Кен орнында көз жұмған жұмысшының әйелі 6 млн теңге өндіріп алды

770

0

Фото ашық дереккөзден

Қызылордадағы акционерлік қоғамның операторы қызметін атқаратын Қызылорда қаласының тұрғыны жұмыс уақытында кен орнында қайтыс болған күйінде табылған.

Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, оның қорытындысына сәйкес, жазатайым оқиға еңбек міндеттерін орындау кезінде болған деген тұжырымға келіп, жұмысшының кінәсі – 0 пайыз, жұмыс берушінің кінәсі – 100 пайыз болып дәрежеленген.

Қайтыс болған жұмысшының артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалған. Асыраушысынан айырылған әйел Қызылорда қалалық сотына жүгініп, моральдық зиян өндіруді сұраған.

Өзінің талап қоюында ол жұбайы қайтыс болғаннан уайымға салынғанын, жан азабы мен тән азабын шеккенін, ұлдары мен қызының күн сайын әкесінің жоқтығын сезініп жылайтынын, өзінің арқа сүйер жолдасынан айырылғанын, күйеуінің жұмыс орнында еңбек міндеттерін орындау кезінде қайтыс болғанын, отбасының басқа табысы жоқ екенін, күйеуін және балаларының әкесін бір күнде жоғалтып алып, қиналып қалғандарын көрсеткен.

  Сотта акционерлік қоғам марқұмның отбасына көмек беріліп, сақтандыру шартына сәйкес марқұмның әйелінің есепшотына ақша аударылғанын көрсетті.

 Сот отырысында барлық дәлелдемелер зерделеніп, жұмыс берушінің кінәсінен жанұяның жалғыз асыраушысы болған жұмысшының қаза тапқаны анықталған.

  Қызылорда қалалық соты әйелдің талап қоюын қанағаттандырып,  акционерлік қоғамнан әйелдің пайдасына 6 млн теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарды.

Қызылорда қалалық соты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<