Балабақшаға кезек 2 есе азайған
Оқу-ағарту министрлігі кейінгі екі жылда балабақшаларға кезек қысқарғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде елімізде 1 миллионнан астам бүлдіршін балабақшаға барады. 2023 жылы – 523, 2024 жылы 627 балабақша есік ашқан. Сонымен қатар, 520 мың оқушыға арналған 422 жаңа мектеп бой көтерсе, 510 мыңнан астам бала «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан көмек алған. 242 мың оқушы мен ата-ана психологиялық қолдау орталықтарына жүгінген.
428,7 млрд теңге
Бас прокурор Берік Асылов кеңейтілген алқа отырысында активтерді қайтару ісі жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл туралы да Egemen.kz. хабарлады.
2024 жылы 428,7 млрд теңге мөлшерінде ұрланған активтер қайтарылған. Қайтарылған активтің 48 млрд теңгесі есебінен 15 әлеуметтік және инвестициялық жоба іске қосылған.
«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, сот тәртібімен түсініксіз шыққан активтерді мемлекет кірісіне айналдыру практикасы енгізілді. Қазіргі таңда нәтиже бар екенін айта кеткен жөн болады (10 миллион долларға талап қанағаттандырылды, сома өтелді). Сонымен қатар, мүлікті ерікті түрде кері қайтару бөлігінде субъектілермен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Бас прокурор.
Кәсіби қабылдаушының қызметі қандай?
Биылдан бастап кәсіби қабылдаушы отбасы жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды 24kz.
Енді елде ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектер бірден балалар үйіне бармай, осы отбасыларға жіберіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеген. Бүгінде елде 7 млн-ға жуық бала бар. Олар халықтың үштен бірін құрайды. Былтыр құқықтық базаны нығайту бойынша балаларға арналған үш негізгі заң қабылданды. Қараусыз қалған кішкентай азаматтарды қоғамға бейімдеу үшін тәлімгерлер институты құрылды. 330-дан астам бала қазір тәлімгерлерімен байланыс орнатқан. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде «111» бірыңғай байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Қаңтар айындағы мәлімет бойынша, орталыққа 17 мыңнан аса бала жүгінген. Елде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Былтыр 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапқан.
Әлеуметтік төлем
24kz сондай-ақ, өткен жылы елімізде жұмысынан шығып қалған 293 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алғаны жөнінде ақпарат ұсынды.
Төлем алғандарға бағытталған қаржы 88,3 млрд теңгені құраған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 258 мыңнан астам адам төлемді алғаш рет алып отыр. Заңнамаға сәйкес жұмысынан босаған тұлғаға жарты жылға дейін айлығының 45%-ын төлеу қарастырылған. Әлеуметтік төлем мөлшері МӘМС жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы екі жылдағы табысына байланысты болмақ. Ал уақытша қолдауға ие болу үшін eGov.kz немесе электронды еңбек биржасына өтініш жолдау қажет.
Ақпарат көздерінен
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<