Меценат

932

0

Әр заман, әр дәуірде өзі туған өңірдің ұланы, ардақ тұтар азаматы, ел ағасы болары хақ. Олар сондағы қоғам тіршілігіне бел шеше кірісіп, риясыз көңілмен атсалысып жүреді. «Ер жігіттің белгісі – еліне тиген пайдасы» демеп пе еді біздің бұрынғылар. Жалған бедел жинамай-ақ, жұрт арасында сыйлы ағамен емен-жарқын тілдесудің сәті түскен еді. Әңгіме Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі меценат, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп жайлы болмақ.

– Мен – балықшы әрі аңшының баласымын. Әкем Тілептен қалған көзі тірі әрі еркек кіндіктіден жалғызбын, – деп бастады әңгімесін ағамыз. – 1938 жылғы Айсұлу есімді апам бар еді, 2018 жылы 80 жасында қайтты. Сол апам екеуміздің арасында шешем Тұрсынбике марқұм 11 құрсақ көтеріпті. Бәрі шетінеген. «Тырыспай» деген жаман ауру ғой. Кезінде Микоян деген колхоз болды. Соның «Жанай» деген учаскесінде өстік. Негізінде теңіздің қолтығындағы «Қосшоқы» деген жерде дүниеге келіппін. Бұл – Арал ауданындағы «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты жер. Қазір «Ұялының» орны ғана қалды. Теңіз қайтқалы ондағы көп ел бері қарай үдере көшті ғой. Қарапайым шаруа отбасында тәрбие алдық. Әкемнің домбырасын шерте отырып, жиі айтатын «Дүние ит екенсің, иттен туған, Пенденің ақылы жоқ сені қуған» деген сөзін санаға тоқып өстік. Содан болар, дүниеге қызықпай, қолдағы барды қысылғанмен бөлісіп келеміз…

Ибайдулла ағамыздың айтуынша, құжатта 1959 жылы туған деп көрсетілгенмен, дүниеге келген жылы 1958 жылы болса керек. Өйткені, әкесі Тілеп қарияның мына сөзі оның есінде қапты. «Балам, сенің құжатыңды бір жыл кеш алдым. Өйткені, теңіздегі мұз жарылып, елмен қатынас тоқтап тұрған уақыт. Дұрысында сен 1958 жылы дүниеге келдің. Дәкүментіңде алған уақыттағы күн мен жыл қойылып кеткен» деп кейінірек айтқаны әлі есінде.

–  Әкем мен ес білмейтін    1959-1960 жылдары «Қосшоқыдан» «Жанайға» көшіп келген көрінеді. «Жанайда» бастауыш мектеп болды, әріпті сонда таныдық. Бертін келе, Микоян колхозының орталығы саналатын «Лақалыға» қоныс аударып, 8 жылдық мектепті осында түгестік. Кейінірек Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенімде үйдегі қарттарым «Басықара» ауылына қоныс аударды. Ал мен одан соң С.Киров атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, «инженер-механик» мамандығымен елге оралдым. Бір оқиға әлі есімде, оқуда жүргенімде әкем звандады. Өмірі хабарласпайтын кісі еді. «Балам, шешең ауырып қалды. Еркек қос болып отырмын. Ойлан!» деп телефон тұтқасын қоя салды. Мен түсіндім. Өйткені, әкем Тілеп 1896 жылғы қарт кісі. Ал шешем одан бақандай 27 жас кіші. Әке тапсырмасын орындамау нағыз оңбағандық болар еді?! Сөйтіп 1979 жылы жарым Лайыққа үйлендік, бала сүйдік, әке-шешеміздің бұйырған жасына дейінгі ғұмырында бағып-қағып, батасын алдық. Қазір 43 жыл болыпты. Алла берген бала мен немерелердің қызығын көрудеміз, – дейді ол.

