Бауыржанның ауылы

730

0

(Бауыржан Момышұлының кейінгі қосағы Жәмила Егембердиеваның естелігінен)

Баукең Сарыағаш санаторийінен тіке ауылына – Жуалыға тартады. Інісі Майысжанның үйінде бірер күн демалған соң:

– Алматыдағы жеңгеңді шақырт, – деп бұйрық береді.

– Жаңа жеңгейді танымаймыз, кім қарсы алады?

– Әбділданы шақыр.

Ұзын бойлы ақ-сары, сыпайы мінезді Әбділда Баукең отырған бөлмеге кіріп келеді.

– Жеңгеңнің алдынан сен шығасың, понятно.

– Көке, жеңешемнің түрі, бойы-басы қандай еді, ол кісі мені, мен оны танымаймын ғой.

– Жеңгең добалдай қара.

– Ой-бай-ау, добалдай қаралар көп қой!

– Әй, Әтін, әкел бері менің бөркімді.

Әтін ұшып тұрып, төсектің үстінде жатқан сусар бөркін әкеледі. Бөрікті біраз ұстап отырып, Әбділдаға:

– Әй, парторг, мына бөрікті киші!

Әбділда айтқанын орындайды.

– Осы бөрікпен жеңгеңді алып кел…

Мен «Жуалыға кел» деген хабар алған соң Бота атты қызымды ертіп, «Қазақстан» поезымен таңға жақын Жамбылға келіп түстім. Әбділданың алдымнан шығатынын білсем де, «қандай кісі екен» деп жан-жаққа қарап дағдарып перронда тұр едім, бір уақытта Ботаның:

– Мама, Әбділда аға, – деген даусынан оң жағыма жалт қарасам, маған қарсы қарай басында Баукеңнің сусар бөркі бар қара костюмді, ұзын бойлы, жасы елуден жаңа асқан ақ-сары кісі жылы шыраймен жымиып күліп келе жатыр екен. Қасында орта бойлы қараторы, көзі қарақаттай тұнжыраған сұлу келіншегі бар. Сәлемдесіп болған соң, Әбділда чемоданымды алып жеңіл машинаға қарай жүрді. Машина зымырап Жуалыға ала жөнелді. Шофердің қасына Әбділда отырды. Менің жанымнан орын алған Әбділданың келіншегі Үрзада оқта-текте көзінің қиығымен қарап қояды, бірақ үн жоқ. Әбділда ашық-жарқын екен, мойнын бұрып әңгіме айтып келеді.

Мен машинаның ашық әйнегінен батырдың керілген жазық көкпеңбек шұрайлы жеріне, жолдың екі жақ шетіндегі қаз-қатар тізілген биік теректерге, жидек ағаштарға қарап келем. Бір уақытта машина жүріс жылдамдығын азайта бастады.

– Жеңеше, бұл Күйік асуы, бұлай атаған себебі таудың төбесі жанып жатады. Енді осы Күйіктен кейін біздің ауылдың самал желі басталады, – деп Әбділда бұрылып күліп қойды. Күйіктен кейін кең жазық дала қайта керілді. – Мынау Теріс деген өзен. Бұл теріс ағады, – деді ол қолын шошайтып өзенді нұсқап.

– Көкеңіздің мінезі де осы өзен сияқты ғой, – деп алғаш рет қайныма әзілмен тіл қаттым. Үрзада күлімсіреп қойды. Әбділда айтқандай Күйіктен кейін ауа-райы кілт өзгерді, салқын самал соғып денемді аздап түршіктірді. Ішімнен: «Көктемдей құбылымалы мінезім бар, мейлің күл, мейлің илан, мейлің сақтан» дегендей Баукеңнің құбылмалы мінезі де осы өзінің жерінің, ауасының құбылысына ұқсас екен ғой деп еріксіз жымидым да:

– Қызық жер екен, – дедім.

– Жеңеше, біздің ауыл салқын жер, ауасы таза, – деді Әбділда.

Оймен кең далаға қайта көз салдым. Жері маған қандай жұмбақ болса, елі де солай, олар мені қалай қарсы алар екен деп өзіме-өзім күдіктеніп қойдым…

Әне-міне дегенше Баукеңнің туып-өскен жеріне келіп қалдық. Үйдің алдында бес-алты әйел жүр екен, көре сала қарсы жүрді. Селтиіп тұрып қалдым.

– Саламатсыз ба, жеңеше? – деп орта жастағы әйел амандасты. Үйге беттеп келе жатып ішімнен «Баукең қызық кісі екен, ең болмаса алдымнан шықса қайтеді, қандай тәкаппар» деп ренжідім. Әйелдер мені Баукең отырған бөлмеге алып кірді. Әбділда ентелей кіріп:

– Көке, жеңешем келді, – деді.

Кең бөлмеде есіктен-терге дейін салынған қызыл ала текемет, екі қабат көрпенің үстінде Баукең жастыққа шынтақтап жатыр. Отырған кісілер орнынан тұрып маған ізетпен амандасып, төрден орын босатты. Мен сәлемдесіп төрге отырмай шетке салынған көрпеге отырдым. Баукең Ботаны құшақтап бетінен сүйді де, орнынан қозғалған да, тұрған да жоқ. Үлкен отты көзі сәл күлімдеп маған қарап:

– Здрасти, – деді.

Ауылдағы бар туыстары жиналды. Мен де туыстарымен ізетпен сәлемдесіп жатырмын. Баукең отырған, тұрғаныма сынай қарап қойды.

– Пәржан, келінді добалдай қара деп едің, ақ-құба екен ғой! – деді бір мезетте әдеміше келген қарт жеңгесі.

– Құдаша жеңеше, қазақ сүйгенін «шұнағым» демейтін бе еді, өз қатынымды өзім сұлу деп қалай айтам, – деп еді, отырған жұрт ду күлді. Маған қарап: – Мына кемпір, – деді жаңағы әйелге қолын шошайтып, – анау отырған сары шалдың кемпірі. Аты Ақбас, менің құдаша жеңгем. Мына шал – менің көкем Айсадық.

Айсадық ұзын бойлы сары кісі, молдасын құрып төмен қарап отырды. Көп сөйлемейтін мінезі ауыр. Ақбас бәйбіше ақжарқын, реңді, өткір, ақылды екені сөзінен де, қимылынан да көрініп тұр. Баукеңнің жеңгелерінің ішінде құрмет тұтып қадірлейтіні осы Ақбас жеңгесі еді. Ақбас та Баукеңді өте жақсы көреді.

Ақбастың кең үлкен дастарқанында отырмыз. Ауыл ағайындары тегіс жиналған. Туыстарының ішіндегі ең үлкені Сүйінбай деген ақсақал екен. Жасы сексен жетіде. Ауылдағы бар жаңалықты баяндап отыр. Баукең шалдың тым майда сөзділігін жақтырмады ма:

– Сүйеке, биыл қаншаға келдіңіз? – деді. Шал Бауыржанның жақтырмағанын сезе қойды да:

– Биыл сексен сегізге шығамын, – деді.

– Онда тоқсан деңіз, – деді де біраз темекісін шегіп отырды да: – Сүйеке, мен ауылға жылына бір рет келіп кетемін, кім-кіммен ұрсады, кім-кіммен төбелеседі, оны тексеруге келген жоқпын, ағайын арасы бірде тату, бірде қату бола береді. Маған бәрі бірдей, мен елді сағынып келемін, – деп тоқтады. Сүйінбай аз сөзден көп нәрсені аңғарып, басын төмен салып, тыңдап отырды да:

– Мұның дұрыс, – деді. Ақбас қымыз сапырыл отыр еді, Сүйінбай шалға «саған сол керек» дегендей мысқылмен қарады да: – Қарағым Пәржан, жеп іш, – деп жылы шыраймен қымыз ұсынды. Ақылды жүзінде үлкен бір сыпайылық білінді. Баукең төмен қарап отырған Сүйінбайдың әжімді жүзіне қарап ойға кетті. Сүйінбай – Бауыржанмен әже жағынан бөле.

Баукең жастықтан шынтағын көтеріп, сұқ саусағын шошайтып.

– Сияке, жағдайың қалай? – деді:

– Жақсы, құдайға шүкір, – деді оң жақта тізерлеп отырған қызыл шырайлы қарт. – Өз қалың қалай, Бауыржан, денсаулығың жақсы ма, ауырып жүр деп естіп едім, өңің жаман емес.

– Менің жағдайымды мына келініңізден сұраңыз, – деп маған қарап қойды.

– Ә, келін, құдайға шүкір, жаман көрінбейді, жағдайың жаман болмас.

– Онда несін сұрап отырсыз? Сияке, қанша жыл үкімет, яғни ауылнай болдың?

– Бірқатар жыл болдым ғой, – деп тақиясын алып басын қасып, басын төмен салып отырған Сүйімбайға қарап.

