Ортақ шаңырағымызды шайқалтпайық!

892

0

Баршамыз қуана қарсы алып, жақсы үміттер, жаңа жоспарлармен бастаған жаңа жылымыздың алғашқы күндері халқымыз үшін сындарлы сәттерге толы болды. Бұл – еліміздің барлық аймақтарында орын алған толқулар, кейбір өңірлердегі тәртіпсіздіктер, заңсыздықтар.

Иә, елімізде, экономикада, әлеуметтік салада проблемалар бар, ол жасырын емес. Қалай десек те, нарық­тық эко­номиканың, әлемдік эконо­микалық қарым-қатынас­тар­дың өз талабы, қағидалары бар. Оны біздің еліміз де айналып өте алмайтыны анық. Біз бөлек ғаламшарда емес, адамзатқа ортақ мекенде өмір сүреміз, заман өзгерістері бізді де иіріміне тартып, өз заңдылықтарына бағындыратыны, мойындататыны ақиқат.

Орын алған наразылықтардан кейін мемлекет басшысы халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, үлкен оң шешімдер қабылдады, оны баршаңыз көріп-біліп отырсыздар. Шұғыл шаралар елімізде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалды, қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу; әрбір аймақтағы қабылданған шешімді мемлекеттік бақылауға алып, орындалу нәтижесін халыққа хабарлау; коммуналдық тарифтерді көтеруге 180 күнге, яғни, 6 айға мораторий енгізу, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру,  «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор жұмысын, оған түсетін және жұмсалатын қаржыны әрбір аудан, қала, облыс, республика деңгейінде бақылауға алу қоғамдық ашықтықты, әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Елдің тұрақтылығы мен халық­тың бірлігі үшін өркениет жолымен дамып келе жатқан мемлекет ретінде жан-жақты жағдай жасалуда.

Біздің киелі де қасиетті Отанымыз үшін ең қымбатты да аса рухани құндылығымыз ол – еліміздің тәуелсіздігі. Сондықтан тәуелсіз ел болып, өздігімізден даму жолына түскен сәтте, ел болашағын ойлау, жастарымызды ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеу, бойына ізгі қасиеттерді қалып­тастыру аға буын өкіл­дерінің Алланың алдындағы ізгі парызы деп білемін.

Халқымыздың осындай ішкі алауыздығын, іштей әлсіреуін кейбір сыртқы да, ішкі де бөтен ниетті арандатушылар өз пайдасына пайдаланып кетуі де ықтимал екенін естен шығармаған абзал. «Бір күнгі ұрыстың қырық күндік кесірі бар» – деп халық айтқандай, осы оқиғалар да өз болашағымызға теріс әсерін тигізбесе екен деп тілейміз.  Қазақтың бір мақалы бар: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды тірлік» деген…

Көкірегің және көңілің ояу болып, адал еңбекпен ерінбей жүріп ырыс-несібеңді табу, ол әрбір адамның өмірлік ұстанымы болса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы жолмен еңбек етіп, алланың сүйген құлының бірі болу – әрбір мұсылманның міндеті…

Қазақстан – біздің ортақ отаны­мыз, ортақ шаңырағымыз. «Шаңырағың шайқалмасын!» деп тілейді қазақ қашанда. Бізде басқа отан жоқ. Халқымыз әрбір істі сабырмен шешетін ұстамды болған. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең басты міндетіміз – рухани құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді сақтап, өскелең ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие беру арқылы ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, киелі де қасиетті қара шаңырағымызды шайқалтпай, жаңғыртып, жастарымызға аманаттай білейік, қадірлі қауым!

Жаратушымыздың кеңпейіл рахымына бөленуге жазсын!  

Қылышбай Бисенов,

облыстық мәслихат депутаты,

техника ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<