Семей полигонының қасіреті

813

0

29 тамыз – Қазақстан Республикасы, әлемдік қоғамдастық және жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи күн. 1991 жылы дәл осы күні Қазақ КСР Президенті Невададағы полигоннан кейінгі әлемдегі екінші қуатты Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 2009 жылдан бері бұл күн атаулы күндердің тізбесіне енгізілді.

Семей ядролық полигонының жабылуы – көптен күткен және тағдырлы шешім. Тарихқа көз салсақ, қазақ халқының басынан өткерген қиындықтары аз емес екенін бағамдаймыз. Солардың бірі – осы полигон қасіреті. Киелі мекен 1949 жылы ядролық сынақ полигонына айналды. 29 тамызда таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен отты доп аспанға көтерілген. Бұл күнді қазақ халқының басындағы ең қайғылы күн деп санауға болады. Осыдан бастап 1989 жылдың 19 қазанына дейін 40 жыл бойы қазақ елі ядролық сынақтың зардабын тартып келді.

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 32 жыл толды. 1989 жылдың 19 қазанында ең ақырғы атом бомба сыналды. Ғалымдардың айтуынша, оның зардабы 24 мың жылдан 100 мың жылға дейінгі ұрпақтарға жалғаcатын сияқты.

Қасіретті көзімен көрген жандардың бірі – 2010 жылдан бастап «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша төрағасы Сәбит Әбіш. 1971 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын Семей ядролық полигонында өтеген ол ядролық полигон еліміздің ең шұрайлы жерлерін қамтығанын айтады.

– Полигон Семей өңірінің Абыралы, Саржал, Шыңғыстау, Дегелең тауларының баурайы және онымен іргелес Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтығаны белгілі. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген сынақтар ашық аспанда, жер бетінде жасалды. Осы сынақтарды тоқтату үшін арнайы «Невада-Семей» қозғалысы құрылған болатын. Қозғалыстың арқасында 1989 жылы алдын ала жоспарланған 18 ядролық сынақ жетіге дейін қысқарды. Сондай-ақ, осы жылдың қазан айынан бастап полигонда сынақ жасау мәңгілікке тоқтады. Аталған қозғалысқа республикада тұрып жатқан барша халық атсалысты, – дейді Сәбит Әбіш.

Ол 2016 жылы теміржол саласынан зейнет демалысына шыққан. Бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірлестік төрағасы ретінде аймақтың қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына өз үлесін қосып келеді. Белсенді азамат полигонның жыры әлі де көп, шешілуге тиісті мәселесі жетерлік екенін айтады.

– Полигон зардабын қазақтың талай қаракөз баласы әлі тартып келеді. Өзім 1971-1973 жылдары әскерде болдым. Сынақтарды өз қолымызбен дайындадық. Жарылыс кезінде 4-5 балдық сілкініс болып, жер қозғалып кететін. Сонда бізге полигонның денсаулыққа еш зияны жоқ деп айтатын. Зиянын кейін біліп жатырмыз. Бір ғана Қызылорда облысынан Семей полигонындағы сынақтарға қатысқан 10 мыңға жуық адамның бүгінде мыңға жуығының ғана көзі тірі. Әскери борышын өтегендердің 90 пайызға жуығынан түрлі онкологиялық ауру анықталып отыр, – дейді бірлестік төрағасы.

Осындай жағдайдың бар екені бүкіл әлемге белгілі, биліктің де білмеуі мүмкін емес. Алайда полигоннан зардап шеккендерге көмек үшін ауқымды бағдарламалар қабылдап, жүйелі жоспарлар құру өзекті мәселе болып отыр. Бірлестік төрағасының айтуынша, Сыр өңірінде Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтегені ресми түрде мойындалмай жүрген 600-ге жуық азамат бар екен.

– Рас, бұл – қынжылтарлық жағдай. Алғашқыда полигон зардабынан ауруға шалдыққан жандарға көмек көрсетіліп, олардың емделуіне жәрдемдесу мақсатында Үкімет арнайы заң қабылдаған болатын. Алайда ол заң қазір тоқтатылған. Көпшілік полигон жабылғанамен, оның зардабы жойылмағанын ұмытып кеткен секілді. Семей өңіріндегі экологиялық көрсеткіш әлі де қауіпті деңгейде. Полигон аумағы қоршалмаған да. Жергілікті тұрғындар сол жерде малын бағып, суын ішіп, ауасын жұтып, өмір сүріп жатыр. Оған қоса, полигонда әскери борышын өтегендердің зейнетақысына қосымша төлемдер секілді түрлі жеңілдіктер де мардымсыз. Мысалы, сол кездегі одақтас республикалар бүгінде бұл санаттағыларды Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіріп қойған, – дейді С.Әбіш.

Қалай десек те, Семей полигоны ел тағдырындағы ғана емес, адамзат тағдырындағы үлкен қасірет деп айтуға болады. Қырық жылдан астам уақытқа созылған жарылыстан бірнеше ұрпақ зардап шекті. Қоршаған ортаға келтірген залалы ұшан-теңіз. Соншалықты бүлінген табиғатты қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес.

Қазір ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды, әрине. Дегенмен, ядролық полигонда зардап шеккендер туралы заңға қайта оралу, оңалту, зейнеткерлікке жеңілдік, лайықты өтемақы, кәсіпкерлікпен айналысушыларға салықтық төлемге жеңілдік, сынақ аймағында міндетін өтеген сарбаздарға және зардап шеккен тұрғындарға статус беру секілді бірнеше мәселе әлі күнге өзекті болып отыр.

«Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша төрағасы Сәбит Әбіш бұл жай айтылып қоя салатын мәселе емес екенін, мұнымен тұрақты, табанды түрде айналысу қажетін айтады. Себебі, ядролық полигонның залалын шеккен соңғы адамды оңалтып шығармайынша, полигон тақырыбы ашық қала бермек.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<