Димаш Құдайберген бейнебаян түсірген «Аққуым» әні көпшілікке қалай танылды?

205

0

  Димаш Құдайберген Киевте «Аққуым» әніне бейнебаян түсірді. Әннің сөзі мен әуенін жазған авторлар ҚазАқпарат тілшісіне «Аққуымның» танылу жолы тіуралы айтып берді.

Димаш Құдайберген бір мезгілде екі бейнебаян түсірді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Испанияда «Любовь уставших лебедей» әніне бейнебаян түсіріліп, әнші әлеуметтік желі арқылы суреттерімен бөліскен болатын. Кейін Украинаға барып, «Аққуым» әніне бейнебаян түсірілді. Әннің сөзін Орал-Қосай Байсеңгір, әнін Аймұрат Мәжікбаев жазған.

«Ақтөбедегі мәдени ағарту училищесінде оқыдым. Ауылдан келген бозбаламын, ән де сол кезде жазылды. Алғашында сөзін де өзім жазып көргенмін, бірақ сәтсіз шыққан соң Орал досыма бардым. Қазір айтылып жүрген әннің сөзін жазып берген Орал. 2000 жылы  «Қош, махаббат» пьесасы сахналанды. Ән сол кезде орындалып, жастар арасына тез тарап кетті. Бұрын «Рауан» радиосында жиі қосылды. Ал Димаш Құдайберген Майра Мұхамедқызы дуэтпен орындады», – дейді әннің авторы Аймұрат Мәжікбаев.

«Аққуым» – жігіттің махаббат монологы. Кезінде студенттердің аузынан түспейтін еді. Бұл әнге жаңа сөз жазу туралы ой Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» пьесасын сахналаған кезде келді. Ән сол кезден бастап тыңдарманның жүрегіне жетті.

«Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде алғаш рет  студенттер театры ашылды. Мен режиссері, әрі көркемдік жетекшісі болдым. Мұқағали Мақатаевтың 70 жылдығына орай «Қош, махаббат» спектаклін қойдым. Ол қойылымның  премьерасы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен еді. Ақтөбе жастары театр сахнасына бірінші рет шығып, аншлаг болды. Ақтөбелік Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы сынды ақындар, жалпы көрермен, белгілі тұлғалар жақсы пікір білдіріп, БАҚ жастардың қойылымын насихаттап жазды. Сол спектакльдің желісі осы «Аққуым» әніне құрылды. Бағдат деген композитор жігіт Бануға ғашық болады. Екеуі отбасын құрамыз деп жүрген кезде Бану бірге оқыған Асан деген өз ауылының ауқатты жігітіне тұрмысқа шығады. Себеп – Бағдаттың науқасы және қыз жеңгелерінің азғыруы.  Бірақ Банудың жүрегінде Бағдатқа деген тұнық сезім сақталып қалады… Спектакльде үйге қонақ келіп жатады, «музыка қосыңдар» дегенде радиодан «Бақытыңды басқадан іздедің сен, аяулым, асылым» деп басталатын «Аққуым»  әні естіледі. Қайырмасына жете бергенде Бану сезіміне ерік беріп, қолындағы бар  ыдысын түсіріп алады. Қызғаныштан  ашуға бой алдырған Асан  барлық достарын қуып шығады. Қойылымның соңында Бану мен Асанның тұңғыш ұлдарының  мектеп бітіру кеші көрсетіледі. Сол сәтте достарының бірі «Ой, тоба-ай! Сондай да сиқырлы ән болады екен ғой?! Апырмай, бір минуттың арасында апай-топайымызды шығарғаны…» деп жастық шақтарын еске алады. Соңында сол «сиқырлы әнді» бәрі қосыла шырқайды» – дейді әннің сөзін жазған Орал-Қосай Байсеңгір.

Айта кетейік, Димаштың «Ұмытылмас күн» әнінің де сөзін жазған Орал-Қосай Байсеңгір болатын. Ал, бұл «Аққуым» әнін  Димаш Құдайберген мен Майра Мұхамедқызы дуэтпен орындады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<