Ел мақтанышы жастар орталығында

841

0

Сыр өңірі талай талантты тудырған өлке. Сол таланттардың бірі, Сыр спортының үкілеген үміті, қазақша күрестен талай бәсекеде топ жарып жүрген жерлесіміз — Мақсат Исағабылов.

Ес білгеннен спортты жанына серік етіп, алдына қойған мақсатын нәтижеге айналдырған ол елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Қазақстан барысы — 2022» додасының алтын белбеуін жеңіп алған болатын. Алтын белбеу – жеңіске шөліркеген жергілікті жұртшылыққа үлкен сый болған еді. Талай палуанмен таласып, кеудесін жерге тигізбеген оғлан бүгін Жастар орталығына қонақ болды.

Шарада сөз алған палуан Мақсат Исағабылов спортта ең бірінші ерік-жігердің мықтылығы мен спортқа деген сүйіспеншілік болуының маңызды екенін жеткізді. Спортшының жетістігі тынымсыз жаттығу мен білікті бапкерден бөлек ата-анасына, жанкүйерлеріне де байланысты екеніне тоқталды.

Шарада спорт сүйер жастар палуанға сұрақтарын қойып, еркін форматта ой-пікір алмасты. Шара соңында қазақ күресінің шебері жеңіске апарар техникалары мен тәжірибелерін қатысушы жастармен бөлісіп, шеберлік-сыныбын көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<