«Үштіктің» үкімі

790

0

Ислам дінімен сусындаған білімдар ғұламалар, әулие, ишандар, сопы-қажылар құдайсыз  қоғамның құрбаны болғаны белгілі. Солардың бірі ХІХ ғасырдың аяғы мен  ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Баймахан қажы Еркебайұлы еді.

Қажының туған жылы туралы екі түрлі мәлімет бар. Бірі Жалағаш ауданы Мақпалкөл қазіргі Т.Жүргенов ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалы Жұбатхан Ысқақовтың «менің әкем Ысқақ 1880 жылы туған, Баймахан ағам одан екі жас кіші болатын» деп айтуынша, 1882 жылы туды десек, облыстық ішкі істер департаментінің архивтік анықтамасы бойынша 1874 жылы Қармақшы ауданына қарасты №16 ауылда, қазіргі Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылында дүниеге келген. Әкесі Еркебай да дін жолын ұстанған, айналасына шарапат шуағын шашқан кісі екен. Баймахан қажы ең бірінші ауыл молдасынан қара танып, әрі қарай Ораз, Шаймағанбет ахундарда оқып, білімін көтерген. Ол тәні де жаны да келісті, бірде-бір адамның көңілін қалдырмайтын, айтқаны дәл келетін әулие кісі болған. Өзінің пікірі бар, ахундар мен ишандардан дәріс алып, араб, түрік, орыс, шағатай тілдерінде еркін сөйлеген. Шежіре бойынша тарқатсақ, Еркебайдан Үрбибі, Баймахан, Саймахан туады. Үрбибіден Ыбырай, Ыбырайдан Әбсәпи, Патыма, Нәбира, Рабиғаш, Ұлболсын, Қылышбек, Баймаханнан Есқали, Мырзабек туады. Саймаханнан  Бакарамша туады.

Шариғат жолын ұстанған әкесінен жастайынан имани тәрбие алып өскен Баймахан да біреудің ала жібін аттамаған, пенде баласына қиянат жасамапты. Сонымен бірге ол екі иығына екі адам мінгендей кең жауырынды, палуан денелі, ұзын бойлы, ерекше күштің иесі болыпты.

Кешегі қиын-қыстау заманда ағайынға қол ұшын созып, айналасындағы ғаріп жандарға қамқорлық жасауы да жомарт пейілді, діндар адам болғанын айғақтай түседі. Тіпті сол аласапыран заманда қасиетті қала Меккеге үш мәрте қажылыққа барып мұсылмандық парызын өтеп, Құдайға құлшылық қылуы да ол кісінің мұсылмандық сипатын айқындап, тақуалығын толықтыра түседі.

1932-1933 жылдары Үрбибі апасынан туған Ыбырай деген жиенін Арқа жақта бала оқытып, молда болып жүрген жерінен ауылға алып келіп, заман талабына қарай білім алуға ықпал еткен. Баймахан қажы 1935 жылы ұсталып кетіп бара жатқанда Ыбырай жылап соңынан қалмапты. «Ақтікеннің» тұсына келгенде, «Інім, үйге қайт, мен бұдан аман келемін, осыдан кейін де мені мына дүлей үкімет екі рет тұтқындайды, соңғысында қайтып келмеймін» дегені дәл келді. Қазалы түрмесінде Тұрмағамбет шайырмен бірге жатады. Бірақ қылмысы дәлелденбей босатылған. Екінші рет «Түркия тыңшысы» деген айып тағылып, Шымкент түрмесіне жабылған. Абақтыда қырғыз, қарақалпақтармен сөйлескенде қасындағы кісілер сол ұлттың адамы деп ойлайды екен. Бұл жолы да қылмысы дәлелденбей, ауылға  келеді. Көпшіліктің ортасында отырып болашақ жайлы сұрағандарға қажы «Жарық бір жерден болады, суретті үйден көресің, адамның ажалы темір тасбақадан болады» дейді екен. Тағы бір кісі бұл кеңес үкіметі қандай үкімет деп сұраса: «Бұл өкімет – нағыз халықтың өкіметі, дүниежүзі мойындайтын өкімет болады, бірақ өмірі қысқа болады. 53 жылдан кейін құлайды, себебі, өкімет Құдайға, дінге  қарсы, ал дін дегеніміз – Адам ата мен Хауа ананың ұрпағына нәсіп етіп аманаттаған Алланың бұйрығы» – дейді. Міне, бұл жолдардан біз Баймахан қажының тегін адам болмағанын аңғарамыз.

