Биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 92 пайызға жеткізу жоспарланып отыр

120

0

Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте ауданымыздағы автомобиль жолының даму қарқыны мәселесі қаралды. Жиында күн тәртібіндегі мәселе кеңінен талқыланып, қала, кент және ауыл әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді, деп хабарлайды Syrboyi.kz.

– Өздеріңізге белгілі 2024 жылы ауданымызға бөлінген 1,6 млрд. теңгеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 10,4 шақырым асфальт қабаты мен 24,72 шақырым қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл ауданымызға жол жөндеу жұмыстарына 2,6 млрд. теңге көлемінде қаржы қаралып отыр. Бұл аз қаражат емес. Ендігі кезекте, қаралған қаржы көлеміне сәйкес автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын мерзімінде жүргізуіміз қажет. Жүргізілген жұмыстарға тұрғындар тарапынан бірде-бір мәселе туындамауы тиіс. Сонымен қатар автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстарының ең әуелі сапасын қатаң бақылауға алуларыңыз керек, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, биыл ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кенттің 11 көшесінің және Қазалы қаласының 10 көшесінің жұмысын жалғастыруға қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар биыл Жанқожа батыр ауылының кіре беріс жолына және «Әлсейт» көпірінен бастап, Бекарыстан би ауылына дейінгі аралық автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Басықара ауылының 1 көшесін Жалаңтөс батыр ауылының 2 көшесін жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, осы жұмыстардың нәтижесінде ауданда 2025 жылы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызға жеткізілмек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<