ЭКОАХУАЛДЫ ОНЛАЙН БАҚЫЛАЙДЫ

255

0

«Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында облыстық экология департаменті аймақтағы ахуалды онлайн бақылауды қолға алған. Қазір радиусы 50 шақырымға жететін ғарыштық түсірілім кәдеге жарап тұр. Түсірілім кезінде «Ақылды реактор» жүйесі экологиялық жағдайды түстер арқылы айырып береді. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте департамент басшысы Марат Құрманбаев саладағы басты мәселелерді айтып өтті.

Өткен жылы департамент тарапынан 67 субьектіге бақылау жүргізілген. Нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзған 129 дерек анықталды. Жыл бойына табиғат пайдаланушыларға салынған айыппұл көлемі 19 663,34 мың теңгеге жетті. Тәртіпке бағынбай заңды белінен басып, өрескелдікке барған 6 нысанның қызметі сот шешімімен уақытша тоқтатылды.

– Қазір нысандарды бейберекет тексермейміз. Қай жерде қандай заңбұзушылық орын алғанын онлайн түрде бақылап, көріп отырмыз. Ешкім ешнәрседен жалтара алмайды. Мұнан бөлек біз кәрізсу жүйесін де қолға алдық. Бұған дейін тіпті оны төгетін де орын белгісіз, бар болған күннің өзінде табиғатқа зиянын тигізерліктей еді. Енді оны биологиялық тазарту орны арқылы зиянсыздандыруды көздеп отырмыз. Облыс әкімінің қолдауымен қазір осы бағытта жол картасы әзірлену үстінде, – деді департамент басшысы.

Биологиялық тазарту орталықтары бірқатар аудандар мен Байқоңыр қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттерінде бар. Әйткенмен, оларды тиімді қолдану – күн тәртібінде қалып тұр.

Дәулет ҚЫРДАН

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<