Сергектікті серік еткен сексен бес

427

0

Сыр өңірінің бүгінгі бейнесі кешегі күнгі жанкешті еңбек еткен ерлердің қолымен жасалды. Біз олардың өнегесін үлгі етуші ұрпаққа жеткізушіміз. Мен бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысы мен Арал ауданының құрметті азаматы, Сыр елінің саңлақ перзенті Құдайберген Саржанов туралы сөйлеп отырмын.

Бұл кісінің ел-жұрты үшін атқарған қызметі ерен және балық  комбинатында инженер болып жұмыс бастап, республиканың Балық шаруашылылығы министрі лауазымына дейін жеткен қызмет сатылары өз алдына бір шежіре.

Сонау 1937 жылы Арал өңірінің Аманөткел аулында өмірге келген оның басынан кешкен қиыншылықтардан сол дәуірдің айшығын анық танимыз.

1941 жылы әкесі қайтыс болғанда төрт жастан енді асқан болатын. Ерте тұрған анасының етегінен ұстап, еңбекке үйренді. Тоғыз жасқа толмай теңізге ау салушылардың қатарына қосылды. Қазақ кейде бұл жасты «бесіктен белі шықпаған бала» дейді. Бірақ, ол заманда бұл мәтелдің мәні ауысты. Бала Құдайберген балалық шағы көшіп кеткен уақыттың ұрпағы болды, теңіздің өкпек желі кеудесінен кері итеріп, шұбатылған ауды атпен жағаға тартып шығаратын. Қолы қасарып, қары талған балықшы бала шүберек сөмкесін сүйретіп жүріп мектептегі сабағын үздік оқыды.

1952 жылы жетінші кластан соң талапты бала Гурьевтегі Бүкілодақтық балық шаруашылығы техникумына түсті.

Техникум «Балық өңдеу» және «Балық аулау» деген екі мамандыққа оқытады екен. Ауылда жүргенде балық аулаушылардың аты көбірек аталатын. «Пәленшенің бригадасы пәленбай балық аулап келіпті, беу, ерлерің!» деп жататын. Құдайбергеннің ойынан ел ішіндегі сол бір ризашылық сөздер кетпей қойды. Солардай болуды, алғыс алуды армандады. Бірақ, оған қалай жетеді, ол үшін не істейді, бригадир бола ма, капитан бола ма, өзі де білмейді. Гурьевке келгенде сол арманы алдынан күтіп алғандай еді. Сонымен, «балық аулау» мамандығын таңдады.

Аралдан бірге келген Дәуқара Аймағанбетов, Жанәлі Әлімбетов,  Сырғаш Медетбаев есімді балалармен техникумда бірге оқыды.

Қай теңізде қандай балық түрлері бар, олардың жүретін жері, қай мезгілде аулауға болатыны, балық аулау құралдары, осы тұрғыдағы есеп, дәлдік, бәрін техникум үйретті. Сол кездерде БЧС, СЧС деген балықшы кемелер болды. Осы кемелерді басқарып жүргізу, олардың су бетіндегі мүмкіндігі, қандай ауа-райында қалай жүзетіні, тіпті, «якорь» дейтін шынжырлы тасынан қарапайым бөлшектеріне дейін жаттатты.

Тіпті, Қара теңізге әлгі кемелермен балық аулауға шығарды. Теңізде жүріп қатты дауылға тап келіп, көтерілген таудай толқындарды көрді. Сонда сол толқындар аспандап барып төбеңнен шелекпен су құйып жібергендей ақтарыла салады. Айналаңдағы басқа кемелер көрінбей кетеді, «SOS» деген хабар беріледі, қорқынышты! Мұндайда капитанның шеберлігі мен жедел шешімі аман алып шығады.

