Қоғамда еңбекқор және нағыз маман иелерінің орны ерекше. Айналамызда адал еңбегімен елге танылған қарапайым жандар жетерлік. Бауыржан Сарымбетов – 22 жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші. Қазір «TechnologyAlemОйл» мұнай компаниясында жұмыс істейді.
– Ата-анамыз бізді жастайымыздан еңбекке баулып өсірді, адал нан табуға үйретті. Мектеп бітірген соң, 1999-2002 жылдар аралығында қаладағы №9 колледжге түсіп, механик мамандығын бітірдім. Дәнекерлеушілікті де қоса алып шықтым. Дәнекерлеуге оқып жүргенде машықтана бастадым. Өндірістік тәжірибе кезінде ұстаздарымнан қыр-сырын меңгердім. 2002 жылы құс фабрикасына жұмысқа қабылданып, трактор айдадым, 3-4 айдан соң дәнекерлеуші болып ауыстым. Осы мамандықпен әлі күнге дейін жұмыс істеп келемін, – дейді ол.
Бүгінде Бауыржан тәжірибесі мол, VI санатты дәнекерлеуші деңгейіне жеткен.
– Біздің мекемедегі қызметіміз құрал-жабдықтарды жөндеп, сынған жерін дәнекерлеп отырамыз. Жұмыстың оңайы жоқ. Қызып тұрған құрылғыны дұрыс пайдаланбаса кері әсері бар. Бірінші істеген ісің шала, екіншіден денсаулыққа да зиян. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, әрбір істі жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарамыз. Жұмыс төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Вахталық әдіс болған соң, 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демаламыз,–дейді Б. Сарымбетов.
Бүгінде жастар дәнекерлеуші болуға аса қызығушылық танытпайды, сұранысқа ие емес деп ойлайды. Бірақ, бұл – қате пікір. Себебі, қазіргі кезде бұл таптырмайтын мамандықтар тізімінде. Оны кейіпкеріміз де растап отыр.
–Біздің қатарластарымыздың көбі құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик сынды мамандықты меңгерді. Олардың бәрі де кәсіби маман болып қалыптасты. Жұмысты ауыр-жеңіл деп бөлмеді. Бастысы адал еңбегінің арқасында отбасын асырап келеді. Ал жастар заң, білім, медицина саласына басымдық береді. Кеңседегі жұмысты таңдайды. Дегенмен жұмысшы мамандықтар сұранысқа ие екенін ұмытпау керек. Маман жетіспеушілігі көп кәсіпорында байқалады. Осы мәселенің шешімі ретінде жұмысшы мамандықтарды дәріптеу қолға алынып жатыр,–дейді ол.
Бауыржан жұмысқа келген жастарға да қамқор. Бар білген-түйгенін үйретіп, көрсетеді. Өзі секілді нағыз маман дәнекерлеуші болғанын қалайды. Сондықтан болар жастарға үлгі, ортасына сыйлы. Ұжымдастары да адал еңбегін бағалап, талай марапатқа ұсынды. Білікті маманның жетістіктері аз емес.
Еңбекқор жігіт жұмысынан келген кезде де қол қусырып қарап отырмайды. Қызметіне жүгінген жандардың жұмыстарын жасап та, қаржы табады.
Президент табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы екенін айтты. Бұл «Адал азамат –Адал еңбек–Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. «Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді»,– деді Мемлекет басшысы.
Еңбек еткен адам тек өзінің ғана емес, елдің дамуына үлес қосады. Сол себепті де халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Кейіпкеріміз де табанды еңбегінің арқасында талай белесті бағындырып жүр.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<