Алматыдан ұшқан FlyArystan ұшағы құстармен соқтығысты

4

0

Фото: depositphotos

FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қону кезінде құстармен соқтығысты. Компанияның баспасөз қызметі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әуекомпанияның мәліметінше, әуе кемесі 24 қаңтар күні Алматы-Орал бағыты бойынша FS7167 рейсі кезінде құстармен соқтығысқан. Ұшақ Орал әуежайына қонғаннан кейін әуе кемесін және оның құрамдас бөліктерін тексеру үшін Астанадан инженерлік-техникалық мамандар жіберілді.

“Барлық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ұшақ пайдалануға жіберіліп, 25 қаңтар күні сағат 01:17-де Орал-Алматы бағыты бойынша ұшты. Рейс кідіргендіктен жолаушыларға ыстық сусындар мен тамақ ұсынылды, сондай-ақ сұраныс бойынша 33 жолаушы қонақүйге орналастырылды”, – деп хабарлады әуе компаниясы.

Әуекомпания барлық әрекет авиациялық қауіпсіздік пен техникалық пайдалану талаптарына қатаң сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі маңызды екенін жеткізіп, құстармен соқтығысу тасымалдаушыға тәуелсіз сыртқы факторлардың әсіренен болатын жағдай екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайына қону кезінде ұшақ құстармен соқтығысқан еді.