Ұстын – қыстау, үй немесе кесенелердің кіреберіс жақтауларына қойылатын тіреу немесе баған, арқалықтың ортасына және екі басына тіреуіш ретінде қойылатын құрылыс құралы. Ол алуан үлгіде болып келеді, мәселен цилиндрлі, төрт қырлы, бунақты, оймышты, жұмыр, түрлерінде өрнектеліп, сәнделіп жасалынатын түрлері көптеп кездеседі.
Ұстынды кей әдебиетте баған деп те атайды. Осындай ұстындар Сыр археологиясы тарихында ең алғаш ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылды. 2022 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми зерттеу институты Сығанақ қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қыш қаптамалармен қатар, ұстындардың бетін әрлеген шыңылтырлы ұстын қаптамаларын тапты.
Ұстын – сирек кездесетін археологиялық олжа. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына өткен оның бөліктеріне шыңылтыр жағылған (глазурьленген), қанық көк түспен боялған, бетіне өсімдік тектес ою-өрнектер ойылып түскен. Бөліктері аса шеберлікпен жасалған.
Ұстын (бағана) үш бөліктен тұрады: басы, шыбығы және іргетасы. Музей қорына түскен ұстынның (бағана) басы және орта тұсы – шыбығы. Екі бөліктің өзінен Сығанақ қалашығының ортағасырлық әсем архитектурасын көруге болады.
Ұстынның басы бүтін сақталмаған, мүжілген, ортасынан сынып, желімделген. Биіктігі – 45 см, ені – 20х25 см, қалыңдығы – 6х9 см. Басы қанық көк түсті, бетіне геометриялық ою-өрнектер түскен.
Ал шыбығының биіктігі – 42 см, ені – 25 см, қалыңдығы – 6 см. Орта тұсы, яғни шыбығы өсімдік тектес майда шимақ тәрізді өрнектермен әсемделген. Жақыннан анықтап қарасақ, қатар тұрған шеңберлердің үстімен бастыра толқын тәріздес жиектемелер жүргізілгені анық көрініп тұр.
Бағандар ең алғаш ежелгі Мысырдағы Джосер пирамидасынан бастау алған. Тарихта алғаш рет биіктігі 10 метрге жететін бағананы ежелгі архитекторлар имхотеп тастан жасаған. Әр бағананың бір жағын қабырғалармен байланыстырған. Сәулет өнерінде бағана немесе колонна деп те аталатын бұл дүниелер цилиндр пішінінде, сонымен қатар тастан, ағаштан, металлдан, саз балшықтан күйдіріліп те жасалатын түрлері болған. Архитектура тілімен айтатын болсақ, антаблементке тірек, яғни бағаналар қандай да бір көлемді құрылыс элементін ұстап қана қоймай, әсемдік немесе триумфельді бұйым ретінде де пайдаланылған.
Глазурь неміс тілінен аударғанда «әйнек» деген мағынаны береді. Керамикалық бұйымдардың үй тұрмысында пайдаланатын құмыра, шыны, т.б. ыдыстардың ұзаққа төзімділігін сақтау мақсатында ішкі және сыртқы беттеріне 0,15-0,3 мм жұқа түсірген. Бұл – беріктікті сақтау, керамиканы мықты біртегіс етіп тұру, көздің жауын алатындай әдемілік үшін жағылатын әйнектектес зат. Мөлдір, күңгірт, бояулы, бояусыз болуы да мүмкін.
Сығанақ қаласы өз заманында мәдениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі рухани орталықтарының бірі болған. Кезіндегі Жібек жолы, қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан, ашық аспан астындағы музей жасауға лайық археологиялық кешендердің бірі. Алдағы уақытта да қалашықтың архитектурасынан мәлімет беретін қызықты олжалар табылады деген сенімдеміз.
Г.ОРАЗАЛИЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<