Ибайдулла ағамыздың төрт ұлы бар. Барлығы да түрлі саланың жүгін көтеріп, халыққа қызмет қылудың қарекетінде жүр. Үлкені Талант заңгер, Қызылорда облыстық тергеу сотының судьясы, одан соң Ринат та заң саласының маманы, бүгінде аудан әкімдігінде аппарат басшысы болып қызмет атқарады. Русланы Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде қызметте болса, Жасұланы – Алматыдағы Медеу аудандық мәдениет бөлімінің бастығы. Төрт ұлдан 10 шақты немере өсіп келеді. Жары Лайық ұзақ жылдар мектепте мұғалім болып, шәкірт тәрбиеледі.

Ибайдулланың алғашқы еңбек жолы «Қазалы» су торабында басталды. Бұл 1980 жылы еді. Қарапайым слесарьлықтан бастап, осы саланың ұңғыл-шұңғылын меңгерді. 1982-1984 жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеуді де ұмытпады. Ал әскерден оралған соң №64 жылжымалы мехколоннаға шебер болып орналасты. Расы сол, экономиканың нағыз күретамыры – ауыл шаруашылығы болса, соған қатысты мамандықтың барлығы да қадірлі. Атакәсіп – мал шаруашылығы мен Сырдағы егіннің жүгін қиналмай тартып, жоғары жетістікке жетуде Қазалы еңбеккерлерінің үлесі жоқ дей алмаймыз. Мұндайда бар шаруашылықтың басын біріктіретін мехколоннаның орны ерекше.

Ибайдулла Тілепұлы 1986 жылы өзі алғаш еңбек жолын бастаған «Қазалы» су торабына механик болып барды. Ал бір жылдан соң «Ремводстрой» тресінің Қазалыдағы автоколоннасының басшысы болды. Бұл қызметті бес жыл абыроймен атқарып, автоколонна тараған соң аудандық суландыру жүйелері басқармасында екі жыл және 1995-1997 жылдары №64 жылжымалы мехколоннаның бас механигі болды. Бұл нағыз нарық заманы келіп, тоқырау мен жоқшылықтың жағадан алып тұрған шағы еді.

– Өзіңе белгілі, інім, өткен ғасырдың соңы өте қиын болды. Жағдай күн өткен сайын күрделене бастады. Мектептен өзгенің барлығы жабылып тынды. Қанша клуб, канша кітапхана, осы Қазалының өзінде қаншама шағын кәсіпорындар есігіне құлып түсті. Шыны керек, жаңа заманға бейімделу қажет болды. Тоқырау мен тапшылық қысқанда, оның тілін табу оңай емес. Тәуекелге бел буу қажетін түсіндім. Кәсіпкерлікке осылай келдік, – дейді Ибайдулла аға.

Бүгінде әке құрметіне қойылған «Тілеп» серіктестігінің тұсауы осы жылдары кесілді. Сол қысылтаяң кезде құрылған шағын фирма болып ашылған кәсіп уақыт өте келе ұлғайды. Қазір Қазалының орталығы – Әйтеке би кентіндегі ең үлкен кәсіпкерлік нысанды білмейтіндер кемде-кем.

– Әу баста ауданға жанар-жағармай тасыдық. Қарызға көлік сатып алдым. Кеңес заманында түрлі басшылық қызметте болған соң, кісімен сөйлесу, келісім-шарт жасау, құжаттар сәйкестігі сияқты жұмыстарда тәжірибем жеткілікті еді. Сол заманда жанармай бағасы 10-11 теңгенің көлемінде болды. 1997 жылы әкемнің атынан фирма ашып, құжаттарды заңдастырып, жанармай құю станциясын салдым. Шаруам осылай дөңгелене берді, – дейді бүгінгі меценат.

Бір жанармай таситын көліктің көмегімен кәсібін ұлғайтып, көпшіліктің нағыз сұранысын қанағаттандырған кәсіпкердің бұдан кейін де бизнестегі берекесі арта түскендей. Қосымша мал шаруашылығын құрып, жылқы мен қазақтың айыр өркешті асылтұқымды түйесін өсіруде. Ибайдулланың атакәсіпке аңсары ауғаны бүгін емес. Қанмен келген қасиет, түбі соған жетелейді. Төрт түлікті түгендеп өскен ауылдағы әр қазақтың баласының бір арманы да сол, мыңғырған мал айдамаса да, қорасында бес-алты қараның тұрғанын жақсы көреді.

