Отандық журналистика ардагері

668

0

Еліміздегі радио және тележурналистика саласындағы ардагерлер қатарында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Үбәйдуллаұлы Уәйісовтің есімі елеулі орнымен бағаланады. Оның  балалық, жастық шағы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Маяқұм елді мекенінде өтті. Қарапайым еңбек адамы Убәйдулла – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің сыныптасы. Атасы Уәйіс шығыс тілдерін (түркі, араб, парсы) жетік білген дінтанушы, оқымысты, Арыстан баб әулие кесенесінде көп жыл шырақшы болыпты.

Әбу Насыр әл Фарабидің туған топырағында туып-өскен Ержан әуелде «Овцевод», кейіннен Маяқұм тарихи атауын иеленген туған ауылындағы орта мектепте оқып жүргенде-ақ аудандық, облыстық газеттерде мақалалары жарияланады. Орта мектептегі қоғамдық ұйымдардың ұйымдастырушылық-басшылық кеңестерін басқарып, үздік оқып, 1967 жылы алтын медальмен бітіреді. Жазу өнеріне машықтанып қалған Ержан сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылданды.

Ержан Үбәйдуллаұлы – шығармашылық еңбек жолын туған ауылынан бастап, одан кейінгі өмір белестерінде отандық журналистиканың республикадағы, шетелдердегі жауапты қызметтерінде абыроймен еңбек еткен қайраткер тұлға. Журналистикадағы алғашқы қадамын Қазақ телевизиясындағы «Құрдастар» хабары редакторының көмекшісі қызметінен бастаған-ды. Одан кейін 1969-1992 жылдары «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасында тілші, редактор, диктор, экономика шолушысы, Үкімет пен Парламенттегі арнаулы тілші, саяси шолушысы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. Отандық радио және тележурналистиканың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлесін қосты.

Қазақ телевизиясының білікті тілшілерімен (Қажы Қорғанов, Төлеубай Смағұлұлы, т.б.) қатарлас қызмет еткен Ерекең барлық аймақтардағы еңбек қазаны қайнаған жерлерді аралап, жаңалықтарды, халық тұрмысының жетістіктерін, өзекті мәселелерді баяндап, танымал болды. Әсіресе, Қазақстанның жыл сайын бір миллиард пұт астық тапсыратынын әлемге әйгілейтін «Алтын дән» арнайы хабарын жүргізушілер құрамындағы оның шабытты, көтеріңкі көңіл-күйдегі келбетін, жағымды дауысын көрермендер әсерлене тыңдайтын.

Ол – журналист-дипломат. Журналистік және дипломатиялықты тұтастыра меңгеруі – уақыт талабына сәйкес жүзеге асқан ой еңбегінің жемісі. Мәскеудегі КСРО Мемлекеттік телерадиокомитет жанындағы білім жетілдіру жоғары курсынан және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің арнайы филологиялық білімін жетілдіру жоғары курсынан білім алғаны жауапты орындарда еңбек еткен жылдары халықаралық деңгейдегі біліктілік мәртебесіне негіз болды. Ержанның 1978 жылы Куба елінің астанасы Гаванада өткізілген дүниежүзі жастары мен студенттерінің фестиваліне Қазақстаннан делегат болып қатысуы да оның абыройлы еңбек жолын айқындағандай.

Оның тележурналистика саласындағы елеулі еңбегі – тарихи тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ғұмырнамасына арналған телевизиялық тарихи-деректі очерктер түсіру тобының мүшесі, жеке тілшісі болғандығы. Ұзақ жыл Қазақстанды басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің тұлғалық болмысын және халық тұрмысын танытатын тарихи кезең шындығын телевизиялық түсірілімдермен жүйелеген отандық тележурналистикадағы сол жылдар Ержанның кәсіби біліктілігіне тың серпін, өрлеу қарқынын берген-ді.

1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланғанда алғашқы сұхбатты Қазақ телевизиясының тілшісі Ержан Уәйісов жүргізген. Бұл – көпғасырлық тарихымыздағы Тәуелсіз мемлекет болудың мәңгілік мұрат биіктігіне көтерілер алдындағы тарихи сәт. Екі аптадан кейін  16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланды. Қазақ тележурналистикасындағы Ержан сынды білімді, білікті мамандардың қызметі арқылы ұлтымыздың көрнекті тарихи тұлғаларының тағылымы болашақ ұрпақтарға танылатыны ақиқат.