Кейін ол Айвазовскийдің «Девятый вал» деген картинасына қарап отырып, көзіне Қара теңіз төсіндегі күндерін елестетті. Суретшінің де теңізге шығып, сондай оқиғаны бастан кешкенін түсінді. Теңіз толқындарында жаңқаға жармасқандай болып жанталас көрмеген адамның ол көріністі сөзбен де, суретпен де бейнелей алмасы анық.

Қой бақпаған адамның мал маманы болып отыруы, күріш егуді көрмеген кісінің егін саласын басқаруы ерсілеу. Бірақ, сондай жайттар дәл осы кезде таңғалатын нәрсе емес. Құдайберген Саржановтың балық шаруашылығы министрі болуы және осы қызметте халық алғысына кенелуі мен үшін түсінікті. Өйткені, ол бала кезінде-ақ балағын түрмей су кешіп, тоғыз валдық толқынмен бетпе-бет келген адам.

Ал, әңгіме желісіне қайта оралайын.

1954-1955 жылдары техникум оқушысы Құдайберген Саржанов үлкен кемелермен Қара теңіздің Керчь бұғазынан өтіп, Азов, Каспий теңіздерінде жүзді. Балық аулаудың небір техникалық тәсілдерін меңгерді. Алған білімін сондай күрделі тәжірибелермен ұштастырды. Еңбекпен, қиындықпен ержеткен жас оқуда да озат болды. «Тұлпар тайынан» дегендей, мұғалімдері сол кездерде-ақ «Саржановтан күтетін үміт көп» дейтін. Сөйтіп, ол «ұзақ қашықтыққа жүзетін кеме капитанының көмекшісі, балық және теңіз жануарларын аулау бойынша техник-механик» мамандығын алып туған жерге оралды.

Арал балық өндірісі бірлестігіне жұмысқа келді. Мамандығына сай еңбек жолы басталды.

Сол кездегі партия талаптарына сай елдің жағдайын көтеру, шаруашылықтарды дамыту үшін қажетті мамандар тапшы болатын. Осындай олқылықтың орнын Құдайберген секілді оқыған, алғыр жастар толықтырды.

1965 жылы Саржановты Арал аудандық партия комитеті қызметке шақырды. Бір-екі жылдан соң ол қабілетті маман есебінде Алматы жоғары партия мектебіне жіберілді. Оны бітіріп келген соң 1971 жылға дейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет етті.

Мұнан әрі Арал аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Бұл кездері Саржанов ауданның экономикалық өсіп-өрлеуі жолында жастық жігермен еңбек етті. Қай салаға салса да өткір кездік мінез, өзгеше адами болмыс, терең білім оны алға жетеледі.

1974 жылдың көктемінде Саржанов Арал балық комбинатының директоры болып тағайындалды. Бұл теңіз күйінің тайып бара жатқан шағы болатын. Балық аулау ісінің азаюынан комбинат жоспары орындалмай, жұмыс тұралап қалған. Себебі белгілі. Теңіз кенересінен кейін кеткелі қашан, гавань шаңға көміліп жатты. Комбинат директоры осы кезде көшіп жүріп балық аулау, мұхиттан болса да Аралға балық жеткізіп өңдеу, жергілікті жұртқа пайда әкелу бағытына бетбұрыс жасады.

Саржанов ушығып бара жатқан теңіз жағдайына алаңдады. Қызылорда, Ақтөбе, Торғай облыстары басшыларының есігін жиі қағып жүріп, балықшылардың мүшкіл ахуалын айтумен болды. Ақыры осы мәселені министрдің алдына дейін алып барды. Мұның бәрі әрине, кабинетте отырып бітетін жұмыс емес-ті. Талай елсіз далада бір түп жусанды жастанып жатқаны бар, ыстыққа жанып, суыққа тоңып жүрген сол күндері жеміс берді.

