«Яндекс.Такси» жүргізушілеріне арналған пилоттық жоба іске қосылды

321

0

Фото: Янедкс Такси/Facebook

Астана мен Алматы қаласында «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасы арқылы клиенттерді жеткізетін жүргізушілерге арналған жаңа жоба қолға алынды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.

«Мемлекеттік кірістер комитеті Яндекс такси қызметімен бірлесіп Астана және Алматы қаласында такси жүргізушілеріне арналған пилоттық жобаны іске қосты. Жобаға 4 400-ден астам такси жүргізушісі қатысып жатыр. Осы жылдың қаңтар айында 2 800-ден астам таксист қосылды», — деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, пилоттық жоба жыл соңына дейін жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, брифинг барысында алдағы уақытта Glovo, Wolt, InDrive тағы сол сияқты клиенттерге қызмет көрсететін компанияларды пилоттық жобаға қатыстыру жоспары туралы айтылды.

Одан бөлек, такси жүргізушілері үшін пилоттық жобаның артық тұстары түсіндірілді:

— таксопарктердің делдалдық қызметтерін алып тастау, бұл ақша қаражатын үнемдеуге және оларды салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағыттауға мүмкіндік береді. Тиісінше, жүргізуші әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылады;

— жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді оңайлату (мемлекеттік кірістер органдарына бармай);

— нақты алынған кірістің 1% мөлшерінде салық төлеу (ал қызметкердің кірісінен салық 10% мөлшерінде ұсталады);

салық есептілігін ұсыну бойынша міндеттемелердің болмауы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<