Қарақалпақтар  және  Сыр бойы

631

0

Өткен дәуірлерде Сыр бойының қасиетті топырағында бірнеше өркениеттер өмір сүргені, алмағайып замандарда өңірдің талай халыққа пана болғаны аян. Бұл қатарда көрші қарақалпақтардың орны ерекше. Осынау халықтың талайлы тағдырының Сыр бойындағы кезеңіне арналған мақалаға дайындық барысында А.Левшин, В.Вельяминов-Зернов, М.Вяткин, А.Самойлович, В.Витевский, С.Толстов, С.Камалов, Т.Жданко, У.Шалекенов, С.Толыбеков, О.Юсупов,  Р.Баллиева, Р.Почекаев, А.Кочнев, т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектері (монографиялар, диссертациялар, мақалалар) зерделенді. Сондай-ақ, Ресей империясының Орынбор әкімшілігі басшыларының, дипломатиялық және сауда елшіліктері, ғылыми әрі әскери экспедициялары жетекшілерінің (И.Неплюев, И.Кирилов, В.Татищев, П.Рычков, А.Тевкелев, М.Чулков, М.Бекчурин, Е.Мейендорф, Л.Мейер, т.б.) материалдары (есеп беру құжаттары, баяндамалар, мәлімдемелер, күнделіктер, хаттар, карталар мен атластар, т.б.) қарақалпақтардың тыныс-тіршілігіне қатысты түрлі мәліметтерге толы.

Ғылыми әдебиеттерде қарақалпақтар  XIII  ғасырда оңтүстік орыс даласынан Еділ мен Жайық өзендері аралығына, ал XVI ғасырдың екінші жартысында Сырдария өзені алабына қоныс аударған делінеді. Сыр бойындағы қарақалпақтар туралы алғашқы нақты тарихи деректер 1578 және 1582 жылдардың үлесінде (И.Пискунова, 1995 ж.). Бұхар ханы Абдулла ІІ 1598 жылғы пәрменінің бірінде Сығанақ қаласының маңайындағы көшпелі халықтардың қатарында қарақалпақтар да аталған.

Орыс құжаттарына келсек, қарақалпақтар XVII ғасырдан бастап Жайық, Жем өзендерінің сағалары мен төменгі Сырдарияның жағалауларында  ұшырасады. Орыс көпестерінің 1697 жылғы мәліметінде олардың қазақтармен қауымдасып егін егетіні, Тәуке ханға салық төлейтіні және  Өзгенттен төмен қарай Сыр бойымен 10 күндік жердегі Қорқыт кесенесіне дейін көшіп жүргені айтылады. Қазақ хандығына саяси әрі экономикалық тұрғыда тәуелді болған қарақалпақ ұлысына бастапқы кезеңде (1680-1715 жж.) Әз Тәуке және оның ұрпақтары, ал XVIII ғасырдың екінші онжылдығы мен XIX ғасырдың басына дейін Қайыпұлы Батыр сұлтан, кіші жүздің ханы Әбілқайыр және олардың ұрпақтары алма-кезек билік етеді.

Қарақалпақтар жыл сайын астық пен салық төлеп қана қоймай, әскерге жылқы мен адам беріп, қазақтардың орыстың шекаралық аудандарына, қалмақтың жайылымдарына, көрші Орта Азия хандықтарына жасаған шабуылдарына қатысып отырған.

Жоңғарлардың Қазақ хандығына, атап айтқанда Талас жазығы мен Түркістан аймағына жасаған шапқыншылығы (1723-1725 жж.) салдарынан қарақалпақтар жоғары және төмен деп екіге бөлінеді. Жоғарысы Бұхар хандығы, Ташкент, Ферғана, Зеравшан оазистеріне, төменгісі Сырдарияның төменгі ағысының сол жағалауындағы, Қуаңдария мен Жаңадариядағы, бұрындары кіші жүздің малы қыстаған жазық жерлерге үдере көшеді. Ақтабан шұбырындыда қазақтардың да миграциялық үдерістерге ұшырағаны белгілі.

