КЕН ОРНЫНДА ЖҰМЫС АУҚЫМЫ КЕҢ

141

0

Кеше облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Кимнің төрағалығымен «Шалқия» кен орнындағы кезеңдік шаралар барысына арналған мәжіліс өтті.
Онда негізінен қорғасын-мырыш қорын игеру мәселесі қаралды. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосатын маңызды әрі ірі инвес­тициялық жобалардың қатарынан саналады. Ал «Шалқия» – мырыш өндіру жөнінен республикадағы ғана емес, дүние жүзіндегі алып кешен. Қазір мұнда кен орнын игеру, тау-кен байыту жоспарын жетілдіру, зерттеу шаралары қолға алынды.
Мәжілісте «Тау-Кен Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдай­берген кен орны орналасқан Жаңақорған ауданында су құбырын жүргізу, электр және сумен жаб­дықтау жобаларының жүзеге асы­рылуы жөнінде айтып берді. Өндіріске қажетті инфрақұрылым тарту барысында кездесетін мәсе­лелерге тоқталды. Оның ішінде «Шалқия» кентіндегі иесіз қалған көпқабатты үйлер мен электр желілерін қайта жаңғыртып, тең­герімге қабылдау қажеттілігі туындап отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким жиын қорытын­ды­сында аймақ дамуы үшін аса маңызды жобаны жүзеге асыруға, түйткілдерді шешуге ықпал жаса­латынын, бұған жергілікті биліктің де мүдделі екенін жеткізді. Сон­дай-ақ, кен орнының жұмысын ілгерілету бағытында тиісті орын­дарға біршама тапсырма жүктеді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.