Туған жерге ту тіккен

1224

0

Халқына қорған, ұлтына ұран болған тұлғалардың мекені – Сыр өңірінің ел тарихында ерекше орны бар. Онда мемлекет және қоғам қайраткері Шеген Ермұхамедұлы Қодамановтың да өлмейтұғын ісі мен өшпейтұғын ізі қалған. Ол Ақмешіт уезі Шиелі болыстығына қарасты Ақмая ауылында дүниеге келген. Әкесі Ермұхамед – орта дәулетті, діни сауатты адам. Баласын жастайынан ауыл молдасына оқуға беріп, бертін келе арабша оқу-жазуды меңгертіп, сауатын тереңдету үшін Перовскіге жібереді. Кейін «Балам, оқуыңды бітірдің, енді маған көмектес, мал-жанға ие бол!» депті. Шәкең мұны құп көрмей, осыдан әке мен бала арасында салқындық пайда болған. Содан ешкімге иек артпастан, көк тиынсыз Ташкентке тартып кете барады.

Ол жақта паровоз депосында жұмысшы болып, іске кіріседі. Өнегелі өмір жолы осы жерден бастау алады. Ол кезде ұлттық кадр тапшы. Мұндағы техника саласында тек орыс ұлтының өкілдері жұмыс істейтін. Шәкең білмегенін үйреніп, сауатын тереңдетіп, шыңдалды.

1919-1923  жылдары жас Түркістан республикасына ұлттық кадрлар даярлау үшін арнайы ашылған Ташкент темір жол техникумынан дәріс алды. Білім ала жүріп, белгілі қоғам қайраткерлері Ғ.Мұратбаев, С.Қосжанов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ә.Диваев, И.Тоқтыбаев және басқалармен танысты.

ВКП (б) мүшелігіне қабылданып, техникумды үздік бітірген Шегенге үлкен сенім артылды. Оқуын 1923-1925 жылдары Санкт-Петербургтағы Я.Свердлов атындағы Коммунистік жоғары оқу орнында (КомВУЗ) яғни, Жоғарғы партия мектебінде жалғастырды. Оны тәмамдаған соң Ташкентке қайта оралып, Түркістан мемлекетін құруға қатысады.

Ол 1926-1927 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің, өлкелік партия комитетінде мал шаруашылығы секторының меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1927-1929 жылдары бар-жоғы 26 жасында Теңіз (қазіргі Құрманғазы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1929-1931 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. 1931-1934  жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде қазақ халқының басына қара бұлт төне бастайды.

Шеген Ермұхамедұлынан қалған жазбаларға жүгінер болсақ, төрт түлік малынан айырылған Арқа мен Торғайдың қалың қазағы осында үдере көшіп келіп жатады. Жолда қырылған адамның есебі болмаған. Келгеннен кейін де бір үзім нанға зар болып үзілгендер қанша?! Таңның атысы, күннің батысы өліктер жиналатын. Күні-түні көз ілмей осы жұмыстың басы-қасында жүрді. Тіпті қызмет көлігі «полуторканың» үстіне мүрделерді кірпішше қалатып, тау-тау етіп жинайтын. Осы шақта Шәкең ашқұрсақ халыққа бір қамба астықты таратты деп НКВД-ның «қара тізіміне» ілігеді.

1934 жылдың ақпаны мен 1937 жылдың қазаны аралығында Алматы облысына қарасты Қаратал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған оған азық-түлік жөніндегі халық комиссары және қант тресінің басшысы қызметін қоса алып жүру жүктеледі. Қызметіне байланысты тұрғылықты жері Үштөбеден Алматыға қоныс аударады.

– 1938 жылдың 25 наурызы күні әкемізге жазықсыздан жала жабылып, тұтқындалған. Алматы қаласындағы түрмеде Мұхамеджан Қаратаевпен бірге отырған оған ату жазасы кесіледі. Күнде таңғы сағат 4-те қасымыздағыларды атуға алып кетіп жатады, күтумен біз де отырамыз дейтін.

Күндердің күнінде оны Үштөбе деген елді мекенге әкеледі. Осында қайтадан сот болып, ату жазасы алынып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Сотталған лауазымды тұлғалардың әйелдері де атышулы «АЛЖИР» колониясына жіберіліп жатты. Құдай қосқан қосағы мен бала-шағасының аман-саулығын ойлап, анамыз Қатшаға жасырып хат жібереді. Хат мазмұны мынадай: «Қатша, балаларды ал да құжаттарды өртеп, бір түнде қашып кетіңдер. Барар жерлерің Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Тартоғай деген жер болсын. Ол жерде Әбдірахман есімді ағам бар. Сендерді сол кісі бағып-қағып, аман-есен ұстап отырады».

Анамыз Тельман, Жәмила, Эрнет, Лазарь есімді төрт баланы жетектеп, Тартоғайға келген, – дейді Бақытжан Шегенұлы.

