексіз», – дейді Айымкүл апа.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<