Ұлттың тамырынан нәр алған

726

0

Қазақ халқының таяу заман тарихында ерекше орынға ие, мұқалмас мұратымыз азаттық үшін күрес жолында мерт болған Алаш зиялыларының, қозғалыстың тарихы көбінесе Алашорда үкіметінің тарқауымен байланыстырылады. Бұл мәселеге тереңнен үңілсек, ауқымы әлдеқайда әріде.

«Алаш» қозғалысының бастауында оқыған қазақ зиялылары тұрды, идеясы көшбасшылар еңбектерінде баяндалған кейбір қағидалар төңірегінде  қалыптасты. Ол қағида бойынша, біріншіден, жер – қазақ халқына тиісті мұра, оны жекеменшікке беру мен сату туралы сөз қозғалуы мүмкін емес. Екіншіден, жерүсті мен астындағы бар байлық қазақ мемлекеттілігінің идеясына  қызмет етуі тиіс. Үшіншіден, Қазақстан толық экономикалық еркіндік алуы, шикізат өндірісінен жергілікті дайын өнім өндіретін өнеркәсіпке өтуі керек. Төртіншіден, мемлекетте қазақ тілі, мәдениеті, діні, ғұрыптары мен салт-дәстүрлері үстем болуға тиісті. Бесіншіден, ұлттық мемлекет ғылымға, басқа мемлекеттер жетістігіне, ұлттық дәстүр мен ғұрыптарға негізделуі керек. Міне, осындай қағиданы ұстанған ұлт мақтанышы болған Алаш зиялыларының өмірі мен қызметі кеңес дәуірінде жете зерттелмеді. Қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қуғынға ұшырап, есімдері белгісіз болып келді. Ол кезде қазақ зиялыларының революциялық және қоғамдық қызметтеріне ғана назар аударып келді және біржақты көзқараспен жазылды. Ал заман ағымы болса маркстік-лениндік және басқа да біржақты әдіснаманың тар өрістілігін ескере келе, тарихилық, ақиқат өлшемін басшылыққа ала отырып ұлт тарихын әділ жазуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты алғашқылардың бірі болып, ғұмырын Ұлттық Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен байланыстырған академик Кеңес Нұрпейіс ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихын, 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері мен Алаш жетекшілік еткен Қазақ автономиясының тарихын объективті тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді. Бұған байланысты көп жылғы зерттеу жұмысының нәтижесінде 1995 жылы «Алаш һәм Алашорда» монографиясын жариялады. Еңбек – ғылыми айналымға жаңадан қосылған түпнұсқалық мәні бар деректерге толы маңызды зерттеу жұмысы. Бұл еңбекте «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің тарихына байланысты нақты оқиғалар зерттелген. Автор еңбегінде негізгі төрт тарауды қамтыған. Бірінші тарау мәселенің тарихнамасы мен деректік негіздерінде, екінші тарау «Алаш» қозғалысының бастау көздеріне, үшінші тарау монархия құлағаннан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруі және «Алаш» партиясының құрылуына, төртінші тарау Алашорда және Кеңес өкіметі мәселелеріне арналған. Сонымен қатар қосымша ретінде «Алаш» қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімі, «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы және қозғалыс жетекшілерінің көзқарас эволюциясы мен Кеңес өкіметі жылдарындағы тағдырына байланысты кейбір құжаттар қарастырылады. Қозғалыс тарихы 60 жылдан астам ресми өкімет тарапынан тыйым салынған тарихымыздың ақтаңдақ беттері болып келгендіктен, зерттеушілер жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік алды.

Ұлттық сана-сезімді ояту мен мәдениет мәселелері бойынша одан әрі білім жинақтаудың сипатты ерекшелігі ғылымды бұрын пайдаланылмай келген деректемелер мен әдебиеттің мол көзімен байыту болды. Бірінші кезекте бұл XX ғасырдың 30-жылдарында Алаш зиялылары қуғынға ұшыраған, кезінде буржуазиялық ұлтшылдар деп орынсыз айыпталған азаттық қозғалысы жетекшілерінің ақталуына байланысты мүмкін болды. Қазіргі уақытта жұртшылық Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Халел Досмұхамедов сияқты ұлт зиялылары еңбектерін оқуға мүмкіндік алды. Осыған байланысты зерттеушілер өз ізденістерін олардың өмірі мен қызметін мұқият және жан-жақты зерттеуге, негізгі баспасөз органы – «Қазақ» газетінің мазмұны мен ролін объективті түрде анықтауға, сондай-ақ «Алаш» қозғалысының бағдарламасына талдау жасауға бағыттады.