Сияқұлдың басындағьі көне тақиясын көріп Бауыржан:

– Көке, басыңдағы тақияңды сатшы маған, – деп еді, отырғандар ду күліп жіберді.

Сияқұл сасқалақтап ұялып, тақиясын әрең деп ұсынды. Бауыржан тақияны әрі-бері айналдырып:

– Көке, мына тақия сізге жараспайды. Сүйекеңнің жауыр жорғасына ұқсап кетіпті, ауылнай болдың, енді ауыл ақсақалы болдың. Әй, нақсүйер, тұр орныңнан, чемодандағы өзбек әкелген тақия мен шапанды әкелші, – деді.

Мен орнымнан тұрып чемодандағы шапан мен тақияны әкеп бердім.

– Әй, шал, тұр орныңнан! – Сияқұл орнынан тұрды. – Ки мына шапанды! – Сияқұл шапанды шұбатып киіп, белбеуін байлады. – Мә, мына тақияны да ки.

Сияқұл шапан мен тақияны киіп, орнына қайта отырды. Баукең көңілі жайланып, сигаретін ұзақ тартты.

Сүйінбайдың қараторы кемпірі бір шелек қымызды алып кіріп келді. Баукең біреу сөзін бөлгенін жек көретін, даладан сөйлей кіріп кеп, сөзін белген жаңгесіне:

– Мен әжептеуір біреу ме десем, мына қап-қара кемпір екен ғой, – деді.

– Ия, қара кемпірмін! Қара болсақ та қолдарың зорға жеткен жоқ па, өңкей Әжі балдары тегіс жабылып! – деп кемпір Баукеңнің «қара кемпір» дегеніне шамданып шала бүлініп қалды.

Жас кезінде ұзын бойлы, қараторы екен. Бауыржанмен ұрысып, айтысып жүретін адам көрінді. Баукең сезімтал кісі ғой, жеңгесінің шамданып қалғанын біліп:

– Жеңеше, бұрын сізден сұлу келіншек жоқ болса, қазір сізден көрікті кемпір жоқ көрінеді бұл ауылда, – деді.

– Бәсе сөйтіп, қойсайшы, құдай көңіліңді көтергір, – деп кемпір көңілденіп, піскен бауырсақтарды Баукеңнің алдына ысырып, менің де көңілімді аулап, – ал, келін, қымыз іш! – деп жатыр. Баукең маған бұрылып:

– Мына Сүйекеңнің әкесі Шоғалбай деген кісі. Шоғалбайдан үлкен Оңалбай, Оңалбайдан кімдер бар? – деп көзін шарт жұмып, шоқша сақалын сипап отырған Сатанқұлға қарады.

– Оңалбайдан Жұрқабай, Қыстаубай, Кемелбай – деді. – Кемелбай сенің әкең Момышпен құрдас еді. Мінезі қисық кісі еді. Өзі қараторы, сұлу, ақылды кісі, – деп Сатанқұл ақсақал сөзін баптап аяқтады.

– Өз әкеңді өзің мақтап отырсың ба, ұятсыз, – деп қалжыңдады Баукең.

Сатанқұл сасып қалып, шоқша сақалын сипалап күле берді.

Баукеңнің немере ағасы Сүлеймен шалдың үйіне келдік. Алдымыздан жүгіріп бала-шаға шықты. Байлауы үлкен төбет үріп, шала-бүлініп жатыр.

– Қой-ай, – деп итке ұрсып бір қарт әйел шықты. Келе сала Бауыржанның қолын қос қолдап алып, бетінен сүйіп жатыр.

– Келін қарағым, денің сау ма, – деп менің де бетімнен сүйді. Бұл кемпір – Сүлеймен атаның бәйбішесі Танаш деген өте сұлу қария екен.

Танаш шешей жаулығын түзеп тартып, бізді үйіне алып кірді. Баукең Танашқа жылы шыраймен қарап:

– Жеңеше, мынау көкем саған қанша қалыңмал төледі? – деді.

– Төрт жылқы, үш сиыр, жиырма уақ мал, – деп Танаш бәйбіше күлді.

– Тү-у, көп қалыңмал төлеген екен! Мен мына нақсүйеріме түк те төлеген жоқпын.

– Қазір үйлену оңай ғой, бұрынғы заман емес, «теңін тапса тегін бер» дегендей, – деп Сүлеймен ата тақиясын алып үлкен қолымен басын сипап, тақиясын қайта киді.

