Қандырған сөзбен мейірін алқаңыздың

824

0

Бұдабай Қабылұлының мұралары терең зерттеліп, кеңінен насихатталса, жас ұрпақтың құрметі, таным-қабілеті арта түсер еді. Оның шығармаларының кең тарай қоймаған себебі – сақталып қалғаны шамалы. Пайғамбар жасы дейтін белестен асқан шағында ауылындағы әлдебір дүмше молданың сөзіне еріп, өзінде сақтаулы қолжазбаларын өртеп жіберген.

Қазір қолға тигені – ел аузынан жиналған, шығармашылығын жоғары бағалаған жандар жазып алып сақтаған, сондай-ақ кейбір әдеби мұра жанашырлары әр кезде Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына, ғылыми кітапханасына өткізген азын-аулақ қолжазбалар. «Әйекені жоқтау», басқа да өлеңдері және ақынның өміріне қатысты тартымды әңгімелер 1980-1990 жылдары «Бес ғасыр жырлайды», «Боздағым», «Айтыс», «Ел аузынан», «Әй заман-ай, заман-ай», 2004 жылы «Жеті ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілді.

Бұдабай терме, толғау, мақтау, сынау сөзге шебер. Архив бумаларында Бұдабайдың немере інісі Ордаұлы Қанжар келтірген нақты деректер бойынша ақын 1842 жылы Шиелі ауданы жеріндегі Керделі мекенінде туып, 1912 жылы 70 жасында сол жерде дүниеден өтеді. Сүйегі «Әулие тораңғыл» деген қорымда. Қазақы шежіре дәстүрімен таратсақ, Бұдабай орта жүздің Қыпшақ ұлысына жатады. Әкесі Қабыл момын, қара шаруадан шыққан адам екен. Өзі айрықша қайырымды, тақуа кісі болған көрінеді. Мәселен, осы Қабылдың мал дегенде жалғыз қара нары бар екен. Отағасы сол қара нарын жетектеп, базар күндері ауылдың ортасына шығып: «Ей, кімге қандай көлік керек? Міне, менің мына қара нарымды ақысыз-пұлсыз пайдалана беріңдер. Күші – сендердікі, сауабы – менікі!» деп айқайлап тұрады екен. Осындай қайырымды, қарапайым отбасында туып-өскен Бұдабай жасынан алғырлық пен зеректік танытып, ауыл молдасынан оқып, ертерек хат таниды. Шығыс ақындарының өлең-дастандарын қотарып оқи бастайды. Өзінің де он төрт, он бес жасында өлеңшілік, ақындық әуестігі байқалып, ауыл-үй арасындағы той-томалақтарда қыз-қырқынға әзіл айтып, айтысып жүреді. Ел ішіндегі аңыздарға қарағанда, оған өлең жастай қонған тәрізді. «Көп сөйлемейтін, бұйығы өскен жас бірде ұйықтап жатса, түсінде бір ақсақал келіп, «балам, өлең аласың ба, көген аласың ба?» деген екен. Ол ойланбастан «өлең аламын» деп жауап берсе керек. Содан оянса, «тау да, тас та өлең болып көкірегінде құйылып тұрған екен» деседі. Мұндай ақындарды халқымыз «киелі, арқалы ақын» деп қадір тұтып, қастерлеп отырған. Осы жайтты Бұдабайдың: «Біз едік Бұдабайы орта жүздің» деген өлеңінен көруге болады:

– Біз едік Бұдабайы орта жүздің,

Қандырған сөзбен мейірін алқаңыздың.

Қаумалап халық басы құралғанда,

Қозушы еді делебесі арқамыздың… – дейді.

Бұдабай ескіше сауатты болғандықтан, өлеңді жазып та, айтып та шығарады екен. Өкінішке қарай, ақынның өзі дүниеден өткен соң көп ұзамай оның үйіндегі сүйек сандықта сақтаулы жатқан бума-бума қолжазбалары ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Осы оқыс оқиға жөнінде ел аузында әртүрлі жорамал бар. Соның бірі мынаған саяды. Бұдабай ақынның ауылындағы Палымбет деген қария бірде бұған келіп: «Жасың пайғамбар жасынан асып барады. Ал сен әлі күнге шейін даңғыраңды қағып, өлеңдетіп жүрсің. Шайтанның ісінен тыйылсаң қайтеді?!» деп кейістік білдіреді. Діндар, тақуа Қабылдың баласы осы әңгімеден кейін «түзу жолға» түсіп, өлеңнен қол үзіп кеткен еді деседі. Архив дерегіне түскеніне қарағанда, Палымбет молда мен ақын Бұдабайдың арасында осындай бір әңгіменің болғанына күмән келтіру қисынсыз. Әйтеуір, ақынның сандық толы қолжазбасының ұшты-күйлі жоғалып кеткені өкінішті шындық. Бұдабайдың жары Балторы ақылды, көркем әйел болған екен, үш қыз, бір ұл туған. Ұлы Бақберді ер жетіп, жігіттік жасқа аяқ басқанда қаза тауыпты, артында ұрпақ қалмаған. Бұдабайдың бір қызынан белгілі жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров туады. Ақынның өзі төрт ағайынды: інілерінің аты-жөні Ордалы, Әйтімбет, Назар. Ақынның көзін көрген көнекөз қариялар оның ұзын бойлы, етжеңді, толық бітімді, ақсары кісі болғаны жөнінде деректер қалдырған. Өзі күнделікті шаруа-тұрмысқа икемсіз, мал жинамаған, кедейторылау өмір кешіпті. Мұны оның ауқатты туыстарына қаратып жазған хаттарынан да аңғару қиын емес. Мәселен, «Мәлібекке» деген өлеңінде:

