2025 жылды гендерлік теңдік жылы деп жариялау ұсынылды

252

0

Фото: Midjourney

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин алғаш рет ұйымдастырылған еңбекші әйелдердің форумында гендерлік теңдік мәселесін көтерді.

«Гендерлік теңдік – жалпыға ортақ проблема, оны шешу бәріне пайдалы. Көптеген елде гендерлік кемсітушілікті жою мәселелерімен айналысатын мемлекеттік департаменттер немесе теңдік министрліктері құрылған. Кәсіподақтар федерациясы 2025 жылды гендерлік теңдік жылы деп жариялауды ұсынады. Кәсіподақтардағы әйелдердің өкілдігіне келсек, бастауыш төрағалардың көпшілігі әйелдер. Олардың дені адамдармен тікелей жұмыс істейді, олардың сұрақтарына жауап беріп, басшымен мәселелердің нақты шешімін табады. Бұл мүмкін әйелдер жауапты, атқарушы болғандықтан да шығар», – деді Сатыбалды Дәулеталин елордада өтіп жатқан Қазақстан еңбекші әйелдерінің І форумында.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының айтуынша, әйелдер эмоционалды болғандықтан жұмыстағы мәселелерге бей-жай қарамайды.

«Біздің кәсіподақтың салалық кәсіподақтары мен аумақтық ұйымдарын негізінен ер адамдар басқарады, яғни 23 салалық кәсіподақтың тек 4-ін әйелдер басқарады, ал 18 аумақтық ұйымдардың ішінде небары 5 әйел басшы бар. Көріп отырғаныңыздай, кәсіподақ ұйымдарының жоғарғы деңгейлерінде олардың жалпы мүшелік құрамдағы үлесімен салыстырғанда пропорционалды емес», – дейді ол.

Қазір елордада «Еңбек саласындағы әйелдер: Жаңа шешімдер уақыты» атты Қазақстан еңбекші әйелдерінің І форумы өтіп жатыр. Шараны ұйымдастырушы – Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<