Иә, Шәкең 1166 күн түрме азабын тартқаннан кейін 1941 жылдың 28-тамызында атышулы №11384 іс түпкілікті қаралып, Ш.Қодаманов пен үш серігі М.Дәулетқалиев, Р.Хайруллин, Б.Байғанаевтың әрқайсысы жоғарыда айтқандай 25 жылға кесілген. Архив құжаттарына сүйенер болсақ, олар жазасын «ГУЛАГ» жүйесіндегі Ресейдің Свердлов облысындағы саяси тұтқындарға арналған лагерьде өтеген.

«Менің аман қалуым екіталай болатын, қайда барсаң да «Қорқыттың көрі» дегендей, айнала орман, содан да тұтқындардың бәрі дерлік ағаш дайындауға жұмылдырылатын. Ауыр жұмыстан, болмаса аштық пен аурудан күн санап қырылып жатқан адамдардан басың айналатын. Мен барған сәтте сол түрменің атаманы кезінде Лениннің оққағары болған екен. Сауатты екенімді білген ол Жоғарғы қолбасшыға өзінің атынан өтініш хат жазып беруімді сұрады. Жазып та бергенмін, арада бар-жоғы екі ай өткенде ол бостандыққа шығып, соғысқа аттанды. Маған тізерлей отырып, рахметін айтқаны әлі көз алдымда». Бұл – Шеген Ермұхамедұлының жазбасы.

1941 жылы соғыс басталғанда Шәкеңнің бастамасымен түрмедегі бір топ зиялы қауым Бас қолбасшыға өтініш жазып, соғысқа жіберуді сұрайды. Бұлар саяси тұтқын болғандықтан соғысқа да жіберілмейді.

1944 жылы неміс фашистерінің тізе бүгер шағы таянғанда, яғни Жеңіс қарсаңында Ш.Қодаманов «вольное поселение» (ерікті жер аудару) шарасымен бостандыққа шығып, жанына Супонин есімді орыс жігітін ертіп, «Тартоғайға» келеді. Екеуі осында қатардағы жұмысшы болыпты. Шәкеңнің Салима, Шарипа, Бақытжан есімді ұл-қыздары осы Тартоғайда өмірге келді.

1949 жыл да Қодамановтар әулеті үшін қаралы жыл болады. Отағасына көпе-көрінеу қисынсыз айып тағылып, екінші рет «халық жауы» ретінде қамауға алынады. Свердлов пен сталиндік азап лагеріне айналған Карлагта, одан соң Степлагта болып, жан азабын қайта тартады. Оның барлық жердегі қаруы – білімі мен қаламы болады.

Сталиндік жүйенің бұғауы быт-шыт болып үзілген 1955 жылы Шеген аға табандылығының арқасында жалыны бет шарпитын тозақ отынан екінші рет құтылып, аман-есен елге оралды. Өкінішке қарай, тағы да ақталмаған болатын.

«Халық жаулары» Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты «Тасты» деген жерде жаңадан ашылған мал совхозына жіберілді. «Саяси тұтқындардың» бірлі-жарымы – қазақ, басымы – орыс ұлты өкілдері. Осы жерде 1955 жылдан 1959 жылға дейін қара жұмысқа жегілген олар жаңа үлгідегі ауылдың іргетасын қалайды.

– Әкеміз екінші мәрте түрмеде жатқанда, – деп еске алады Бақытжан Шегенұлы, – біз Шиеліге таяу 22-бекетке қоныс аударғанбыз. Әлі есімде, он шақты ғана үй болатын. Осы жылдары Шиелі каналының қолмен қазылуына байланысты әр үйге тапсырма беріледі. Анам мен ағам Лазарь канал қазады, қайтарында бидай масағын тереді. Түнімен масақты тартып, екі таба нан пісіретін. Біреуін өздері алып кетеді, ал екіншісі бізге қалады. Үшеуміз және әжеміз бір таба нанды төртке бөліп жеп, талғажау ететінбіз. Аллаға шүкір, жоғарыда айтқандай, 1955 жылы әкеміз елге оралып, еңсеміз қайта тіктеле бастады ғой.

***

1959 жылы Шеген Ермұхамедұлы Қодаманов толықтай ақталады. Партбилетін қолына алып, одақтық деңгейдегі дербес зейнеткер атанды. Туған топырағы Шиеліге оралып, «Төңкеріс» ауылының іргетасын қалауға кіріседі. Ауылда құс және шошқа фермасы ашылып, Сыр маржаны өсіріледі. Шәкеңнің бастамасымен ауылда халықтық бақылау тобы ұйымдастырылып,  атқарылып жатқан жұмыстар қатаң бақылауға алынады. Оның осы іс-тәжірибесінен үлгі алғысы келетіндер еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатты. Атқарған ауқымды істері үшін бұл ауылға Шеген Ермұхамедұлы Қодамановтың есімі берілді.

Қуғын-сүргіннің қым-қуытын бастан кешкен ол 1974 жылдың наурыз айында 73 жасында өмірден озды. «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Қара тізімге ілігу», «Азапты 1166 күн», «Түрме азабы, зарықтырған кешірім», «Қиын екен өз итіңнің қапқаны», «Туған жерге туын тігу», «Өмірдерек» атты кітаптарда оның өмірі боямасыз баян етілген.

Ұрпақтарға ұлағат болар өмір дастанын кеңірек жазу алдағы уақыт еншісінде.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист, Қазақ журналистикасының қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<