– Мәлібек болысымыз, жаздым арыз,

Көбейіп Бұдабайда кетті қарыз.

Қыз ұзатып, балаға қалың бермек –

Ата мен анасына екен парыз.

Бір келін алайын деп жүруші едім,

Соған да келмей жатыр халім нағыз.

Әр жерге өлең жаздым басты-басты,

Көбейіп қарыз-қауға, қарным ашты.

Жайымды саған айтпай, кімге айтайын,

Әрі бай, әрі болыс, әрі Шашты? – деп шағынғандай болады. Осындай ақындарды осылай сөйлетіп қойған сұм заман-ай! Жалпы Бұдабай Қабылұлының мол мұрасы бізге толық жетпегенмен, оның шығармашылығы өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарының өзінде ғалымдардың назарын аударып, ғылыми айналымға кіре бастаған. Сол жылдарда ақынның ел арасынан жиналып, жазылып алынған өлеңдері Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырылыпты. Бұл іске мұрындық болғандардың алғы сапында белгілі түрколог Ә.Қоңыратбаев тұрса, одан кейін О.Шипин, И.Жылқайдаров, М.Байділдаев, Б.Адамбаев, т.б. бар еді. Бірақ Бұдабай ақын шығармаларының толық нұсқасы тұңғыш рет 1994 жылы басылып шыққанын айтуымыз керек. (Бұдабай Қабылұлы. Шығармалары. «Мұрат-тас», 1994, Алматы).

Қазақтың айтыс өнері – өзге халықтарға бұйыра бермеген, тәңірдің ұлтымыздың таланына бере салған киелі өнер. Рас, мұндай сөз қағысы, суырыпсалмалық қасиет ежелгі грек жұртында да болғанын тарихи жылнамалар растай алады.

Ел асып, шет жұрт мұраларын атамай-ақ қоныстас, қоралас ағайындардың өнерімен теңдессек те, қазақтың суырыпсалмалық қасиеті таразы басып кететінін сала ғұламалары (М.Әуезов, С.Мұханов, Қ.Жұмалиев, т.б.) бұлтарыссыз дәйектермен сан рет сараптаған. Олардың талдауы бойынша қазақтың айтыс ақындары қай дәуірде болмасын сөз жарысы үстінде қоғамдағы әлеуметтік күйкі көріністерді ашық, бұлтартпас дәлелдерді алға тоса отырып, сынап отырған. Айтыс үстіндегі екі ақын бір-бірінің қара басындағы кемшілігін айтумен шектелмей, елдеріндегі болымсыздықтардың бетін ашып, сол арқылы қарсыласының осал тұсын көздеп, қапияда сүріндіруге ұмтылған. Мұндайда айыбын ақтар айғақпен жауап бере алмаған ақын сөзге тоқтап, жолынан жығылған. Қазақ сөзге тоқтады, уәжге бас иді деп осыны айтқан.

Бұдабай да айтыс дегенде шашасына шақ жұқтырмас ақтаңгер еді. Оның ішінде халық арасына кеңірек тарағаны – Бұдабай мен Қарлығаштың сөз бәсекесі. Бір өкініштісі, деректерде әлденеше айларға созылған деп айтылатын осы ұзақ айтыстан біздің заманымызға ауызша жеткені қысқалау үзіндісі ғана.

Бұдабай Қабылұлы – айтыс ақыны. Молда Мұсамен жазба айтысы, Майкөт Сандыбайұлымен, Жадыра, Дәмегөй, Қарлығаш, Айсұлумен, құдаша қызбен айтыстары, байдың қызымен жұмбақ айтысы, өзінің сиырымен, атымен айтысқан мысал айтыстары белгілі. Оның алғаш ақын ретінде танылуы Қарлығаш деген қызбен айтысынан басталады. Қоңырат (кей деректерде Қаңлы) руынан шыққан төкпе ақын Қарлығаш қызбен айтыстары оншақты рет болыпты, тіпті бір айтысы бір аптаға созылыпты деседі. Соның өзінде де Қыпшақ айтыскері Бұдабай мен Қаңлы айтыскері Қарлығаш қыздың уәжге, қалжыңға, уытқа толы ақындық қуаттары анық байқалады.