Орынбор әкімшілігі Әбілқайыр ханның Сыр бойына қала салу туралы өтініші бойынша Жанкент қалашығының маңындағы ахуалды зерттеу мен картаға түсіру үшін 1740 жылдың  қыркүйек айында поручик Д.Гладышев бастаған арнайы экспедицияны аттандырады. Экспедицияның белді мүшесінің бірі, геодезист И.Муравин кейінгі жазбаларында: «қарақалпақтар Сырдария, Адам ата мен Қуаңдарияны жайлайды. Олардың қытай, коңырат, кенегес, қыпшақ, мүйтен, жабы, қият рулары өгізбен жер жыртып, бидай, арпа, сұлы егеді» деп көрсетеді. Қуаңдариядан кейін суармалы егіншілікпен айналысатын аралдықтардың иелігі, олардың Шахтемір қаласы Әмудариядан 53 шақырымдай (верста) жерде дейді.

Муравин, сонымен қатар,  қабырғалары ғана қалған Жанкенттің бір жағынан Сырдария, екінші жағынан Қарасыр өзегі  айнала ағып жатуы себепті қалыптасқан шағын аралшаның қаратұнбалы топырағын қарақалпақтар егіншілікке пайдаланатынын жазады. Қираған қалашықтың маңайында қазақтар да тұратынын атап айтады. Экспедиция бастығы Д.Гладышев 1741 жылы сол маңайды мекендеген халықтың Әбілқайыр ханға бағынбайтынын атап көрсетіп, Жанкенттің маңына қала салуға болмайды деп қорытынды бергенін айта кету орынды.

Орынбор әкімшілігінің тапсырмасымен 1742 жылы Сыр бойына барған ағылшын көпесі Реональд Гок  (Хоуг) қарақалпақ халқының аз еместігін, олардың негізгі күнкөріс көзі – қасқыр, түлкі, қарсақ, барыстың сапалы терілері мен  жүннен жасалған көрпелері дей отыра,  астық, өгіз, сиырлары да бар екенін, Бұхарадан келген тауарлардың бағасы арзандығын және саудадан елеулі пайда табуға болатынын жазады.

Еркіндіксүйгіш қарақалпақ халқы үшін жақсы одақтас немесе күшті қолдаушы табу ғасырдан-ғасырға ұласқан ұлы мұратқа айналды десек, артық айтпаймыз. Бұған сол кездегі ортаазиялық хандықтармен, қалмақтармен, башқұрттармен, орыстармен қарым-қатынастары дәлел.

Қарақалпақтардың сыртқы саясатта дербестікке ұмтылуы (Ресей бодандығын тікелей қабылдауы), кесімді салықты төлемеуі кіші жүз билеушілеріне (Әбілқайыр хан, Батыр сұлтан) ұнамады. Екі жақтың арасында 1741-1743 жылдары бірнеше ірі қақтығыстардың туындау себебі осы болатын. Сырдария қарақалпақтарына 1746-1747 жылдың қысында орта жүздің сұлтаны Абылай шабуыл жасайды.

Әбілқайыр өлген соң, кіші жүздің Нұралы хан мен Батыр хан басқаратын екі бөлікке бөлінуі (1748 ж.) Сырдария қарақалпақтарының одан арғы тағдырына тікелей әсерін тигізді.

Орта жүздің сұлтаны Барақ 1749 жылдың басында 5 мың адамдық әскермен сырдариялық қарақалпақтарды шапты. Қарақалпақтар мен аралдықтардың біріккен қолы 1750 жылдың  ақпанында Айшуақ сұлтан мен Жәнібек тарханның 30 мың адамдық  қолмен  жасаған шабуылына тойтарыс берді. Арғын Серқан батыр қаза тапқан жорық та – осы жылдың оқиғасы.

Сырдарияға жапсарлас аймақтарға билігін жүргізетін  Батыр хан мен Ералы сұлтан орыс, хиуа, басқа да халықтардың керуендерін бақылауға алып, Қуаңдария мен Жаңадариядағы қарақалпақтарға (10 мың шаңырақ) 1750, 1756, 1762 жылдары соққы жасап, үлкен олжаға кенеліп отырды.

Қазақ күштерінің жойқын шабуылдары қарақалпақтардың негізгі бөлігін Сырдариядан  оңтүстік-батысқа қарай шегінуге итермелегенін атап өткен жөн. Олардың ең басты шоғырлану аумағы Қуаңдария мен Жаңадарияның арасы болды, сондай-ақ, ішінара Әмудария атырабының шығысындағы хиуа мен аралдықтар иеліктеріне орналасты.

Қарақалпақтардың тағы бір бөлігі жоғарғы қарақалпақтарға шегініп, одан әрі Ташкент, Бұхара, Самарқанд, Сурхандария, Ферғана аңғарына қарай жылжи бастаса, жекелеген топтары Бұхара хандығына аттанды. Кері қайту үдерісі де болмай қалған жоқ.