Сондай жансебілдіктің арқасында еліміздің тарихында алғаш рет КСРО Балық шаруашылығының министрі А.Ишков Арал өңіріне келуге мәжбүр болды. Мұндай лауазымды тұлғаның келіп кеткен жерінде бір айқын із қалатыны аян. Жылына алты-жеті мың тонна сапалы мұхит балығының Арал балық комбинатына әкелініп, өңделуі соған дәлел. Сол арқылы халықтың еңбекақысы төленіп, тұрмыс жағдайы жақсара түсті.

Жасыратыны жоқ, басшы біткеннің бәрі Арал ахуалына алаңдаулы еді десек, жалған болады. Бір кездері теңіз бен балықшы проблемасын айта берген Саржановқа «Мінберден түсіңіз, сізге берілген уақыт бітті» деген басшылар да болды. Бірақ, Құдайберген мінберден түсіп жүре беретін мінезсіз емес еді, жанын жеген Арал ахуалы қара басының қамынан қашан да биік тұрды. Сондықтан ол бұл мәселеге келгенде жоғарыға жалтақтап қала алмады.

1978 жылы Алматыда, Үкімет үйінде Қызылорда обылысының балық шаруашылығы мәселесі талқыланатын болды. Осы жиынға облыстық партия комитетінің хатшысы А.Шевцов, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Е.Көшербаев, Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы В.Ковалев және Арал балық комбинатының директоры Қ.Саржанов  барды және сол кеңесте сөз сөйлеу оған жүктелді.

Үкімет басшылары алдында ауқымды мәселені аз уақытта баян ету, оның шешу жолдарына дейін жеткізу қарапайым комбинат директорына оңай емес, әрине. Жиыннан соң өзімен бірге барған облыс басшыларының Саржановқа риза болып, дәмханаға апарып арнайы сый көрсетуі елдің жағдайын ойлаған ерлердің көңілі жайланғанын білдіреді. Бұл жөнінде кезінде облыс басқарған тұлға Тәкей Есетовтің «Тағдыр мен тағылым» атты кітабында да нақты көрсетілген.

Сол кеңестегі сөздің шапағаты болар, көп ұзамай комиссия құрылып, Аралға республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Ниязбеков, республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары С.Құбашев, басқа да басшылар келеді. «Арал халқы мен балықшыларына көмек көрсетудің шұғыл шаралары туралы» Үкімет қаулысы шығады. Осыған орай халықты тұрғын үймен, басқа да қажеттілікпен қамту мәселесі жүрігізіле бастайды.

«Тамшы тас жарады» демекші, Арал балықшылары туралы жеткізе айтқан мәселелерге жіті мән берген Қазақстан ОК енді бұл жұмысты әрі қарай сүйреуді Саржановтың өзіне тапсырып көруді ойлаған сыңайлы.

1982 жылы комбинат директорын Алматыға шақыртып, Қазақстан КП ОК хатшысы Ю.Трофимов қабылдайды. «Өз салаңызда көптеген проблемаларды көтеріп келесіз және оның шешу жолдарын да жақсы білесіз. Сізді министр етіп тағайындасақ па деп отырмыз» дейді төтесінен. Бұл енді сізден басқа адамымыз да жоқ дегенді анық сездіріп тұрды. Ол рас, сол кезде Арал мен балықшы жағдайын бес саусағындай жатқа білетін жалғыз адам Саржанов болатын. Тіпті, осы уақытта Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаевтың Саржановқа: «Қарағым, мен жоғарыдан, сен төменнен Арал мәселесін қозғай бермесек, болмайды» деп сыр айтуы да осы сөзімізге айғақ.

Қонаевтың сөзі Саржановтың екпінді жұмысына екінші дем бергендей болады. Осыдан соң Арал, Қазалы, Шалқар балаларына көмек көрсету мақсатында «Шапағат» ұйымы құрылады. Үш өңір балалары бұл ұйымның шынымен де шапағатын сезді. Мұнан соң «Арал-Балхаш» халықаралық қоғамдық ұйымы құрылды. Осының екеуі де тікелей Саржановтың сара жұмысының нәтижесі еді.

Оның араласуымен атқарылған игіліктер көп-ақ. Мәселен, сонау Азов теңізінен әкелінген камбала балығының Аралға жіберілуі министр Саржановтың төл бастамасы.

Жалпы, осы күнгі жұрт Арал экологиясына байланысты жергілікті халыққа берілетін жалақы үстемесі мен Аралды бөгеу, яғни, сақтап қалу мәселесінің өмірге келуіне тікелей қатысып, әсер еткен тұлғалардың бірі Құдайберген Саржанов екенін біле бермеуі де мүмкін. Кіші Аралды сақтау мәселесін алғаш көтерген де Саржанов болатын. Қазақстан Президентінің бастамасымен 1993 жылы Орта Азияның бес мемлекетінің басшысы келіп, осы мәселе төңірегінде келіссөздер болғанын білеміз.

Министр Саржановтың басшылығымен Арал өңіріне ғана емес, мемлекетімізге пайдалы жұмыстар орындалды.

1983 жылы министр Саржанов Қазақстан делегациясын Вьетнам республикасына бастап барды. Қарапайым сала министріне мұндай міндет көп жүктеле бермейді. 1987 жылы Сахалинде болып, стабрида, скумбрия, хех, лосось секілді теңіз балығының түрлері ауланатын жерлермен тәжірибе алмасты. Бұл жақтарда балықшының да, балықтың да жай-күйі жоғары.

КСРО кезінде Одақ бойынша айына жан басына шаққанда 18,5 кило, біздің республикамызда 12,5 кило балық пайдаланылған. Әр аптаның төртінші күні «балық күні» деп аталған. Е-е, ол кезде Арал теңізінің ұзыны 4 жүз, ені 284 шақырым еді.

Өткенді еске алсақ, алдымыздан небір қилы кезеңдер көлденеңдейді. Арал аймағынан ел үдере көшкен тоқсаныншы жылдары Қапшағайдан «Толқын» деген балықшы ауылын құрып, оған Арал балықшыларын көшірген Құдайберген Саржановтың бастамасы ел үшін жасалған ерлікпен тең іс болды.

Саржанов балықшылар ауылында әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салуға бар күшін жұмсады. Арал, Балхаш проблемалары жөніндегі халықаралық қоғамдық комитетінің мүшесі ретінде өңірдегі экологиялық проблема салдарынан азаматтардың қорғалуын қамтамасыз ететін заң шығаруға үлкен үлес қосты.

Осының бәрін көрген, қолымен атқарған Саржанов қызметтен кеткеннен кейін де бейнеттің зейнетін көріп жатуды қаламады. Тарих тағылымын келер ұрпаққа өнеге етіп, олардың отангерлік сезіміне от беретін азаматтық істермен айналысты.

Соның бірі де бірегейі Аралдан ашық мұражай орнату болатын.

Бүгінде Аралдағы «Балықшылар» музейінде 2000-нан астам теңіз жәдігері топтастырылған. Он бір адам жұмыс істейді.

Мұнда теңіздің ежелгі тарихынан бастап бүгінге дейінгі мұралар жинақталған. Музей ғимаратында заманауи қондырғылар қызмет етеді, ашық аспан астындағы музей, «Балықшылар» және «Кемелер» залы жасақталған.

Арал өңірі балық аулау кәсібі ХІХ ғасырдағы орыс көпестерінің келуімен байланысты жандана түскен. Музейдегі қайықтан кемеге дейінгі дәуірді көрсететін сенсорлық теледидар осы тарихты тарқатып береді. Мұнда балықшылар өмірін бейнелейтін фильмдер көрсетіледі. Ал, кемелердің техникалық жабдықтары мен балықшы қауымның тұрмыстық құралдарын көзбен тамашалай аласыз. Балық өнеркәсібін өркендеткен тұлғалар жайлы да мұралар баршылық.

