Биыл Қызылорда облысында 10 лагерь жұмыс істейді

757

0

Жаз айларында балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайту мақсатында облыста қолайлы жағдай жасалуда.

Мәселен, биыл аймақта 10 лагерь жұмыс істейтін болады. Оның ішінде, 7 лагерь мемлекеттік, ал қалған 3 жазғы тынығу лагері жеке. Лагерьлерде жалпы облыс көлемінде 7 ауысымда 8 890 бала тынығатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді.

– Қала сыртындағы жазғы тынығу лагерьлерін қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар 15 мамырға дейін аяқталып, бүгінде балаларды қабылдауға толық дайын. Сонымен қатар, облыс бойынша мектептердің барлығында мектеп жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылады. Онда 98 мыңға жуық оқушы қамтылатын болады. Жазғы тынығу лагерьлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыспен қамтылады. Бұдан басқа, 1 326 бала жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында 2023 жылғы жаз мезгілінде«Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында облысқа 600 орынға квота бөлді. Оның 320 оқушысы Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауықтыру лагеріне, 280 оқушысы басқармаға қарасты Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында демалады, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сондай-ақ «Жасыл ел» әлеуметтік жобасы аясында 1871 оқушы мен студенттер маусымдық жұмыспен қамтылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<