1925 жылы 15 сәуірдегі Ақмешіт қаласында өткен бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезінде ұлтымыздың «қазақ» деген атауын қайтару, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда барлық мемлекеттік мекемелер, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайшаларындағы атауын 1 ай көлемде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді.
Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жоспарын астанаға сай кең көлемді, жүйелі түрде жүргізуді суретші-сәулетші И.Рянгин қолға алды. Қала тұрғындарының даму динамикасын ескере отырып, жоспарды алдағы 40 жылға жасауды ұсынды.
1925 жылы 13 мамырда техникалық кеңес отырысында комиссия мүшесі, қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаев, И.Рянгин жасаған қаланың эскиздік жобасын баяндап, жобалау принциптерінің қойылған талаптарға сәйкес келетіндігін атап көрсетті.
Съезд қабылдаған қарарда республиканың өнеркәсібін күрделі дамыту, алдағы онжылдықта теміржол және жергілікті жол қатынасын жетілдіру жоспарлары, байланыс құралдарын, көшпелі және селолық аудандарда жылжымалы поштаны, радио-телеграф жүйелерін кеңейту жобалары қуатталды. Бұл мақсатта өнеркәсіпте Қазақстанның маман жұмысшыларын қалыптастыру шаралары белгіленді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<