Конституция

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланды

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXXIV сессиясы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, құқық қорғау саласының басшылары, депутаттар мен жауапты сала өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 10 негізгі мәселе қаралды.

2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасаған облыс әкімі ең өзекті деген мәселелерді шешуде, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда атқарылған жұмысты, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды атап өтті.

Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге талдау жасап, өткен бес айдың қорытындысына тоқталды.

«2022 жылдан бері өңірге 2,4 трлн. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биылға 790 млрд теңгеге жуық инвестиция жоспарланса, оның 261 млрд теңгесі орындалды.

Экономиканы әртараптандыру үшін алдағы үш жылға 1 трлн. 900 млрд. теңгенің 48 инвестициялық жобасын іске асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу межесі бар.

Биыл 14 ірі жобаның құрылысы басталады, қазір 4-еуінің құрылысы жүріп жатыр, 2 жобаның капсуласы салынды. Жақын күндері 2 жылыжай кешені қолға алынады. Жыл соңына дейін қалған 6 жобаны бастау жоспарланған», – деді облыс әкімі.

Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен биыл 300 орындық көпбейінді аурухана және «Қызылорда – Арена» көпфункционалды спорт кешені іске қосылады. Бұдан бөлек, екі емхана, жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр. Президенттік кітапхананың, жаңа драма театрдың капсуласы қаланды.

«Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізіндегі Қызылорда-Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейтудің бірінші кезеңі басталды. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының да басталатын күні жақын қалды.

Облыс тұрғындарын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі тұрақты мәселе. Жыл соңына дейін 10 елді мекен газдандырылып, өңірді көгілдір отынмен қамту деңгейі 85 пайызға жеткізілмек. Сондай-ақ, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында биыл 2400 пәтер беру жоспарланған.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мұса Қалдарбеков, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Балжан Шәменова қосымша хабарлама жасады.

Сессияда облыстық бюджетке, даму жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, ветеринария, қоғамдық даму, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларының есебі тыңдалды. Облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын толықтыру, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарға өзгеріс енгізу, тағы басқа мәселелер талқыланды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі