«Түгіскеннің» жарық жұлдызы

577

0

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дейтіндей Сыр өзенінің суын шығарып, егін егіп, күнкөрісті, тұрмысты жақсартудың мүмкіндігін жасаған Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың есімі Қызылорда халқының есінде. Ұзындығы жүз шақырымға созылатын алпыс-жетпіс мың гектар сурмалы жері бар «Түгіскен» массивін игеруді іске асыруды бастап берген де осы асыл азамат еді. Көзсіз батырлықпен жоғары жаққа жалтақтамай батыл кірісті. Сол бастаманы аяқсыз қалдырмай, кеңес одағының су шаруашылығы басқармасы осы жобаны амалсыз жоспарға қосты. Мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалды. Осы каналдың бойынан күріш егетін алты егін шаруашылығы, бір мал шаруашылығы совхоздары ашылып, алғашқы кезде жиырма мыңдай ел келіп жайғасты. Қызылорда облысының егін шаруашылығының жаңа тынысы ашылып, астық қоймасына мыңдаған тонна қосымша табыс кірді.

Бұл жоба қалай басталды? Жаңақорған ауданында дарияның сол жағалауындағы тұтасқан ел өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың әбден зардабын тартты. Көпшілігі қырылып кетті. Қалғаны ел ауып оңтүстікке, өзге де мекенге жан сауғалап қоныс аударған. Сонымен ұшқан құс пен жүгірген аң ғана мекен еткен құлазыған дала болды. Осы даланы игеру үшін елдің біртуар азаматы, ауданның бір басшысы болып жүрген Зұлпықар Мұсаханов екі рет Республика басшысына кіріп, канал қазып, су келтірудің мәселесін қайта-қайта көтерген. Бірақ кеңес одағының тиісті басшылары Республиканың бұл шешіміне көңіл бөлмей, кейінге ысырылып қала берген. Дінмұхаммед Қонаев осы мәселені шешу үшін белгілі су маманы М.Ықсановты осы аймаққа басшы етіп жіберіп, аталған каналды қаздыруды тапсырған. Осылайша одақтың құзырындағы ірі жобаны олардың кейбір шешіміне қарамай, өз мүмкіндіктерін пайдаланып, бастап жіберген.

Мұстақымның әкесі мен бабасы Ислам дінінен, Пайғамбар хадистерінен мол хабары бар адамдар екені де таңғалдырады. Әкенің балаға қоятын есімдері жақсылықты шақыратын тілектерге сай қойылғандай. Ықсан арабша – жақсылық дегенді білдіреді. Оның өзінің аты Мұстақым сөзі құранда бірнеше жерде кездеседі, ал Фатиха сүресінің алтыншы аяты – Иһдассыратал мұстақим – бізді тура жолға сала көр деп айтылады. Міне осыған қарағанда бастаушы, тура жолға салушы деген мағынаны береді. Ал Біләл Пайғамбарымыздың ең алғашқы серіктерінің бірі, азаншысы болған тұлғаның аты. Соныменен үш буынды ата, бала, немеренің аттары мұсылман жауһарлары мен жақсы сөздерден тұратынына қалай таңданбассың?! Оның атасы Мұстақымдай ұлдың халқын, елін тура жолға салушы, бастаушы болатынын періштелер хабар еткендей ойға қаласың. Оның пешенесіне елді бастайтын тағдыр жазылды.

Мұстақым Біләлұлы – кезінде Қазақстанның іргелі ел, мемлекет болуына үлес қосып, ұзақ жыл Димаш Ахметұлы Қонаевқа ізбасар, сенімді серік болған тұғырлы тұлға. Ол осы өңірді игеру үшін ғасыр жобасына айналған күрделі құрылысқа қажет елді көтеріп, көшіріп келуді де өзі бастады. Оңтүстіктен екі жүздің үстіндегі отбасыны осында көшіріп, орналастырды.  Бұл келген ағайындар кіші жүз «Адай» руынан еді. Маңғыстау өңірі кеңес өкіметінің алғашқы кезінде Қазақстан Республикасынан тыс кеңес өкіметіне тікелей бағынатын «Закаспийский» елінің қарамағында болған. Сонымен қатар бұл өңір Түркімен елімен де шекаралас аралас-құралас болғандықтан патша өкіметінің кезінде жерге талас, бірде онда, бірде мұнда демекші қарулы қақтығыстарға да барған. 1920 жылы батыр Тобанияз Әлниязұлы сынды азаматтар Қазақстанға қосылу үшін елді көтерген. Батыр біртұтас қазақ елінен бөлініп қалғысы келмей, онда тұрғандар қазақтар екенін дәлелдей жүріп, Қазақстанға әзер қосқан сынды. Елдің біраз бөлігі  Түркімен жерінің қарамағында қалып, олармен де талас-тартыс, атыс-шабыспен қолынан қаруы түспеген халықтың бір бөлігі кеңес өкіметінің темір тәртібінен бас сауғалап Оңтүстікке келіп жайғасқан. Ал М.Ықсанов «Мырзашөл құрылыс» өндірістік мекемесін басқарған уақытта кезінде бас сауғалаған ағайындарын Оңтүстікке, «Мақтарал» өңіріне алып келіп жайғастырған. Енді, міне, осы массивті игеруді қолға ала бастағанда, елінің бір бөлігін осында, Жаңақорғанға алып келіп жайғастырды. Бірақ бұл массивті толық игертуді республика басшылығы ол азаматқа бұйыртпады. Каналдың бас жағын қазып бітіре бастаған кезде бұл жақтан алып кетіп, Қазақ ССР-нің министрлер комитеті төрағасының жәй орынбасары етті. Әдетте, аймақты басқаруға келген басшы өзі бастаған істі өзі аяқтағаны абзал. Оның жедел ауысып кетуінің өзі де мәселенің мән-жайын аңғартқандай. Шамасы, одақтың келісімінсіз үлкен құрылысты бастағаны, мемлекеттің қыруар қаржысын жұмсауға мәжбүр еткені үшін, сол жақтың теріс назарына ілініп қалғандай. Ол кезде кеңес одағы саяси бюросының мүшесі болып жүрген Д.Қонаевқа тісі батпайтындар «тәртіп бұзған» аймақ басшысын ғана жазалаған тәрізді. Ал Республика басшысы амалсыздан оны республиканың қатардағы бір қызметіне ауыстыруы, оны аман алып қалғандай. Көп ұзамай М.Ықсановты Батыс Қазақстан облысының бірінші басшысы етіп жіберді. «Түгіскен» массивін игеру үшін, көзсіз батырлыққа барған осындай азаматтың ерен ерлігінің арқасында Жаңақорғанның Сыр бойы игеріліп, қаншама ел осында жайғасты. Осы бақытқа елі үшін, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен Мұстақым Ықсановтай азаматтарға осы алқапта ғұмыр кешіп жатқан ата-бабалардың бүгінгі ұрпақтары есепсіз қарыздар десем, артық емес шығар.

Ермахан ТӨРЕХОЖАҰЛЫ,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<