Елім деп еңбек етіп, ұлтым деп аянбаған азамат

662

0

Еліміздің жоғары білім беру ісінде өмір мені көптеген талантты тұлғалармен әріптес, қызметтес, ниеттес етіп, жүздестірді. Сол арқылы біз мол тәжірибе жинап, рухани байи түстік, шыңдалдық, үлгі алар өрісіміз кеңейді, өстік, жетілдік. Сондай тұлғалардың бірегейі – Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы деп үлкен сеніммен, ыстық ықыласпен айтамын.

Бақытжан Тұрсынұлының есімі қазақ еліне және халықаралық білім мен ғылым кеңістігіне, оның ішінде жоғары білім беру саласына кеңінен танымал. Оның еңбек жолы мен таныстырмасам да, зиялы қауымға, алқалы ортаға әбден таныс. Алдымен оның 2021 жылғы 30 наурыздағы Парламенттік тыңдаудың кезекті отырысында жасаған баяндамасы ойыма оралады. Сенат депутаты  Бақытжан Тұрсынұлының «Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес» атты бас баяндамасындағы  ұлт болашағы, ел келешегі, замана беталысы туралы парасатты пайымдарын үлкен ынтамен оқи отырып, қазіргі жағдайды таразылап, келер күнге бағыт берер зерделілікпен, жол сілтер жанашырлықпен айтқандарының барлығын толықтай құптадым.  «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деген хәкім Абайдың ұлағатты сөзін тағы бір есіме алып, міне, осы парасатты пайымдар жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді деген қолдау тілегіммен зерделедім.

Онымен алғашқы жүздесуім 1992 жылы болған еді. Сол жылы Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты, қазіргі Қорқыт ата атындағы университеті жанынан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Қызылорда филиалы ашылды. Ал Бақытжан Тұрсынұлы 1991 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті болатын және ол бұл қызметті қазіргі күнге дейін атқарып келеді. Бұл Сыр өңіріндегі ғылыми-техникалық инновациялық қызметті дамытуға және инженерлік кадрларды даярлауға үлкен үлес қосып келе жатқан қоғамдық бірлестік. Осыдан басталған әріптестік қарым-қатынасымыз одан әрі өрістеп, жалғасын тапты. Отыз жылдан аса уақыт қызмет барысында Бақытжан Тұрсынұлының азаматтық, ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттеріне, терең біліміне қанық болып, талантты тұлға екеніне көзіміз жетіп келеді. Ол бізге әріптес аға, ақылшы-кеңесшіміз ретінде өзінің терең әрі жан-жақты әлеуетімен үлгі-өнеге болып келеді. Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Б.Жұмағұловтың еңбек жолында шыққан биік асулары, қол жеткізген жетістіктері  талантты ғалымның іскер ұйымдастырушы, жаңашыл басшы, ұлт жанашыры екендігінің жарқын үлгісін көрсетті. Айтып кеткенімдей, жоғары білім беру ісінде онымен көп жылдар етене жақын жүріп, жақсы білгендіктен әңгіме ауаны да осы төңіректе болатыны белгілі.

Өткенге көз жіберсең осындай белсенді, ұлтжанды азаматтың да басына  бұлт үйірілген кезең еске түседі. ҚазМУ-да проректор және партия ұйымы хатшысы болып үлкен ынта-жігермен еңбек етіп жүрген шағында елімізді есеңгіреткен Желтоқсан оқиғасы орын алды. Сол Желтоқсан ызғары университет ректоры Ө.Жолдасбековке, оның жанында қызметтес, қанаттас жүрген Бақытжан Тұрсынұлына да соққы болып тиді, қызметінен кетуге мәжбүр болады. Партия қатарынан шығаруға жасалған әрекеттен көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов бастаған ұстаздар қауымы қорғап қалады. Сол бір қысылтаяң кездерден де сағы сынбай өтіп, жігерін жанып, бойын тіктеп, өзінің білім алған, қызмет еткен Ұлттық университетіне қайтып оралады. Мұнысы өте орынды болғанын уақыттың өзі дәлелдеді.

