Ел Ерәлиді ұмытқан жоқ

662

0

Жаңақұрылыс – тіршілікке қолайлы жер. Сырдарияның теңізге құярлығында осындай ауыл бар, 150 түтіннен асар-аспас, мыңға жетпейтін халық қоныс тепкен. Жай жатпағаны белгілі, тірлігін тиянақтап, өзінше қарекет етуде. Бұл ауыл 1974 жылы өз алдына кеңшар болып құрылғанша Карл Маркс совхозының (қазіргі Бекарыстан би) бөлімшесі болған. Ол кездегі Карл Маркс – Қазалыдағы маңдайалды шаруашылық, күріш егумен айналысқан елді мекен.

Ауылдың іргесіндегі «Ақбасты» көлінің өзі бір кездері тұтас халықты асыраған. Тұнық суда қаяз, сазан, ақбалық, шабақ, тістілерімен бірге ондатр болса, көл қамысын қалың қабан жайлайды. Қырғауылы мен қояны өріп жүр. Шабындығы мол «Алтынтапқан», «Жайынды» көлі, «Сарыайғыр» мен «Қосүйтам» алқаптары, «Үш айдын», «Науша», «Қызкеткен», «Төбеқайыр» – мал өрісіне жайлы жер. Қала тіршілігінен тым алыс жатқан жаңақұрылыстықтардың басты кәсібі осы төрт түлікпен байланысты.

Жаңақұрылыста «жұлдызым көкте, бақытым елде, несібем жерде» дейтін жұрт тұрады. Бүгінгі айтпақ кейіпкеріміз де осы өлкеде туған. Осында кіндігі кесіліп, құмында балалық шағы өткен. Арман қуып, Алматыға да осы жерден аттанды. Мақсатына жетіп, мамандығымен абыройлы атанса да өскен жерін ұмытқан жоқ. Жиі соғып тұратын. Дүниеден өткенше ауылға көп аялдайтын.

Әңгіме Арал мен Қазалыда көп жыл дәрігер болып қызмет еткен Ерәли Маханов жайлы. Өзім ол кісімен әңгімелесіп, шаңырағында аунап-қунап жатқанмын.

Ол қарапайым шаруа отбасында өсті. Көрші ауыл Бөгендегі орта мектепті бітірген соң әу баста армандаған мамандығына қол созыпты. Онысы әрине, дәрігерлік еді. Осы мақсатпен Алматыдағы мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1971 жылы аяқтап шықты. Одан соң Қызылордадағы облыстық ауруханада бір жылдық интернатурадан өткен.

– Екеуміз Алматыдағы мемлекеттік дәрігерлік институтта қатар оқыдық. Ол «Емдеу ісі», ал мен «Балалар дәрігері» мамандығын алғанбыз, – деп еске алады әріптес-досы, Денсаулық сақтау саласының үздігі, зейнеткер Жеткерген Өтегенов. – Мен 1969 жылы оқуды тәмамдап, Арал аудандық ауруханасына балалар дәрігері болып орналастым. Ал Ерәли 1971 жылы мединститутты аяқтаған соң Бөген ауылдық ауруханасында қызмет жолын бастады. Одан соң Қазалыдағы Карл Маркс совхозында дәрігер-педиатр болып еңбек етті. Кейін Аралдағы Қызылжар ауылында аурухананың бас дәрігері болып көп жыл жемісті қызмет еткені баршаға аян. Менің білетінім, ол сауатты әрі жауапкершілігі өте жоғары азамат еді. Содан болар, ол еңбек еткен қай ауыл тұрғынынан сұрасаңыз да, Ерәлидің білікті дәрігер екенін айтады. Мен кейінгі 25 жылда Қамыстыбас ауылында бас дәрігер болдым. Сонда Ерекеңмен ұдайы семинар-кеңесте бірге болып, тәжірибе алмасып, тонның ішкі бауындай отбасымызбен бірге араласқан жайымыз бар. Достыққа адал жігіт аз ғой өмірде. Ол – осы үдеден шыға білген азамат.

Ерәли ағамыздың халыққа сыйлы, жұртқа құрметті болуының бір ұштығы, Құдай қосқан қосағы Гүлнар Елшекенқызында жатыр десек, артық айтпаспыз. Қызылорда медициналық училищесін «Акушер» мамандығымен бітірген Гүлнар күйеуімен бірге 34 жыл осы салада тер төкті. Жұмысымен қоса, бала тәрбиесін де ұмытпай, ұл мен қыздың дұрыс бой түзеуіне көп еңбек сіңіргенін баса айтуымыз керек.

Ал қазалылық ардагер, ауданның Құрметті азаматы, Денсаулық сақтау саласының үздігі Болат Сәдуов Ерәлидің ауыл халқын емдеуде, әсіресе, балалар денсаулығын түзеуде еңбегі көп екенін айтады.

– Ол Қазалы ауданындағы қазіргі Бекарыстан би ауылында қызмет істеді. Бұл 1973-1982 жылдар еді. Әрине, ол уақытта ауылдық жерде дәрігер болу оңай емес. Оның үстіне балалардың денсаулығына жауапты болды. Әлі есімде, 1978 жылы балалар арасын «сары ауру» дейтін дерт жайлады. Қазіргідей емес, ол кездегі тұрғындар ішіп отырған ауызсудың сапасы нашар, талапқа сай емес. Міне, сол кезде әріптесім Ерәли осы қиыншылықтардың бел ортасында жүріп, кішкентайлардың саулығы үшін күресті. Сол жылдары Ү.Түктібаев, Майдакөл, Жаңақұрылыс елді мекендеріне дәрігерлік қызмет көрсетіп, ел аралап, балалар арасындағы аурушаңдықты болдырмау үшін түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізуден жалықпайтын. Профилактикалық шаралар, жұқпалы аурулардың алдын алуда егу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүруін жиі қадағалап отырды. Соның арқасы шығар, артынша балалар арасындағы белең алған ауру күрт азайды. Расымен, Ерәли – халық алдындағы азаматтық парызын, дәрігерлік міндетін жоғары деңгейде атқарған азамат. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, сол мінезінен жаңылмаған Ерекеңнің еңбегін туған елі ұмытпақ емес, ұмытпайды да, – дейді ардагер дәрігер.

Жауапты мамандықты тізгіндеген дәрігердің ең ұзақ қызмет істеген жері – Қызылжар ауылы. Мұндағы 25 жылда абыройсыз болмады. Басы ауырып, балтыры сыздағанды, ауыр науқастарды емдеп, құрметке бөленді.

Кейіннен Аралдағы іргелі елді мекеннің бірі, өндірісті аймақ Жақсықылыш кентінде 5 жылдай бас дәрігер болды. Мұнда да өз міндетін толықтай орындады. Одан соң Арал қаласындағы  аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінде меңгеруші қызметін атқарды.

Бас-аяғы 43 жыл дәрігерлік сапта талмастан еңбек етіпті. Жарты ғасырға жуық жиған білімі мен мол тәжірибесін осылайша халыққа қызмет етуге жұмсады. Мемлекеттік марапаттар, Денсаулық сақтау министрлігі мен сала басшыларының Құрмет грамотасы, Алғыс хатына ие болды. Президенттің Алғыс хатын алып, «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Бүгінде Ерекеңнің балаларының барлығы жоғары білім алып, өз саласында қызмет етіп жүр. Шаңырақ иесі Алматтың қолындағы Гүлнар апа жарына Құранын бағыштап, шүкіршілікпен отырғанына куә болып келеміз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<