XVIII ғасырдың екінші жартысында қарақалпақтардың әрбір тайпалық бірлестігін өз биі басқарды, алайда қазақ билеушілері оларға хан ретінде  Бөрі сұлтанды отырғызды. Ол көп ұзамай өлтірілген соң екі халықтың арасы одан сайын ушығып, Қуаңдария мен Жаңадария жаңа шабуылдардың астында қалады.

Құдайменді сұлтанның (Бөрі сұлтанның ағасы) 8 мыңдық әскермен 1785 жылдың күзіндегі, Жанқара батыр қолының 1786 жылдың көктеміндегі және қазақ қосындарының  шілде айындағы әскери қимылдары қарақалпақтар тарапынан үлкен қарсылыққа тап болып, нәтижесіз аяқталды.

Сол кезден бастап екі халықтың арасында салыстырмалы түрде тыныштық орнайды. Өйткені, кіші орда аумағында қазақтардың Ресей отаршылдығына қарсы қозғалысы күшейді. Орынбор шекаралық желісінің әскери шенеунігі Я.Гавердовскийдің мәліметі бойынша 1790-жылдары Қуаңдария мен Жаңадария алабын, яғни қарақалпақ иелігінде керейт, төртқара, қарасақал, кішкене шекті, ал хиуалықтар иелігіне жақын жерлерді, Арал теңізінің батыс жағасынан Қоңырат қаласына дейін қарасақал, төртқара, үлкен шекті, адай, керейттер қыстаған. Патша үкіметінің  Бұхараға елшілігін 1803 жылы қыркүйек айында Орынбордан Гавердовский бастап шығады. Сырдарияның өткеліне жақындағанда өзеннің сол жағасында Қайыпұлы Әбілғазы сұлтан, Жанназар, Жанзақ билер бастаған қарақалпақтар, шектілер және  төртқара, шөмекейлердің бір бөлігінен құралған 3 мыңдай адам күтіп тұрғанын естіп кері қайтады. Алайда, Қарақұмның солтүстігіндегі Мұзбел жазығының Қожаберген сайында елшілікті қуып жетіп, қоршап ұрыс салып, заттары мен мүліктерін тартып алады. Барынан айырылып, жаяу қалған орыс елшілігіне сол маңайдағы, яғни Қарақұмның Ырғыз жақ бетіндегі шөмекей ауылдарының билері Кетебай (сөйін бөлімі) мен Мүсіреп (сарқасқа бөлімі) Орынборға жетуіне қолдау көрсетеді.

Жатжұрттықтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлының қарақалпақтармен шайқастары – өз алдына үлкен тарих. Осынау алмағайып замандағы қазақ-қарақалпақ қатынасы нанымды суреттелген туындының бірі – жазушы З.Шүкіровтың «Сыр бойы» тарихи романы. Сырдың оң жағасында отырған ауылдарға оқтын-оқтын ұрынған  қарақалпақтың батыры Тықыны жасы он сегізге енді келген Жанқожа 1792 жылы күзде Жаңадария бойындағы жекпе-жек ұрыста өлтіреді, яғни, оның абыройлы батырлық жолының бастауы осы сәтке тиесілі.

Көп жылғы қырқыстан әбден әлсіреген қарақалпақтарға қарсы Хиуа хандарының (Елтүзер хан, Мұхаммед-Рахим хан) басқыншылығы үдей түсті. Екі жақтың алғашқы қақтығыстары өз тәуелсіздігін қорғаған аралдықтарға да тікелей қатысты. Аралдықтар дегеніміз – Әмудария атырабы мен Арал теңізі жағалауын алып жатқан қоңырат, маңғыт, қыпшақ, қожа, басқа да ұсақ тайпалардың оқшау тобы. Алайда, хиуалықтар қантөгіс шайқастар нәтижесінде аралдықтарды тізе бүктіргесін барып, қарақалпақтарды түпкілікті бағындыру саясатын іске асыруға көшті.

Өңірді мекендеген аз халықтар үшін тағдыршешті кезеңнің оқиғалары Хиуаның сарай тарихшысы  Мунис Хорезмидің (Шир Мұхаммед) «Фирдаусу-ль-икбаль» жорық жылнамасында  баяндалған. Ендеше, құнды шығармада хатталған деректердің кейбірін қысқаша келтірген жөн болар.