Танаш маған мөлдіреген көзімен мейірлене қарап:

– Келін тегін келсе де, бағасы қымбат, тек бақытты болыңдар, – деп бетін сипап қойды.

– Әй, жеңеше, мақтай берме, құтырып кетеді!

Баукең Сүлеймен атаға бұрылып:

– Көке, осы жеңешем ауылдың сұлуы шығар, – деді.

– Қайдам, несі сұлу, – деді Сүлеймен ата жан-жағына қарап қойып.

Сүлеймен атаның әке-шешесі ерте қайтыс болады да, ең үлкен ағасы Есенбай Сүлейменді қолына алып тәрбиелейді. Сүлеймен ағайындарының ішінде тіл алғыш, пысық, адал болып өседі. Әділ – Бауыржанның ең үлкен аталары. Қара шаңырақты Әділге бермей кішісі Жәңкебайға берген. Жәңкебайдың баласы – Нияз, Нияздан – Оразәлі, Оразбек. Нияздың тоқалынан Орынбай, Сайлаубай, Дәуітбай, Таубай…

Баукең есіктен ентелей кіріп келген Орынбайдың баласы Әтінің жеңілтек мінезін жақтырмай біраз отырғаннан кейін:

– Әй, Әтін, сен Нияздың тоқалынан тарайсың, мынау – қара шаңырақ. Көп сөйлеп, шошаңдамай тыныш отыр, – деп тастады.

Сонымен Сүлейменді Есенбай тәрбиелеп, бала етіп алады.

Есенбай Жамбылға, бұрынғы Әулиеатаға базарға барады. Базардан керектісін алып кеш батқасын Айша-бибі тұрған қыстаққа келіп бір шеттеу үйге тоқтайды.

– Кім бар-ау? – дейді аттың үстінен.

– Біз бар-ау! – деп үйден қартаңдау кісі шығады.

– Құдайы қонақпыз.

– Түсіңіз аттан. Қонақ келді. Шай-пайыңды әзірлей бер, – деп дауыстап Есенбайдың атын байлайды.

Құдайы қонақты төрге оздырады. Шай келеді, шайды он алты жасар сұлу қыз сызылып құйып бере бастайды.

Аппақ жүзі құлпырып, көзін төмен салып, аққу мойнын сәл ғана бұрып шайдың кесесін әдеппен ұсынып отыр. Қыздың көркі, әдепті мінезі Есенбайға қатты ұнайды…

Есекең бірер аптадан кейін қасына Сүлейменді ертіп Әулиеатаға келіп, Сүлейменге киім-кешек әперіп киіндіреді. Қоржынды қант-шай, өрік-мейізге толтырып кешке қарай баяғы сұлу қыздың үйіне келіп түседі. Есенбай қоржынның аузын ашып, ішіндегі барын дастарқанға төгеді. Қонақтың мырзалығына үй иесі риза болып, қозы сойып күтеді. Сүлейменнің үстінде жақсы киім, аяғында кебіс-мәсі.

Қыз шай құйған жоқ. Жеңгесі шай құйып қөз қиығымен Сүлейменге қарап тамсанып қояды. Қаға берісте сыртта самаурын қойып жүрген қайын сіңлісіне:

– Еркем-ау, үйде сұлу жігіт отыр, тек саған ғана лайық, – дейді. Танаш күліп: – Баянкүлге айт, маған жігіттің не керегі бар, – деп сырт айналып кетті. Баянкүл Танаштың әпкесі, жасы он сегізде, ол да сұлу, бірақ Танаштай мінсіз емес.

Баянкүл жігітті іштей құптаса да, сырттай жақтырмаған болып:

– Жеңеше, не болса соны айта берме, – дейді. Тамақ ішілген соң Есенбай Сүлейменге:

– Бар, аттарды суар, – деп жұмсап жібереді. Ондағы ойы Сүлеймен қызды көрсін дегені еді. Ештеңеден хабары жоқ Сүлеймен өзінің тіл алғыштығына басып:

– Құп, – деп орнынан тұрып, сыртқа шықты. Қыздарға қайырылып қараған да жоқ. Екі қыз ас үйдің есігінің саңлауынан сығалап қарап, ештеңеге мән бермей өзінен-өзі жүрген сұлу жігітке бірдей қызығады.