Бүгінде малды жігіт атанса да, несібесін көпшілікке білдірмей жинайтындар көп. Бұйырған кәсіптің өзін елдің арқасында жүргізіп отырса да солай. «Бизнесмен» атанған талай «батырдың» елдік мүдде дегенде бұлт етіп тайып кететіні бар. Ал Ибайдулла ағамыз…

Жасынан жоқшылық көргендікі шығар, тапқанын сол Қазалы халқымен бөлісіп жүрді. Біз білерде солай. Әйтеуір, жағдайы төмен отбасы, жетім-жесір, қарт пен балаға қаржылай да, қомақты дүниемен де көмектесіп жүр. Елдік шараларда демеушілік десе, осы ағамыздың аты аталатын. Бір куә болған сәт, екі жыл бұрынғы Арал-Қазалыны жайлаған қуаңшылықта көмек сұраған елдің шөбін, ал қыста көмірін алып беріп жүрді. Сондағы өзінің аузынан естігеніміз мынау. «Бір адам менің атымды атаушы болмасын. Білмейтін болсын бұл ісімізді». Қарамағындағы жігіттерге берген тапсырмасы осындай еді. Әлі сол үрдістен жаңылмаған. Кейбіреу жоқ-жітікке бір сөмке азық-түлік беріп, онысын айдай әлемге жар салып жатса, бұл ағамыз бір КамАЗ жүк аударып, онысын жасырып қалып жүр. Табиғаты солай ғой енді.

Иә, табысын адалынан тапты. Содан болар, жергілікті халықтың сый-құрметінен кенде болмапты. Оған дәлел – Ибайдулланың 5 мәрте облыстық мәслихатқа депутат болуы. Қазір де сол мінбеде, экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі.

– Қолдан келгенше туған елге болсын дейміз ғой. Осы Қазалыдағы көптеген нысан құрылысына себім тигенге қатты қуанамын. Әрбір сессияда қазынадан қаржы сұратып, оны бекіттірудің машақатын мұндағы жұрт біле бермейді. Бес мәрте депутат болып, сол 20 жылдың ар жағындағы уақытта Қазалының орталығы мен ауылдарына спорт кешені, мектеп, балабақша, медициналық бекет сияқты әлеуметтік ғимараттар тұрғызуға сеп болдық. Жолдар салынуда. Анау шетте жатқан «Кәукейге» дейін ауызсу жетті. 2003-2004 жылдары осы Қазалының алты елді мекенінде жарық жоқ еді. Соған да үлес қостық. Ол кезде алдымызда арқыраған ағаларымыз, аға депутаттар Жарылқасын Шәріпов, Самұрат Имандосов сияқты ел азаматтары болды. Солардан алған тәрбиенің ұшқыны шығар, әлі күнге дейін ел іргесін бүтіндеп, жыртығын жамап, жоғын түгендеп келеміз. Басты азаматтық борыш та осы емес пе?! – дейді облыстық мәслихат депутаты.

Мақала басында айтқандай, кейіпкеріміз құрметтен кенде емес. Ел мүддесі үшін сөйлеген азаматты мемлекет те ұмытпапты. Талай марапат биігінен көрінді. «Құрмет» орденінен бөлек, «Ерен еңбегі үшін», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және бірнеше мерекелік медалді кеудесіне тақты. ҚР Президентінің «Алғыс хаты» мен «Құрмет грамотасының» иегері, облыстың үздік депутаты, облыстық мәслихаттың құрметті депутаты да атанды.

Әрине, кәсіпкер һәм депутат жайлы жаза берсек, өте көп. Біз тек шолып өткендей болдық. Әйтпесе, Тілепұлының тағы да жұрт білмейтін жақсылықтары шығуы бек мүмкін. Бастысы, ол әлі де бар тапқанын халықпен бөлісіп келеді. Туған жерден табан аудармастан, тіршілігін сонда жалғастыруда. Дұрысы, «ел болмаса, мен кіммін?» деген ұстанымнан айырылмаған оның бар қажыр-қайраты, арман-мақсаты сол халықтық мүддемен біте қайнасып келеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<