Ералыұлы Темір сұлтан, Кетебай би мен Бүркітбай би (төбет бөлімі) бастаған шөмекейлер 1500 сарбазбен 1810 жылдың қыркүйек айында Жаңадариядағы Хасан қала төңірегіндегі (Аман би басқарған қытай руы), қазан айының басында Дәуқарадағы, іле-шала Жаңадария бойындағы (7.10.1810 ж.) қарақалпақтарды шапты. Осыдан кейін қытай, маңғыт руларының билері (Орынбай, Есжан) Хиуа ханына құзыретіңізге алыңыз деген мәндегі хат жолдаса, бешсары, қыпшақ руларының билері Жанкентке жақын Ақиректе отырған Әбілғазы сұлтанға елшілерін аттандырады. Сөйтіп, Мұхаммед-Рахим ханның іздегені алдынан шығып, 1810 жылғы 20 қазанда 3 мыңдық әскермен жорыққа шығады. Бірлігі божырап, ынтымағы ыдыраған қарақалпақтар хиуалықтарға қауқарлы қарсылық көрсете алмады. Осылайша көздеген мақсатына оңай жеткен хан Жаңадариядағы маңғыт, қытай руларын (5 мың шаңырақ, 7.12.1810 ж.) және Қуаңдариядағы  қыпшақ, оймауыт, кенегес, бешсары руларын (Шайқы ата маңайы, 22.12.1810 ж.) Әмударияға қарай көшіреді.

Осымен нүкте қойылған қарақалпақтардың Сыр бойындағы екі жарым ғасырлық  тарихы 1811 жылдан бастап Хиуа, Бұхар хандарының саяси және экономикалық ықпалы аясында өрбіді. Босаған құтты қонысқа біржола орныға бастаған қазақтарды сабасына түсіріп, салық төлету және керуен жолдарды бақылауға алу мақсатында Хиуа хандығы Жаңадария мен Қазалы немесе Жанкентке дейінгі аралықты 1812, 1815 және 1816 жылдары үш рет шапты. Мұны місе тұтпай, Сырдың оң жағасына өтіп, 1820 жылы Қарақұмдағы Қожаберген сайы мен кіші Борсық құмындағы ауылдарға, 1821 жылы алтын-жаппас ауылдарына ойран салды. Аталған жорықтарда Хиуа әскерінің құрамында қарақалпақтар басым болғанына Мунис Хорезмидің туындысы куә.

Қазақ даласына тереңдей ену үшін хиуалықтардың 1812-1835 жылдары Дәуқара мен Жаңадарияда Мехтерқала, Қылышқала, Қорғанша бекіністерін, Қуаңдария мен Сырдарияға жақын жерден Жаңақала, Қожанияз, Бабажан, Құрытөбе бекіністерін тұрғызғанын біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін.

Жазылған жайттар мен дәлелді дәйектердің өлкетанушылардың, жалпы жерлестеріміздің тарихи танымын кеңейтуге септігі тиері сөзсіз. Дейтұрғанмен, мына мәселелерге назар аударғым келеді. Тарихымызды түгендеу ісіне атсалысушы қалың қауымның арасында тарих саласынан құзыреттілігі жоқ кісілер, арнайы зерттеу әдістемелерін меңгермеген әуесқойлардың баршылық екені ақиқат. А.Шопенгауэрше айтсақ, өз көкжиегінің шеңберін әлемнің шекарасындай қабылдау – адамның табиғатына тән құбылыс.

Өз қиялының жетегінде жүрген мұндай «тарихшысымақтар» тек ауызекі мәліметке арқа сүйеп, оны ғылыми еңбектер және архивтік құжаттармен салыстыру-салғастыруға, сол дәуірдің оқиғаларын жекелей талдап, тұтастай саралауға мән бермеуі үйреншікті жағдайға айналғандай. Сыр мен Қуаңның  арасындағы XIX ғасырдың екінші онжылдығынан бастап негізі қаланған зираттарды, әсіресе, Сейітпенбет қорымындағы белгісіз төмпешіктерді XVII ғасыр немесе XVIII ғасыр шегінде өмір сүрген бабаларының орнына балап жүргендердің жиі кездесуі айтылғанның  жарқын  мысалы іспеттес.

Академик М.Қойгелдиевтің пікірінше «тарихи шындықты бір адамның айтқаны емес, сол тарихи оқиға, құбылысқа қатысты фактілердің жиынтығы ғана береді». Сондықтан, өткеннің қандай да бір оқиғасын пайдасына бұрмалауды көздегендер өз қадамдарын ой таразысына, тарих безбеніне салғаны абзал.

