Мал ұрлығы азаяр емес

1035

0

«Мал баққанға бітеді», «Мал, жаның аман ба?» деп айтатын қазақ халқы үшін мал отбасын асырау көзі.

Алайда өзгенің ақ адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малына сұқ көзін қадап, оңай олжаға кенелушілер саны да толастар емес.

Мал ұрлығы мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Қылмыстық Кодекске арнайы «мал ұрлығы» үшін жауаптылықты көздейтін 188-1 бап енгізілді.

Осы баптың 1-бөлігінде мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру үшін сотталушы мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны белгіленді.

Бұл жағдайда мал ұрлығы бір адаммен ғана және бір рет, қораға кірместен, жайылымнан немесе өрістен алу арқылы жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жасалған мал ұрлығы орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады.

Ал мал ұрлығын бірнеше адам алдын ала сөз байласып жасаса немесе бір адамның өзі болсын бірнеше рет жасаса немесе қораға, қоймаға кіру арқылы жасалса, ол ауыр қылмыс болып табылады.

Бүгінгі күнде заңға сәйкес мал тұрмақ, үйдегі иттің де төлқұжаты болуы керек. Құжатсыз қимылдай алмайсыз. Мал иелері өз иелігіндегі малды мемлекеттік базаға тіркеп, ұсақ малға және ірі қараға сырға салып, ал, жылқы малына «чип» салдыруы қажет. Бүгінгі таңда мамандар қолданыстағы «чиптің» көмегі мол екендігін айтады. Үйіріңіздегі айғырдың немесе бас білетін жылқының мойнына трекер арқылы орнатып, ұялы телефонға қосымшасын жүктеп, картаның көмегімен қайда жүргенін көруге болады.

Қазір ешкім малды қарыны ашқандықтан, ішерге ас таппай ұрламайды. Ойланып қарасақ малды бір ғана адам ұрлай алмайды. Мұның астарында сыбайластық жатыр деуге болады.

Тергеу практикасы мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз қылмыскерлер топтасып, орындаушылар, ұйымдастырушылар, қара базарда сатушылар, ұрланған малды тасымалдаушылар болып бөлінеді деген сөз. Бірнеше рет сотты болған тұлғалар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осы қылмысқа барады.

Бұдан бөлек, қолды болған малдың иелері дер кезінде полиция қызметіне хабар бермей жатады. Көбінде жоғалған малды өздері іздеп, бірнеше күнді өткізіп алады. Бұндай жағдайда қылмысты «ізін суытпай» тез арада ашуға мүмкіндік жоғалады.

Аталмыш қылмыспен күресудегі тағы бір күрделі мәселе — қылмыскерлерді қолға түсіруде шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құрылымдары жұмсалады. “Қылмыс енді ашылды” дегенде, жәбірленушілер арыздарын қайтып алады немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы жауаптарын өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығарады.

Елімізде қасақана қылмыстың бірнеше түріне берілетін жаза қатаңдатылып отыр. Қылмыстар тізіміне мал ұрлығы да енген.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-1 — бабы бойынша, орта дәрежелі мал ұрлық жасағаны үшін, яғни,  жайылымда қараусыз жайылып жүрген малды ұрласа – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, мал қораның ішінен немесе қоршаулы үй ауласына кіріп ұрласа – 7 жылға дейін, аса көп мөлшерде шығын келтірсе, яғни, аса ауыр қылмыс жасаса – 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық жолмен табылған мүлік тәркіленеді.

Сонымен қатар, мал ұрлығының алдын алу бағытында ҚР Ішкі істер министрлігімен «2021-2023 жылдағы ұрлыққа қарсы іс-қимыл» Бағдарламасы бекітілген. Осы бағдарламаны орындау мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланып, қолға алынды. Оның ішінде, мал ұрлығының алдын алу және ашылуын жандандыру үшін учаскелік полиция инспекторларының жұмысы қайта қаралып, бұрын мал ұрлығы қылмысын жасаған тұлғалар қатаң бақылауға алынды.

Қазақ қашаннан несібесін малмен айырған халық. Ризығы мен азығын өрістегі малдан айыратын ауыл тұрғындары төрт түлік малына жауапкершілікпен қарайтын уақыт келген секілді.

А.Жанұзақов,

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<