О.Әбдімановтың «Қазақ газеті» деген кітабында газеттің пайда болуы алдындағы тарихи жағдай айқын көрсетілген. Автор шетелдік қазақ диаспорасының өкілі Хасен Оралтайдың «Алаш» партиясының 1905 жылдың өзінде-ақ құрылғаны және оның жария партияға айналған 1917 жылға дейінгі құпия қызметі туралы айтқан көзқарасына қосылады. Ол «Қазақ зиялылары кадет партиясы идеяларын неліктен жақын тұтты?» деген сұраққа жауап қайтаруға ұмтылыс жасаған. Олардың арасында 1900 жылдарда байқалған және «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы төңірегінде топтасқан екі ағым қарама-қайшылығының негізгі көздерін ашып көрсетеді. «Қазақ» газетінің мақсаттары, оның атауы мен қызметінің негізгі бағыттары жан-жақты ашып көрсетіледі. Газеттің жер, 1916 жылғы көтеріліс, «Алаш» партиясының ұйымдастырылуы мен жаңадан құрылған партия бағдарламасы жобасының дайындалуында жалпықазақстандық съездердің атқарған ролі сияқты тарихнамадағы проблемаларға көзқарасы анықталады. Автор газет беттерінде Қазақ автономиясы идеяларының көрініс табуы және бүкілқазақстандық «Алашорда» кеңесінің құрылуына, жаңа мемлекеттік бірлестікке кіргізуге болатын облыстарды анықтауға арналған материалдарға баса назар аударады. Дегенмен автономия жариялау мәселесі бойынша алауыздықтардың пайда болу кезеңін көрсетуге келгенде олардың себептері ақырына дейін айқындалмай қалады. Автор газет шығарудың соңғы кезеңінде оның беттерінде «Алаш» басшылығының арасында пайда болған алауыздықтардың себептеріне аз көңіл бөлген. «Қазақ» газетінде бірінші кезекте мәдениет, білім беру және әдебиет проблемалары кең әрі толық берілген. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің қызметін көрсететін бұрын қол жетпеген мұрағат қорларын пайдалану мүмкіндігінің іс жүзіне асуы арқасында зерттеушілер бұл проблеманы зерттеп, мерзімді баспасөз беттерінде жекелеген мақалалар немесе топтамалар етіп жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Д.Аманжолованың «Алашорда. Қазақ автономизмі», К.Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда» және М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» деген еңбектері алғашқы туындылар болды.

Д.Аманжолованың монографиясы қазіргі ұлттық проблемалардың бастаулары мен себептерін ұғынуға арналды. Зерттеудің басты жаңалығы – қазақ автономизмі.  Алаштың» әскери доктринасын, әскери бөлімдерінің құрылуын, олардың құрамын, санын, соғыс қимылдарына қатысуын, Алашорда басшылығының Түркістан майданымен келіссөздерінің барысын және мазмұнын, «Алаш» жетекшілерінің эволюциясы мен Азамат соғысы барысындағы бұқараның Алашордаға көзқарасын автор тұңғыш рет көрсетеді. Ресей FA-ның мүшесі Ю.Поляковтың атап көрсеткеніндей, Алаштың табиғаты, әлеуметтік базасы, даму қарқыны және жеңіліс табу себептері туралы автордың ой-толғамдары бұрын ғылыми айналымға енбеген қыруар деректемелерге жалықпай талдау жасауға негізделген, мұның өзі оны ғылым жағынан негізді және иланымды етеді.