Ержан Үбәйдуллаұлы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі салтанат құра бастаған жаңа тарихтағы шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі. Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия Республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі. 1992-1993 жылдары Стамбул қаласындағы республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман Қазақстан» газеттерінің және ҚазТАГ агенттігінің, Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты арнаулы тілшісі қызметін атқарды.

Оның қаламынан туындаған қазақ-түрік халықтары байланыстарына арналған мақалаларын («Ағайындар Анадолыда қауышты», «Стамбулға қазақтар қайдан келді?», «Қазақ жігіті Еуропа чемпионы», «Шеризат мырза шаңырағында», т.б.) оқырмандар қызыға оқыды. Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Озалмен бес рет сұхбат жүргізді. 1992 жылы Үкімет басшысының орынбасары М.Жолдасбеков бастаған Қазақстан делегациясын қабылдау рәсімі кезінде Түркиядағы тұңғыш қазақ тілшісіне Тұрғыт Озал жапондық фотоаппарат сыйлапты.

Ол Стамбул қаласындағы Қазақстан Республикасының тұңғыш Бас консулы болды. Туыстас мемлекеттердің саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастарының қалыптасуына, ынтымақтастық байланыстардың ықпалды халықаралық негіздерін дамытуға қосқан үлесімен танылды. Дипломатиялық байланыстарды нығайтудағы елеулі еңбегі үшін оған осы саланың арнайы мәртебелі шендері берілді.

2002 жылы Отанға оралған Ерекең Ақтөбе облысы әкімінің инвестиция жөніндегі кеңесшісі болып, түрік фирмаларының мұнайлы өңірлердегі жаңа өндіріс орындарының ашылуына ықпал етті. Қызылорда облысына қызметі ауыстырылғанда да «TURKUAZ» фирмасы өкілдерін шақыруы арқылы Сыр бойы және Анадолы өңірлері арасындағы әлеуметтік-тұрмыстық қатынастардың қалыптасуына да өзіндік үлесін қосты.

Мемлекеттің жаңа тарихындағы өркендеу үдерісіне қосқан еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «ҚР Мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері атақтарымен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Ол – әралуан тақырыптардағы мақалалардың, Қазақстанның Тәуелсіздігі, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы телевизиялық деректі фильмдердің, Тұңғыш Президент пен Тәуелсіз Қазақстан Республикасы туралы бірнеше көркем фотоальбом-кітаптардың (Түркияда жарық көрген) авторы. Тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-әлеуметтік, басқару-әкімшілік салаларына да араласып келеді. «Nur Otan» партиясының мүшесі, облыс әкімінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі кеңесшісі қызметтері бойынша билік пен халық біртұтастығының нығаюына өзіндік үлесін қосты. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарып, қазақ тілінің және отандас этнос өкілдері тілдерінің, мәдениетінің дамуына да ағартушылық-тәлімгерлік басшылығын жасады. Қазір «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы. Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлығының лауреаты, Дінмұхаммед Қонаев орденінің иегері, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының мүшесі.

Ерекең Қаратау атырабы мен Сыр бойындағы діни-исламдық ағартушылық дәстүрді қалыптастырған тарихи тұлғалар (Арыстан баб, Қожа Ахмет Иасауи, Хорасан ата, Өзбекәлі Жәнібеков, т.б.) еңбектерін жаңа дәуір ұстанымдарымен сабақтастыратын мәдени-танымдық іс-шараларға рухани кеңесшілік, тәлімгерлік, басшылық жасап жүр. Хорасан ата республикалық қоғамдық қорының президенті. Жары, жоғары білімді филолог маман Анар Мұхамеджанова екеуі ұрпақтарымен бірге ата-бабаларымыздың киелі дәстүрін сақтаудың, дамытудың жарқын үлгісін танытуда.

Отандық телерадиожурналистиканың және мемлекетаралық байланыстар дәнекері Ержан Уәйісовтің ұрпақ тәрбиелеудегі тағылымы мәңгілікке жалғаса бергей!

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі,

Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<