Әркезде де елі, халқы үшін аянбай еңбек етіп, білімі мен білігін, мол тәжірибесін еліміздің болашағына жұмсап келе жатқан көрнекті қайраткер Бақытжан Жұмағұловпен таныс-біліс болғаныма отыз жылдан асып барады екен. Мен таныған Бәкең қашанда терең білімділігімен, көрегенділігімен, алғырлығымен, еңбекқорлығымен, сана сергектігімен тамсандырады. Ол – математик ғалым. Математик болғанда да жеті жұмбақтың бірі делінетін аса күрделі Навье-Стокс теңдеулері бағытында ғылыми ізденіске батыл ден қойып, «Көп байланыс саласындағы Навье-Стокс теңдеулерін шешудің сандық методтары» тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Досы әрі ұстазы Шалтай Смағұлов пен әріптестері Нарғозы Данаев үшеуі Навье-Стокс теңдеулеріне қатысты бірнеше ғылыми еңбек жариялады. Осындай терең де күрделі ғылыми еңбектің нәтижесінде осы ғалымдар тобына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Ғалым үшін бұл – ең үлкен жетістік, мерейлі мәртебе!

Бақытжан Тұрсынұлы қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалған жоқ, ол ғылыми ізденістерін одан әрі тереңдете түсіп, 1997 жылы мұнай-газ кеніштерін игеруде компьютерлік технология мен математикалық модельдеуді пайдалану мәселелеріне арналған докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының докторы атанды. Ол – Қазақстанда тұңғыш рет мұнай-газ саласын математикалық және компьютерлік модельдеудің жаңа ғылыми мектебінің негізін салған ғалым. Оның жетекшілігімен осы тақырыпта 3 докторлық, 12 кандидаттық жұмыс қорғалып, ғылыми мектеп қалыптасты.

2008 жылы сәуір айында Б.Жұмағұлов Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздегі білім мен ғылымның қарашаңырағы, ең ірі жоғары оқу орны – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ректор болып тағайындалды. Университеттің басшылық тізгінін қолға алған іскер азамат  аз уақыт ішінде көп іс тындырып үлгерді. Сол кездердегі университетте атқарылған жұмыстар жоғары оқу орындарының жаңаша дамуына үлгі боларлық түбегейлі жаңашыл жұмыстардың ордасына айналды. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті толығымен жаңа бағытын айқындап, елімізде тұңғыш рет халықаралық аккредиттеуден өтті. Әлемдік деңгейде дамыған университеттермен әріптестік орнатып, мамандарды бакалавр, магистр, PhD докторантура секілді үш сатылы жүйе арқылы даярлауға, кредиттік оқыту технологиясына көшті. Ұлттық университеттің қалашығы жаңадан салынған нысандармен көркейді. Жаңа үлгідегі ғимараттар, жатақхана, музей және спорт кешені бой көтерді. Ең бастысы, оқытушы-профессор құрамы мен білім алушылар толыққанды біліммен, ғылыммен айналысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың тұрмыстық жағдайына оң өзгерістер енгізілді. Бұның бәрі Бақытжан Тұрсынұлының ректор кезіндегі сан қырлы тынымсыз еңбегінің жемісті нәтижесі еді. Соның арқасында университет әлемдік рейтингте өзінің лайықты орнын алып, қазіргі уақытта көшбасшы жоғары оқу орны болып келе жатыр. Шыны керек, біз әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жасалып жатқан жаңалықтарға тамсанып отыратынбыз, соған қарап сап түзеуге ұмтылатынбыз. Үлгі болар жарқын істерге сүйсінетінбіз.

Көп ұзамай, 2010 жылы қыркүйекте Б.Жұмағұлов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. 2013 жылға дейін аса жауапты лауазымда оның еліміздің білім беру саласының талантты ұйымдастырушысы, табанды қайраткері, әлеуеті мол білімді де білікті тұлғалық бейнесі одан сайын жарқырай көрінді.  Біздің де оны айрықша танып-білуіміз тереңдеп, кеңейе түсті.