K.Нұрпейісовтің кітабында «Алаш» қозғалысының бастауларына, монархиядан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың өзгерістеріне, «Алаш» партиясының құрылуына, Алашорда мен Кеңес өкіметінің өзара қатынастарына баса назар аударылады. Тараулардың бірі деректемелер мен проблемалар тарихнамасына талдау жасауға арналған. Автор «Алаш» дамуы тарихының негізгі проблемаларына: «Алаш – Қазақстандағы тұңғыш саяси партия», «Алаш автономиясы – болашақ мемлекеттіліктің құрылымы», «Алашорда» – автономияны басқаратын үкімет» деп ерекше көңіл бөледі. Нақты мәселелерді объективті ұғыну мен түсіндіру «Алаш» қозғалысының шын мағынасын ашып көрсетуге жағдай жасайды. Кеңес өкіметінің Алашқа көзқарасына талдау жасау автордың бірнеше кезеңді: ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы большевиктік тұрғыдағы жарияланымдардағы «Алаш қозғалысы» ұғымы, проблеманы зерттеуге алпыс жыл бойы тыйым салу мен «буржуазиялық ұлтшыл», «халық жауы» атағын тану кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік берген 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланып, проблеманың тарихнамасында әділеттілік пен шындық жағына қарай бетбұрыс жасалғаннан кейін ғана ақиқат кезеңі туғанын айтқан.

Сонымен бірге К.Нұрпейісов «Алаш» қозғалысының мәнін неғұрлым толық ашып көрсету үшін зерттеушілерден әлі де көп күш-жігер жұмсауды керек ететін бірқатар мәселелерді меңзейді. Оларға мыналар жатқызылады: оның басшыларының тәуелсіздік идеяларының, саяси және экономикалық көзқарастарының бастаулары, ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде «Алаш» қозғалысының атқаратын ролі мен алатын орны; 1917 жылғы екі революция аралығындағы кезеңде «Алаштың»  басқа партиялармен байланыстары мен өзара қатынастары; «Алаштың» және Алашорданың Кеңес өкіметімен өзара қатынастары; «Алаштың» ортаазиялык және түркі халықтарымен, мұсылмандық саяси партиялармен және қоғамдық козғалыстармен ішкі қайшылықтары: «Алаш» қозғалысы және қазіргі Қазақстан. Кітапқа қосымшада «Алаш» қозғалысына қатысты бірсыпыра құжаттар келтірілген. Ең алдымен, бұлар – «Алаш» партиясының мүшелері мен олардың пікірлес адамдарының тізімі, партия бағдарламасының жобасы, басшылар көзқарастары және олардың Кеңес өкіметі жылдарындағы тағдыры туралы материалдар.

Сөйтіп К.Нұрпейісовтің монографиясында ХХ басындағы Қазақстандағы тұңғыш саяси партия мен оның үкіметі қызметінің негізгі кезеңдері рет-ретімен, арнаулы сақтаулы қордан алынған құжаттарды едәуір мөлшерде ашып көрсетеді.

М.Қойгелдиевтің монографиясында XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның тарихи дамуына байланысты проблемалардың кең ауқымы қамтылған. Кітаптың бүкіл арқауы басты мәселе – «Алаш» қозғалысына арналған. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты, ұлттық езгіге наразылықтың күшеюі және қазақ зиялыларының 1905-1916 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметі; ұлт зиялыларын қудалау саясаты; «Қазақ» газеті және 1908-1916 жылдарда тәуелсіздік жолындағы күрес идеологиясының қалыптасуы; Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы және 1916 жылғы ұлт-азаттық күрес кезеңіндегі қазақтың демократияшыл зиялылары; Ақпан революциясының жеңісі және ұлт-азаттық қозғалысының жаңа міндеттері; қазақ демократияшыл зиялыларының Уақытша үкімет жұмысына қатысуы: жалпықазақтық бірінші және екінші съездер, «Алаш» пен «Алашорда» үкіметінің құрылуы жан-жақты көрсетіледі. М.Қойгелдиевтің кітабында Алаш қозғалысының тарихнамасы иланымды берілген. Автордың қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттеудің тарихнамалық негізін Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Тынышбаев және басқалар революцияға дейін-ақ қалаған деуімен келісуге болады. «Алаш», «Алашорда», Алаш қозғалысы проблемалары бойынша жарияланған жоғарыдағы еңбектердің сатылы сипатын айта келіп, проблеманың тарихнамасында құпиялар тым көп қордаланып қалғанын атап өткен жөн. ҚР ҰFA-ның корреспондент-мүшесі К.Нұрпейісовтің әділетті атап өткеніндей, ең алдымен «Алаш қозғалысы» терминінің мәні әлі де толық айқын емес.

Алаш зиялыларының ұлттық идеясы – қазақ ұлтымен бірге өмір сүретін, ұлттың өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы.

Гүлшара Серікбаева,

жоғары санатты педагог-зерттеуші.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<