Дінді насихаттағаны үшін Қызыл үкіметтің қанды қасап жендеттері Баймаханның соңына шам алып түседі. Халыққа дін таратып, уағызға ұйытты деген желеумен 1930 жылы қамауға алып, Қазалы қаласындағы түрмеге жабады. Алайда, ол амалын тауып абақтыдан қашып шығады. Одан соң ауылға баруға болмайды, барса, ағайынға да зиянын тигізеді, өз басына да қауіп төнеді. 1937 жылы НКВД мазалай бергеннен кейін Баймахан қажы Қарақұмдағы Ақмырзаның көтерілісшілеріне барып қосылған. Көтерілісті басып, жаппай жазалау кезінде 1937 жылы 27 қазанда қайтадан қолға түсіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы атақты «үштіктің» үкімімен 1937 жылдың 28 қарашасында ату жазасына кесілген. Сол жылдың 19 желтоқсанында атылады. Қай жерге көмілгені белгісіз, ауызекі әңгіме бойынша үш жер айтылады: Қызылорда қаласындағы «Арай» шағын ауданында, «Қарауылтөбеде» және қала ортасындағы «Аль-Асад» дүкенінің аумағы. Ауыл ақсақалы Жұбатхан Ысқақовтың айтуынша, Қызылорда қаласының қазіргі «Арай» шағын ауданында орналасқан сталиндік репрессия құрбандарына арналып қойылған монументтің орны болып отыр. Ол кісі былай деп еске алады: «1965 жылы  Омық мақсұмның үйінде қонақ болдым. Қонақасы жеп отырғанымызда үйге бір еңгезердей ірі кісі кіріп келді. Жүзі жабырқаулы, көзі мұңға толы, түр әлпеті өте шаршаңқы, киімі де жұтаң, көптен демалмағаны да аңғарылады. Біз танымағанмен сырттан келген кісіге ишарат білдірдік. Біздің состиған түрімізді көрген ол үй егесіне «әй, Омық тәкаппарланып кетіпсің ғой» дегенде, үй егесі ұшып түрегеліп, басын иіп, құлдық ұрып «төрлетіңіз, айып етпеңіз, төрлетіңіз» деп қайталай берді. Ас-су ішіп, ішіне ел қонған соң, жөн сұратпай-ақ  әңгімесін былай деп тарқата берді: «1937 жылы желтоқсан айының 19-ы болатын. Тоғыз адамды абақтыдан шығарып оншақты солдат қоршап Қызылордаға жақын жерге шеңгелдің арасына әкелді. Қолымызға күрек берді де, қазуды бұйырды. Әл жоқ, дәрмен жоқ. Не екенін білеміз бе, баяу қазып жаттық. Сол кезде арамыздан Баймахан қажы «дұрыстап кеңдеу етіп қазыңдар, өздеріңнің жататын жерлерің ғой» дегенде біз де бірдеңені сезіп едік. Содан әліміз келгенше қаздық. Әрі қарай белгілі ғой. Қазған шұңқырларымыздың тұстарына қаз-қатар тұрғызды да ата жөнелді. Бәрі оқ тиіп шұңқырға құлай түсті. Маған оқ дарымады. Қайта атты. Дарымады. Олар таңғалысты. Мені көлікпен қайта алып қайтты. Қамап тастады. Бірақ түрменің есігін қанша құлыптаса да ашылып кете берді. Мен дәретімді алып, жата бердім. Бірнеше күннен кейін шығарып жіберді. Содан мен ел асып жүріп жан сақтадым. Елді сағындым. Сұрай-сұрай келіп отырмын» деді. Баймахан қажы деген жерін тәптіштеңкіреп қайта сұрадым. Шынымен де сол кісінің дәл өзі екен. Атылғанын, дәл жатқан жерін куәгердің өз ауызынан естуім осылай болды» дейді.

Баймахан қажының ұрпақтары Шалабайқызы Зағирадан тараған Бақтыгүл, Есқали, Шекер, Мырзабек секілді ұрпақтары және олардан туған балалар бүгінде арамызда бар. Қажының шаңырағында екінші алған әйелі Сағырқызы Салиха әже қалды. Ол да 1975 жылы қайтыс болды. Ұлы Есқали 1942 жылы 19 жасында Жалағаш аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, содан оралмаған. Арманда кеткен асыл ерге туған жерінің топырағы бұйырмай, Калинин облысы, Невельск ауданы, Торгилова деревнясына жерленді. Баймахан қажының ұрпағы Мырзабек  51 жасында 1997 жылы науқастанып дүниеден өтті. Баласы Мәди қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Салиха әже мен Мырзабекті ауыл қажының баласы мен кемпірі деп қатты құрметтейтін. Қызы Шекер Ақарық, қазіргі Есет батыр ауылында ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Бірақ Шекер әжеміз нағашысы Нұртазаның тегін иеленді. Дүниеден өткенде ғана «Баймаханқызы» болғанын ауылдастары айтады.

Баймахан қажы Еркебайұлы облыстық прокуратура шешімімен 1989 жылы 22 мамырда ақталды.

Жалағаш кентінде орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Халқымен қайта қауышқандар» ескерткіш-тақтасына  есімінің жазылуына  Табынбай Ахметов, Бексемет Тойқожаұлы секілді азаматтардың еңбегі зор.

Өз заманында иманның тәртібімен елге сыйлы болған, қанқұйлы сталиндік зорлық- зомбылықтың, репрессияның құрбаны, адал ұрпақты тәрбиелеген Баймахан қажы бабамның өмірі мен үшін де, келер ұрпақ үшін де өнеге.

Әділ ИБРАЕВ,

Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектебінің

тарих пәні мұғалімі,

Жалағаш ауданы, Т.Жүргенов ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<