– Тү-у, жеңешем де айта береді, алып бара жатқан ештеңесі жоқ қой, солбырайған біреу, мұрны құс мұрын ба өзінің, – дейді Баянкүл сіңілісінен сыр тарту үшін. Адал Танаш Сүлейменнен көз айырмай: «Қайдам, әп-әдемі ғой» – деді. Баянкүл сіңілісінің көңілі барын біле қойып: – Қойшы соны, – деп бұрылып кетті…

Танаш сол түні ұйықтай алмай, аппақ таңды көзімен атқызды…

Ауылға келді. Сүлейменнің ойында түк жоқ. Есенбай Момынқұлды шақырып өз пікірін айтты. Момынқұл нәмаздыгерде Әулиеатадан қыздың үйіне соғады. Момынқұлды қыздың үйі қонақ етеді. Қоржынды шешіп, мейіз-өрік, төрт киімдік жібек мата, қызға кесте тігілген үлкен жібек орамал – бәрін қыздың жеңгесіне береді. Кешке қой сойылады, ауыл ақсақалдары жиналады. Ет жейді, қымыз ішіледі. «Сіз, біз» деп сөйлесіп отырады. Таңертең шай ішілген соң Момынқұл тысқа шығып ауылдың бір «пысық» жігітін оңаша алып шығады:

– Есенбай көкемнің Сүлеймен деген інісі бар, оны көрдіңіздер. Соған мына қыздарыңызды айттырып отырмыз, келген жұмысым осы. Не деп жауап бересіңдер. Өздерің біліңдер, – деп тоқ етерін бір-ақ айтады.

– Ия, «қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген ғой. Біз де ақылдасып алайық. Бірақ бұл үйде екі бойжеткен бар, қайсысы? – дейді. – Танаш деген сұлу, кейінгісін кейін көре жатармыз, – дейді ойнақы мінезді Момынқұл.

Жаңағы «пысық» қыздың әкесін, тағы басқа ағайындарды сайдың етегіне ертіп апарып, бәрі шоқайып отырып мәжіліс құрып, қайтадан Момынқұлға беттейді. Ертеңіне құда жігіттерді Момынқұл ауылға ертіп келеді. Жігіттер ауылда екі-үш қүн болып, шапандарын киіп, Танаштың қалыңмалын айдап кетеді…

– Жеңеше, көкем саған көп қалыңмал төлеген екен, – деді Бауыржан ұзақ ойдан кейін.

– Бауыржан-ау, ұйықтап жатыр ма десем, көзіңді жай жұмып ойда жатыр екенсің ғой, – деді Танаш әдемі әжімді жүзі құлпырып.

Жігіттер қалыңмалды ауылға әкелген соң әкесі қызын ұзатуға әзірлік жасай бастайды. Танаш «әпкемнен бұрын бармаймын», – деп қарсыласса да тойын жасап, Танашты ұзатады. Баянкүлді кейін Сүлейменнің ағасы Нәметке береді. Сонымен екі ағайынды апалы-сіңілі қызға үйленіп, өмірбақи бірге тұрып, енші алыспайды. Бірақ сұм ажал Баянкүлді жұлып кетеді.

– Ал, кәне тамаққа келіңдер, – деді Сүлеймен ата Танаш шешейдің үйіп-төгіп әкелген мол асына.

Кешке қарай далаға шықтық. Баукеңдер бақ ішін қыдырып жүр. Танаш шешем шелек ала салып бие саууға сайға кетті. Мен де көкпеңбек сайды жағалап түсіп тамашалап келем. Жуалының кәусар ауасын рахаттанып жұтып, керілген кең далаға мейірлене, сүйсіне қараймын. «Не деген тамаша жер!» деп тұрғанымда арт жағымнан аяқ дыбысы естілді. Жалт қарасам, жайлап келе жатқан Сүлеймен атам екен. «Бәйбішесіне келе жатқан шығар» деп ойлап едім, тік маған бұрылды. Қасыма келді. Біраз қоңырқай көзімен кең сайға көз тастады да:

– Келін қарағым, саған айтар өтініш бар, – деді. Атамның не өтініші бар екен деп таңырқай бетіне қарадым.

– Бауыржанның денсаулығы мықты емес. Соғыста болды. Қан кешті, басқа да қиыншылықтары аз болған жоқ. Сондықтан, қарағым, оны күт! Мінезі тік адам, кешірімді бол. Саған бәріміз де ризамыз, – деді.

Өзінің Бауыржан сияқты асыл азаматын тапсырып тұрған бауырмал, адал атама: «Түсіндім, орындаймын» дегендей басымды изей бердім…

«Жұлдыз» журналы. 1984 жыл. №6.

Құлтөлеу Мұқаштың фейсбук парақшасынан алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<