Қарлығаш айтады:

– Жүзіме күлімдеген қуанасың,

Балаша жылап қойған жұбанасың.

Сандалмай сен тезірек жөніңді айтшы,

Қаңғырып қайдан жүрген дуанасың?

Бұдабай айтады:

– Бұдабай – менің атым, түбім – Шашты,

Өлеңмен ерітемін қара тасты.

Жарымай әріптеске жүргенімде,

Құдайым кез келтірді Қарлығашты.

Айтыс бірте-бірте өрлей береді.

Шайыр есімі жоқтау жырларымен әйгілі болған. Осыған орай Бұдабайдың көзіқарақты елге ең танымал туындысы «Әйекені жоқтау» туындысына тоқталып өтейік. Әдебиет тарихын зерттеушілер Бұдабай Қабылұлының Әйеке болысты жоқтауын Үмбетей Тілеуұлының Бөгенбай батырды, Алаша Байтоқтың Жәңгір ханды, Орынбай ақынның Шоқанды, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Мұса Шормановты жоқтаған жырларына, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин мен Сүйінбай Аронұлы өмірден озғанда айтылған жоқтауларға теңестіреді. «Әйекені жоқтау» деп аталатын жыры – ел арасына кең таралған, көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Сондықтан да бұл жыр, міне, бір жарым ғасырдай әдебиет зерттеушілер назарын айрықша аударып келеді.

Бұдабай Қабылұлы әдебиет тарихында шұрайлы айтыс, арнау, толғау өлеңдерімен өзіндік мәнері бар ақын ретінде орын алады. «Бұдабайға Сыр мен Қырдың көптеген ақындары еліктеген. Әңгіме оның жалпақ тілінде, ғажап теңеулерінде болатын. Ел билегендерге ақыл айтқанда Бұдабай ел қамын, еңбекші қамын көбірек жеген. Толғаулары сын аралас қағида болып келеді» деп жазды ақын мұрасын зерттеген ғалым Әуелбек Қоңыратбаев. Соның бір мысалы мына өлеңі:

– Сәлем де өрде жатқан шонжарларға,

Елге би, жұртқа қорған болғандарға

Болыпты басың аяқ, аяғың бас,

Заманға бұл күндегі болжам бар ма?

Мал жақсы болыстан да, биліктен де,

Әр істі ақша бұзар киліккенде.

Азғанын заманыңның білмейсің бе?

Жабы озды жалы сұйық жүйріктен де.

Ақын шығармашылығының бір қыры – оның арнау өлеңдері. Арнау қазақ әдебиетінің дәстүрлі үлгілеріне жатады. Әріден келе жатқан жанр. Кейіпкеріне қошемет көрсетіп, көтере сөйлеу, қадір-қасиетін бағалау арнауға тән. Сонымен қатар, реті келгенде қасқая қарап билеушілерге мін айту, тоқтам айту, кеңес беру арнауда кездеседі.

Бұдабайдың арнау өлеңдері де – тұрмыс-тіршіліктен туындап жатар өмірлік пайымдар. Шайыр орайы келген жерде ақынға тән өр мінезбен әлдебір жағымсыз қылықты бетке айтып тастаудан тайынбағаны өлеңдерінен көрінеді. Тіпті өзін де астарлы әжуа, ащы мысқылмен түйреп алады. Өзінің қу кедейшілік күйін де жырына қосады. Бұдабай Қабылұлының арнау өлеңдері – жанрдың қысқа да нұсқа дөп сөйлеп, тура айту ерекшелігін мейлінше меңгерген, иі қанық шығармалар. Өлеңдерінің бірсыпырасы ел бірлігі мен адамдар татулығын жырлауға, араздасқандарды бітімге шақыруға арналған. Патша заманында әділеттен тайған кейбір ел басшылары – болыстарды сынай отырып, оларға бұрынғы хандық дәуірде әділдігімен аты қалған билер, датқалар істерін, ата-баба жолын үлгі етеді, сөйтіп оларды дұрыс жолға салмақ болады.

Бірлік, татулық, адамгершілік қасиеттер – сүлейдің толғау-терме, ақыл-нақыл сөздерінің арқауы. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдырады, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулиды. Ақын дүниетанымы халқымыздың ежелгі даналық үлгілерімен қабыса байланысып жатыр. Бұдабай өлеңінің өзегі – өз құлқынының құлдығынан құтылған адам ғана елге иелік жасай алады дейтін ежелгі даналық.

Тамыры аса терең рухани танымнан тарайтын Сыр шайырларының жүйрігі, сүлейлердің сүйрігі Бұдабай ақын шығармашылығындағы елдік сана, ел бірлігі мәселесі – бүгін де таусылмайтын, сарқылмайтын қашанда өзекті тақырып. Бұдабай тәлімі – елдік ұстанымды ту ету, Ұлы дала төсінде дәстүрі бұзылмаған, іргесі берік ел болып қала беру.

Нұрдәулет НАҚЫПОВ,

Н.Бекежановтың  мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<