Ойымды сабақтай түсу үшін жоғарыда баяндалған деректерге (қарақалпақтар туралы) қоса, Сейітпенбет әулие және оның заманына қатысты келесі уәждерді ортаға сала кету орынды.

Ауызша жеткен деректер және жарық көрген мақалалар арқылы діни қайраткердің Шөмекейден тарайтын бес Бозғұлдың ортасында ғұмыр кешкенін білеміз. Қолда бар деректерге сүйенсек (М.Тұрманұлы, 2014 ж.) ол 1761 жылы дүниеге келген. Бұған қоса, Сейітпенбет қожаның есімі 1803 жылы Орынбор әскери-губернаторына дайындалған бір баянатта кездеседі (Қ.Жолдасов, 2016 ж.). Біз өз тарапымыздан әулие 1824-1832 жылдар аралығында өмірден озған деп топшылаймыз. Бұл – Жаңадария мен Қуаңдарияның арасындағы халықтың Мұхаммед-Рахим ханмен, кейін Аллақұл ханмен келісімге келіп, Хиуа аумағына зекетті өздері апарып,  елдің ішіне  тыныштық орнаған тұс.

Әулиенің мәңгілік байыз тапқан жері баршаға анық жайт – Қуаңдарияның сол жағасы, бұрынғы Хиуа бекінісі Жаңақаладан (қазіргі Т.Көмекбаев ауылы) солтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде. «Қос күрең» атты жайлауда науқастанып, ақтық демі жақындағанын сезген ол: «денемді ақ түйеге артып, басын бос жіберіп, тоқтаған жеріне қойыңдар» деп аманатын айтыпты. Артындағы жамағат солай істепті де. Қазақ даласында Қожа Ахмет Ясауиден басталған «Әулиеден шарапат тілеу» культін уағыздаушы Сейітпенбет өз бейітінің халық тәу етер қастерлі орынға айналарын пайымдағаны хақ. Бақида  шапағат нұрына бөленуді мұрат тұтқан Көккөз батыр (Т.Жолдасұлы, 2018 ж.), Өтетілеу би (С.Тілеумұратұлы, 2003 ж., Ә.Амандықов, 2008 ж.) сынды әулиенің сыйластары ұрпақтарына аманат айтып, мүрделерін өз аталарының қорымына емес, оның қасына қойдырғаны сөзімізді растай түседі.

Облыс көлеміндегі ескі жерлеу орындарындағы көктастардың жазуларын зерттеген (Аймақ эпиграфикасы, РБ қаржысы, 2018-2020 жж.) тұңғыш жобаның аясында Сырдарияның сол жағасы мен Қызылқұм арасындағы бейіттердің XIX ғасыр және одан кейінгі кезеңге жататыны нақты  анықталуы – тағы бір салмақты дәлелдеме. Жобаның жауапты орындаушысы,  тарихшы-ғалым, өркениеттанушы Н.Мыңжасқа шығармашылық ұжымда жұмыс істеуге мүмкіндік тудырғаны үшін ризашылығым шексіз.

Жалпы Қазақ хандығы және одан кейінгі замандардағы қазақ ру-тайпаларының орналасуы мен көші-қон үдерістері жөнінде  еңбектер жазған зерттеушілер (Т.Сұлтанов, Б.Кәрібаев, Т.Омарбеков, Қ.Салғарин, Р.Бекназаров, Қ.Қобландин, Р.Темірғалиев, Т.Қартаева, т.б.) өте көп. Шежіреге шөліркеген оқырман үшін қазіргі күні барлығы да қолжетімді.

Жатжұрттықтар шапқыншылығының зардабын тартқан Алаш жұртының ежелден Сыр бойын паналауы кездейсоқ емес. Киелі өңіріміздің кезінде Қазақ хандығының саяси-экономикалық және рухани-мәдени орталығы болғаны – тарлан тарих шындығы.

Төл тарихынан жақсы хабардар, тарихи санасы қалыптасқан азаматтың ғана бойында халқына деген мақтаныш ұялап, патриоттық сезім пайда болатыны түсінікті. Сондықтан ұлтымыздың  шынайы тарихын келер ұрпаққа дұрыс жеткізу баршамызға парыз. Олай болса, ар-ождан мінберіндегі тұғырымызды төмендетіп алмайық.

Қали ОМАРОВ,

география ғылымдарының кандидаты, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар

 академиясының толық мүшесі

Сурет ашық дереккөзден алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<