\»Көлік тізгінінде қалғып кетпеген\»: Виктор Цойдың өлімінің жаңа нұсқасы айтылды

213

0

Жиырма сегіз жасында жол апатынан көз жұмған танымал музыкант Виктор Цой өлімінен 29 жыл өткеннен кейін сарапшылар жол-көлік оқиғасының сызбасын қалпына келтіріп, қайшылықтарды тапты. Олардың пікірінше, Цой көлік тізгінінде қалғып кетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Комсомольская правда» басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Таядуа сот сарапшысы әрі Санкт-Петербургтегі «Аргумент» тәуелсіз сараптама орталығының басшысы Наталья Потлачук музыканттың өліміне қатысты іс материалдарын тексеріп, ол апатының сызбасын қалпына келтірді. Маман Цойдың өліміне оның қалғып кетуі себеп болмағанына сенімді. 

«Тізгінде отырып қалғып кеткен адам көлікті басқара алмай қалады. Салдарынан әлдеқайда бұрып жібереді және сол бағытта қозғалады. Егер Цой ұйықтап кетіп, көлікті басқара алмай, жолдың шетіне аңдаусызда бұрып жіберді десек, ол сол бағыттағы қозғалысын жалғастыруы керек еді. Бұл жағдайда оның «Москвичі» жолдың жүретін бөлігінде емес, алқаптан бір-ақ шығуы керек. Адам көлікті жолдың тар жиегіне бұрғанда және онымен еш кедергіге соғылмастан 35 метр жерді жүріп өтіп, артынша алдындағы ағашты көріп, қайта жолдың жүретін бөлігіне бағыт алғанда, ол мұның бәрін ессіз күйде жасады деуге негіз жоқ», – дейді Потлачук.

Музыканттың әкесі, 81 жастағы Роберт Цой ұлының көлік тізгінінде қалғып кетпегенін әу баста-ақ айтқанын жеткізді.

«Мен ұлымның көлік тізгінінде қалғып кетпегенін бірден айтқанмын. 29 жыл бұрын осы сөзді айттым. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, ол балық аулаған жерден қайғылы оқиға орын алған жерге дейінгі қашықтық 15 минуттық еді. Адам тек ұзақ жол жүргенде немесе қатты шаршағанда қалғып кетеді. Ал бұл жағдай таңертең болған еді. Мен осыны 29 жыл бұрын айттым, ал енді біреулер соны қайталауда. Содан бері қаншама тергеу жүргізілді. Алайда оны қазбалаудың керегі не? Менің бұрыннан-ақ өз нұсқам бар. Оны қайтадан қайталап айта беруге құлқым жоқ», – дейді Роберт Цой.

Виктор Цой 1990 жылдың 15 тамызында жол апатынан көз жұмған еді. Ресми нұсқа бойынша, оның өліміне көлік тізгінінде қалғып кетуі себеп болған. 

Муызкант таңертең балық аулауға барып, кері жолда «Москвич» көлігімен қарсы бағытта келе жатқан автобусқа соғылған. Бұл уақытта автобуста жолаушылар болмапты. Апат салдарынан автобус өзенге құлап кеткен. Оның жүргізушісі зардап шекпеді. Ал 20 метр жерге ұшып кеткен жеңіл көлікте болған Виктор Цой 28 жасында көз жұмды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<