Ту ұстап, тарлан мінген

793

0

Тарихта ел жүрегіне көшкен елеулі есімдер аз емес. Әйтсе де олардың кейбірінің туған жылы белгілі болғанымен, айы және күні туралы дерек жоқ. «Сыр бойы» газеті осы айдар аясында белгілі тұлғалардың туғанына айтулы жыл толуына орай шағын деректерді ұсынып отыратын болады.

Қазақ елі тарихында Есет есімді үш атақты адам болған. Соның бірі – Есет батыр Көкіұлы. Елінің азаттығын аңсап өткен батыр дүниеге 1667 жылы келген. Қазақтың бас батырлары Бөгенбай, Қабанбайлармен қатар жүріп, қасқайып жауға қарсы шапқан баһадүр.

Ол Бөгенбай батырмен бірге 1710-1711 жылдары жоңғарлардың жойқын шапқыншылығы кезінде халық ортасынан шығып, ел намысы мен бостандығын қорғап, асқан ерлік көрсетеді. Оның осы жанкешті қаһармандығына риза болған Тәуке хан: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын!» деп бата беріпті.

Есет батыр 1717-1718 жылдары Әбілқайыр және Қайып хандардың қолбасшылығымен жоңғарларға қарсы Аякөз, Түркістан маңындағы Бөген, Шаян, Арыс атыраптарындағы қанды шайқастарда әскербасылық қабілетін көрсете білген. Қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталып кеткен күйзеліс кезеңінен кейін ес жинаған халықты біріктіріп, жауға тойтарыс беру үшін Тайлақ, Есет, Бөгенбай, Жәнібек, Қабанбай, Райымбек, Саурық, Баян батырлар қол жинап, ақтық демдері біткенше жаумен айқасуға бел буады.

Сөйтіп, 1726 жылы Бұланты өзені жағасында ойрат әскеріне бірнеше рет ойсырата соққы береді. Шайқас болған жер халық есінде «Қалмақ қырылған» атымен қалды. Осы шайқаста Есеттің бірнеше жерден басы жарылып, жараланады. Жұрт оның басының мылжа-мылжасы шыққан шығар деп ойлайды. Шайқас аяқталып басын таңып жатқан батырды көргенде «Есеттің басы қатты ма, Алланың тасы қатты ма?» деген сөз ел арасында қанатты сөз ретінде тарап кеткен.

Осы  оқиғадан екі жыл кейін Аңырақай маңында  Әбілқайыр хан  бастаған  қазақ   жасақтары   жоңғарлардың   қалың қолын талқандайды. Бұл шайқаста Есет батыр Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болған.  Жауға  қарсы шайқастарда ол айрықша дараланып, дұшпанға үрей туғызып, атой салып, лап қойғанда, жау шебінің біресе оңына, біресе солына құйғыта шауып ауыса отырады екен. Жау «Есет келді дегенше, Әзірейіл келді десейші» деп үрейлене қашқан.

Тарихи деректерге қарағанда Есет батыр Кіші жүздің Жетіру тайпасын билеген. Ол әрі ақылды би, әрі мырза адам болыпты. Жасы жиырмаға жетпей-ақ жауға аттанып, жоңғар қалмақтарымен соғыстарда ерлігімен көзге түсіп, жасынан батыр атанған. Табын Шоңбай Жұбанұлының өлеңмен жазылған шежіресінде мынадай дерек бар:

Тамадан ерте шыққан Есет батыр,

Кісі екен қысылмаған мыңға татыр.

Қалмақ пен Ойраттарды жер аударып,

Салыпты бастарына заман ақыр.

Бұл оның халық қамын ойлаған құрметтісі, елі сыйлаған ерлердің бірі болғандығын айғақтайды. Батырдың тұлғасы замандастары арасында ерекше дараланады. Биыл – ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, елі, жері үшін қаһармандықпен күрескен, жеңіске жетуде өлшеусіз өз үлесін қосқан қазақ батыры Есет Көкіұлының туғанына 355 жыл. Оның теңдесі жоқ ерлігін бағалап, құрметтеу бүгінгі ұрпақ үлесінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<