Бүгінде елімізде 746 мемлекеттік қызметтің 621 түрі “Азаматтарға арналған үкімет” жүйесіне өткен. Осыған сәйкес, электронды үкімет инфрақұрылымы арқылы 452 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы 446890 мемлекеттік қызмет көрсетіп отыр. Оның 58,2 проценті электронды түрде жүргізілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев хабарлады.
Соңғы 4 айда атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттер пысықталған жиында филиал директоры “Азаматтарға арналған үкімет” КЕ АҚ мемлекеттік корпорациясын қайта ұйымдастырудың сәтті шыққанын да жеткізді.
– Корпорацияның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері арқылы жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру. Қайта ұйымдастырудың күрделілігіне қарамастан, біз еш іркіліссіз жұмыс жасап, қызмет сапасын арттыру шараларын жүргізіп жатырмыз, – деді Айдын Бөкенбайұлы.
Қазіргі сәтте облыс бойынша зейнет жасындағы 71470 азамат бар. 1-шілдеден бастап осы азаматтарға көбейтілген базалық зейнетақы төленеді.
– Базалық зейнетақы төлеу үшін қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Зейнеткерлер ешқандай қосымша құжаттар тапсырмайды, барлығы базадан алынады. Егер де зейнеткердің еңбек өтілі 10 жылға дейін болса 15274 теңге, 20 жыл болса, қазіргі төленіп жатқан базалық зейнетақыға 5657 теңге қосылып, 20931 теңге болады. Ал, жұмыс өтілі 33 жыл болса, 28284 теңге төленеді, яғни 13010 теңге қосылады. Сонымен қатар 1-шілдеден бастап 18 жастан асқан, бала кезден І топ мүгедектігі барларды тәрбиелеп отырған ата-ана немесе қамқоршыларына 29699 теңге жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақыны облыс бойынша 18 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар ата-ана алып келген. Бұл жаңашылдық халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған игі шара екені сөзсіз, – деді филиал директоры.
Алдағы уақытта автокөлігін тіркеуге келген азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында бос жатқан, яғни, саудаға түспейтін кез келген нөмірді және әріптік таңбаларды өзі таңдайтын болады. Аталған қызметтің бағасы 6734 теңгені құрайды. Ал, “вип” номерлерге мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Айта кету керек, жыл басынан бері жалпы құны 5897060 теңге болатын 34 вип номері сатылған.
Жиында бұдан бөлек, 87 қызметті оңтайландыру және түрлі мемлекеттік органдарға 531 қызметті жеңілдету шешімі қабылданғандығы айтылды. Сондай-ақ, 200-ден аса қызмет электронды портал арқылы көрсетілсе, 33 қызмет 14 композиттік қызметке бірігіп, ал 12-сі проактивті форматқа көшетін болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<