Дария жағасының қауіпсіздігі

464

0

Фото: ашық дереккөз

Ақпанның басында күн күрт жылып, еріген қар мен толассыз жауған жауыннан Түркістан облысындағы бірқатар елді мекенді су басып қалды. Арыс өзенінен Сырдарияға секундына түсіп тұрған 40 текше метр су осы күндері 100-150 текше метрге жетті.

Түркістанмен іргелес Қызылорда облысында мұндай оқыс жағдай бола қойған жоқ. Дегенмен Шиеліден бастап Аралға дейін арнасын сірескен мұз басқан дария жағалауындағы ел үшін бұл қауіпті еді. Осыған байланысты тиісті орындар мен жергілікті әкімдік ұсынысымен Шардарадан Сырдарияға тасталып жатқан судан Көксарайға бөлінер үлес көбейіп, су қоймасынан өзенге жіберілетін су бұрынғы деңгейіне түсті. Қазір өзен арнасы тұрақты бақылауға алынып, Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары транзиттік режімге көшірілді.

Арал-Сырдария бассейндік инспекция басшысының міндетін атқарушы Зейнолла Қазтоғановтың айтуынша осы күні Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 1 453 метр су түсіп жатыр. Қоймадағы су көлемі – 4 633 млн текше метр. Одан төменге 900 текше метр тасталып, оның 645 текше метрі Қызылорда облысы шекарасына жетіп тұр.

– Дәл қазір алаң болардай еш қауіп жоқ. Дария арнасында мұз толық ұстасты. Тек Жаңақорған ауданындағы Бесарық елді мекенінен жоғары ала-құла болып тұрған тұстар бар. Ең қауіптісі де – осындай иіндер. Бірақ жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар департаменті және су шаруашылығы мекемелері өзендегі жағдайға күнделікті мониторинг жасап отыр, – дейді ол.

Облысқа түсіп тұрған 645 текше метр судың біразы магистралды және шаруашылықаралық каналдарға, көлдер жүйесіне кетіп жатыр. Қаңтар айының соңында мамандар сол маңдағы жағдайды барлап қайтты. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаевтың айтуынша, арнадағы артық суды алып жатқан ірі су айдынының бірі Бұлақтыкөл жартылай толып тұр. Каналдар бойындағы көлдер жүйесі де 60-70 пайыз толған.

– Қызылорда су торабына дейін су деңгейін төмендету мақсатында Жаңақорған, Шиелі аудандары аумағындағы каналдар арқылы секундына 132, Қазалы су торабына дейін 55 текше метр су алынып жатыр, – дейді ол.

Жуырда облысқа сапармен келген Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тікұшақпен Сырдария өзенінің Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағындағы деңгейін бақылап, жағдаймен танысты.

Арна бойынан 29 су басу қаупі жоғары аймақ анықталып, оларға 366 арнайы техника мен 1 137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан да қажетті техника мен қайықтар, мамандар әзір тұр. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметтерінің күш-құралдары дайындыққа келтірілді. Су тасқыны болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін 64 жинақтау және 78 қабылдау пункті дайындалды.

Дария тосын мінез таныта қалардай болса, қарсы тұруға қай қызмет саласы да дайын тұр. Әсіресе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары аудандарды аралап, жергілікті әкімдіктермен бірге дария бойын жағалап жүр. Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып жатыр. Бұған қоса үздіксіз жұмыс істейтін штабқа кез келген уақытта хабарласып, мәселеге байланысты толық ақпарат алуға болады.

Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне, жауапты мекемелерге төтенше жағдайдың алдын алу үшін тиісті тапсырмалар берілді. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 141,9 тонна жанар-жағармай және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Облыстағы жеті аудан да осы дария бойын жағалай орналасқан. Солардың ішінде Қазалы ауданында иінді тұс көп. Ауданға арнайы жасаған сапарымызда Ә.Тыныбаев атындағы су торабының жағдайын көрдік. Учас­ке бастысы Болатбек Әшірбаевтың айтуынша, дария етегіндегі екі ауданның қажетіне жарап отырған су торабында бәрі қалыпты. Қазіргі су деңгейі 68-белгіні көрсетіп тұр. Ол 72-ге жеткенде ғана қауіпті саналады.

– Аз-кем күн әбігерге түссек те, бізге судың мол болғаны жақсы. Ертеңгі ел несібесі осы дария деңгейіне тікелей байланысты. Былтыр мұз ұстасар мезгілде секундына 40, артынша 70 текше метр су келіп еді, биыл бізден 256 текше метр өтіп тұр, – дейді учаске бастығы.

Қазалы ауданындағы бөлігі 191 шақырымға жететін дария арнасының 11 тұсы қауіпті саналады. Ондағы бөгеттер нығайтылып, тиісті құрылымдармен қатар ауыл әкімдері тікелей бақылауына алып отыр. Жалпы, көктем мен күзде су жағасындағы жұрттың қада, қамысы дайын тұрады. Бұл жолы да қажетті зат алдын ала қамдалды.

Көрші облыс ауылдарын су басып, абыр-сабыр болып жатқан сәтте Түркістанға таяу Жаңақорған ауданы тұрғындары «қарғын су бізді де қапы қалдырып жүрмей ме?» деп алаңдаған. Жергілікті әкімдіктер мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ел көңіліндегі осы елеңді сейілтетіндей.

Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<