Ғимарат сыртында шаналар, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Кеңестік өкімет көсемі сыйға тартқан станок, капитандарының есімі жазылған кемелер жел өтіндегі жампоз түйелер секілді болып тұр. Кемелердің ең үлкені – ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ғалымы Лев Бергтің атына берілген 25 метрлік су көлігі.

Қысқасы, «Балықшылар» музейі – әлем туристеріне ұялмай көрсететін керемет жәдігерлік.

Арал өңірінің атакәсібі – балық шаруашылығының мол мұрасын осылайша сақтап қалуға Саржановтың сіңірген еңбегін ерекше атау ләзім.

2003 жылдан бері «Шарткен ата» қоғамдық бірлестігін құрып, Арал өңірінде балық түрлерін молайтуға күш салып келеді.

«Қызыл кітапқа» енген Арал теңізінің қаяз балығы еш жерде кездеспейді. Бұл Әму мен Сырды өрлеп келіп, теңізде жайылатын балық. Ал, оның бүгінгі ахуалын айтпасақ та сезесіз. Енді қаяздың қай жерде бар екенін анықтау керек, бұл жұмысқа Аралдағы Балық шаруашылығы институты филиалының қызметкерлері қосылып, үлкен жоба жасалды. Осы жобаны Үкіметке, халықаралық ұйымдарға, ең аяғы облыстың басшыларына дәлелдеп шығуға да көп күш керек болды.

Мұндай күш Құдайберген Саржановтың бойынан қай кезде де табылады.

Ақыры, 2007 жылы Арал қаяз балығының 2000 майда шабағын аулауға рұқсат алды. Мақсат – бағалы балық тұқымын көбейтіп, теңіздегі деңгейін қалпына келтіру. 2010 жылы бұл жұмыстардың нәтижесі, балықты аулау әдістері, тасу, өсіру, т.б. жұмыстар фильмге түсіріліп, бірнеше рет газетке жарияланды. 

Ал, 2018 жылы Қ.Саржанов Аралдан жеке музейін ашты. «Суреттер сыр шертеді» деп аталатын бұл тарихи музейде Арал ауданына және осы өңірдегі балық шаруашылығына қатысты деректер, фотосуреттер мен экспонаттар сақталған. Балық шаруашылығы бойынша 16 Социалистік Еңбек Ері бар. Олардың әр қайсысы бір-бір тарих. Бұл музей – Арал өңірі балықшылары мен балықшылар шежіресіне айналған Саржанов туралы білем деген адамға дайын дәрісхана.

Сонымен бірге, Саржанов екі кітап жызып шықты. Оның бірі «Аралдың айтылмаған ақиқаты» деп аталса, екіншісі – «Толқынмен алысқан балықшылар – арыстан» деп аталатын екітомдық. Осы шығарманы оқып шыққандар «әлі талай іздегеннің сұрағаны, ұрпақтың рухани азығы болатын кітап» деп баға беріпті.

Құдайберген Саржановқа еңбегіне сай берілген марапат, атақтар көп-ақ, жоғарыда айтып өткендерімізбен бірге кеудесіне «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін де таққан.

Алайда, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзіліп жатқан шағында нарық заңдарының ауыр салмағын нардай арқалап, ең бір өзекті саланың бағын асырған азаматқа «Еңбек Ері» атағы да көптік етпес еді. Егер Саржановтың жүріп өткен жолына көз жіберсеңіз өзіңіз де осы ойға орала бересіз.

Бізді таңғалтқан тағы бір жайт бар, бұл кісінің ішкі қуатының сыртына теуіп тұратын сыры неде екен дейміз. «Түзу ағаш – үйге тіреу, тура жігіт – елге тіреу» демей ме, оның туралығы, тазалығы өн-бойындағы өрнекті бейнесін солғындата алмапты. Өмірінің сексен бесінші белесінде осындай сергек күйде болудың бір сыры халықтың алғысы мен ықылас ниетінің қуаты болар, бәлкім.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<