ҚР Білім және ғылым министрі қызметінде ол ерекше жүйелі жұмыстар жүргізді. Республикада бірінші рет 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік білім бағдарламасын әзірледі, сонымен қатар сол жылдары ҚР «Білім туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Айрықша атап өту керек, «Ғылым туралы»  жаңа заң  әзірлеп, ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа моделін өмірге енгізді. Осы заңнамалық, нормативтік құжаттар Қазақстанда білім мен ғылымды дамытуға жаңа серпіліс әкелгенін жақсы білеміз. Мысалы, бір ғана Қорқыт ата университеті тарихын алып қарасақ, жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» заң нәтижесінде  гранттық қаржыландыру  өмірге енді,  университет  ғалымдары  2012-2014 жылдары 10 жоба, 2018-2020 жылдары  9 жоба жүргізді. Бұл бұрын-соңды университет тарихында болмаған жаңалық еді. Республика бойынша ғылыми шығармашылықты, іргелі, қолданбалы ғылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бақытжан Тұрсынұлының ұсынысымен 12 сәуірді Ғылым қызметкерлерінің күні деп белгілеу Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, Қазақстан ғалымдарының, ғылыми қызметкерлердің кәсіби мерекесі ретінде жылда аталып өтіп келеді. Бақытжан Тұрсынұлы Білім және ғылым министрі болып тұрған кезде ғылымды қаржыландыру 2,5 есе өскенін, соның нәтижесінде ЖОО қызметкерлерінің ғылыми әлеуеті көтеріліп, жаңа серпін жасалғанын атап өтуіміз қажет.

Оның бастамасымен Қазақстандағы жоғары оқу орындарын дербес дамыту жолы қарастырылып, бірінші рет автономды даму мәселелері қолға алынды. Осындай жаңашылдықтарды өмірге енгізіп, еліміздің жоғары білім беру ісі мен ғылымын дамытуда ерекше үлес қосқан көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, талантты ғалым Бақытжан Тұрсынұлының ерен еңбегі қашан да құрметпен аталады.

Ол елдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Терең білімділігімен, талантты болмысымен, үлкен азаматтық ұстаныммен саяси-қоғамдық жұмыс болсын, мемлекеттік жұмыс болсын, бәріне бірдей қарап, оны ойдағыдай орындауға аянбай атсалысып, өрісті өнегесін көрсетуде. Еліміздің 30 жылдан астам тарихында қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып келе жатқанына, жүктелген міндетті мүлтіксіз атқара білетініне куәміз. Оның еңбек жолындағы шыққан биіктері, алған асулары, атқарған қызметтері баршамыздың көз алдымызда. Сол жылдар жаңғырығы жадымызда.

2005 жылы елімізде сайлау өткізуге байланысты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың республикалық  қоғамдық штабын басқарып, сайлау науқанын үлкен жауапкершілікпен атқарды. 2007 жылы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жаңадан партиялар қалыптасып, партиялық жүйе тәжірибесі өмірге енді. Саяси партиялардың ролін көтеру мақсатында бірінші рет ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттар сайлауда партиялар тепе-теңдігін сақтау заңы өмірге келді. Соның нәтижесінде Бақытжан Тұрсынұлы ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланып, Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сол кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жаңа заңдарды өмірге енгізуге бағытталған қызметіне өзім де куә болдым. Себебі мен де 2007-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық жүйемен сайланған депутат болдым.

Бақытжан Тұрсынұлының еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік дамуындағы еңбегі ерекше екенін айту, қажырлы еңбегіне куә болған біздердің ізгі парызымыз деп білем. «Өркениет өлшемі – білім мен ғылым» дейді талантты ғалым Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов. Әрине, солай! Біз  оның осы тұжырымымен толық келісеміз. Өйткені бұл – ұзақ жылдар еліміздің жоғары білім беру ісі мен ғылымы саласында бірге жүріп, көз жеткізген бұлжымас шындық. 

Қазақстан Республикасы жоғары білім беру ісінің көрнекті ұйымдастырушысы, Отанын ұлықтаған адал ұлы білімі мен білігін, өмірлік мол тәжірибесін елінің игілігіне әлі де жұмсай беретініне кәміл сенімдіміз. 

Бақытжан Тұрсынұлының ел, ұлт мүддесіне жан-тәнімен бар күш-жігерін сала жұмыс істеуіне сенімді өмірлік серігі Валентина Ивановнаның бірлігі жарасқан отбасының ұйытқысы бола алуы дәлел болса керек. Валентина Жұмағұлова – филология ғылымдарының докторы, профессор. Ғалымдар жұбының әдемі үйлескен жарасты көрінісі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола бермек.

Қылышбай Бисенов,

техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<