Құрылтай

Мақсаты – сапалы ауызсуды үздіксіз жеткізу

4

0

Су шаруашылығы қызметкерлерінің атаулы мерекесінде халықты уақыт өткен сайын адамзаттың аса зәру мұқтаждығына айналып келе жатқан  тіршілік  нәрімен қамтамасыз етіп жүрген сала қызметкерлері еңбектеріне лайық марапат иеленді. Солардың қатарында «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін алған «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры кәсіпорнының Аралқұм насос станциясындағы аға шебері Темірхан Ахметов те бар.

Темірхан Рамбердіұлы еңбекке тым ерте араласты. Оның негізгі себебі, Қарақұмда өмір бойы қой баққан «Еңбек Қызыл Ту» ор­денді әкесі Рамберді Ахметұлы мен анасы Бәтиманың «баланы жастан» деген темір тәр­тіпке негізделген тәрбиесі болатын. Еңбек­қор ата-ананың бүгінде үйлі-баранды болып, өздері ата-әжеге айналған үш ұл, екі қызы еңбекпен шынықты.  Сабақтан бос уақытта жылдың төрт мезгілінде жайлаудан қыстауға, қыстаудан жайлауға көшкенде, қой төлдетуде, қырқым, қаракөл дайындау пунк­тінде төлді іріктеу, сою, терісін кеп­тіру, қырып тазалау, сорттауда,  өздері дайын­даған қаракөл терісін Шымкентке апарып өткізіп келу сапарында әкесіне жәрдемші болды. Бұл болашақтың нәтижелі өзегіне айналып, жемісін берді.

Темірхан Аралқұмдағы орта мектепті бі­тіріп Қарақұм кеңшарында бір жылдай жұмыс істеген соң, Ресейдің Иркутск қала­сында әскери борышын өтеп қайтты. Қызылордадағы политехникумнан инже­нер-құрылысшы ма­ман­дығын алып шық­ты. Қарақұм кеңша­рында жұмысшы, аға жұмысшы, шебер болып еңбек етті де, Аралқұмға қоныс аударды. 2003 жылдан «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры мекемесіне жұмысқа орналасты.

– Бала күнімнен еңбекке ерте араласқан мені жаңа ортам жатырқаған жоқ, – дейді ол су шаруашылығы саласындағы еңбек жолы туралы сөз ете отырып, – содан бергі жылдар аралығында қатардағы жұмысшы, машинист, аға машинист, шебер, аға шебер қызметтерін меңгердім. Мұны маңдай тер­дің қайтарымы ретінде мақтан тұтамын. Қызметімнің сұранысына сәйкес 2006 жылы Қорқыт ата университетінен инженер-құ­ры­лысшы мамандығын бітіріп шықтым. Қазіргі кезде жүздеген шақырымды қам­титын «Арал-Сарбұлақ» су құбырын пайда­лану басқармасына қарайтын мемле­кеттік коммуналдық кәсіпорнының «Берді­көл» және «Қосаман» су құбырының екі су тарт­қысындағы 12 су көтергіш сорап стан­ция­сының, хлорлау қондырғыларының, 38 ұңғы­маның Арал және Қазалы халқын сумен қамтамасыз етіп отыр­ғанын ел біледі. Басты мақсатымыз – халықты тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Осы салада мен Аралқұм елді мекенінің на­сос станциясына жауаптымын. Бір бағыты Қаза­лыға қарай, мына жағы Қа­мыс­тыбас, Аман­өткел, Бөген, Қаратерең, Жаңа­құрылыс, қадағалап жүремін. Мерекемізге орай еңбе­гімді елеп жатқан басшыларыма да алғысым шексіз.

Жолын тосып отыратын үй шаруа­сындағы жолдасы Жаңыл Ахметова, Арал­құм елді мекені әкімшілігінде статист болып еңбек ететін ұлы Қуаныш пен медбике болып қызмет жасайтын келіні Зәуреш, төрт немересі – Темірханның бар байлығы. 

Арал ауданы әкімінің «Су шаруашы­лығының үздігі» дипломы, Экология және та­биғи ресурстар министрінің Құрмет гра­мота­сы, «Нұра» топтық су құбыры кәсіп­орнының Құр­мет грамотасы, кәсіби мере­кеге орай беріл­ген «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісі Темір­ханның еңбегінің еленгенін айғақтайды.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы