Полицейлердің кәсіби даярлығы

302

0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты» деп атап өтті. Алдағы жылдары ішкі істер органдарының жұмысын жүйелендіре түсуге қомақты қаржы бөлінетінін де жеткізді. Бұл бағытта біздің облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарды іске асыруда облыстық полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлық бас­қармасы да өз үлесін қоспақ. Аталған басқарма 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Ішкі істер құрылымын кү­шейтіп, қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытында құрылған басқар­маның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру.

Құрылым әрбір қызметкердің дене шынықтыру дайындығын пысықтап, табельдік және арнайы құралдарды өз деңгейінде пайдалана білуін, экстремалдық жағдайда әрекет етуді үйретеді.

Полиция қызметкерлерінің білік­тілігін арттыру – ішкі істер органдары қызметін жетілдіру және қылмыспен күресте тиім­ділікті арттырудағы маңызды қадам. Бүгінде арнайы және жұмылдыру даярлық бас­қар­масы қызметкерлердің кәсіби деңгейін жоғарылату бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Басқарма бастығы, полиция под­полковнигі Маратбек Балдақовтың айтуынша, ІІМ-нің нұсқауларына және департамент бастығының бұйрығына сәйкес, жыл бойында жеке құрам қызметкерлеріне 5 күндік оқу-әдістемелік жиын өткізілген.

– Құқық қорғау қызметі үлкен жауапкершілік пен ыждағаттылықты талап етеді. Әрбір полиция қызметкері кәсіби білімді терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психо­логиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс. Сонымен қатар қазіргі заманғы «қылмыс әлемінің» деңгейін ескере отырып, полиция озық ақпараттық-коммуникациялық технология­ларды меңгеріп қана қоймай, жұмысында пайдалана білгені дұрыс. Басқарма тарапынан жүргізілген оқу-әдістемелік шараларда жеке қауіпсіздік мәселесі, жауынгерлік күрес тәсілдері, құқық бұзушыларды құрықтаудың тактикалық тәсілдері, қысылтаяң жағдайда дұрыс шешім қабылдаудың жолдары жан-жақты түсіндіріледі, – дейді ол.

Қоғам болған соң, заңбұзу­шылықтардың орын алатыны белгілі. Әсіресе, жаппай митинг, тәртіпсіздіктер күшейген жағдайда іс-қимыл жасаудың тиімді тетіктері де қызметкерлерге айтылып, кәсіби, тәжірибелік мүмкін­діктері ескеріледі.

Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшы­сының бойынан адалдық пен кәсіби біліктілік табылуы тиіс. Оқу әдістемелік жиындар, міне, осы мақсатты, яғни әрбір полицейдің бойына ыждағаттылық, шеберлік, біліктілік, физикалық ептілік сынды қасиеттерді тоғыстыруды көздейді. Оқу-әдістемелік шараларына қылмыскерлермен және құқық бұзушылармен күнделікті бетпе-бет кез­десіп жүрген сыртқы сала қыз­меткерлері шақырылады. Олар – патрульдік полиция, учаскелік полиция, криминалды полиция және басқа да бөліністердің қызметкерлері.

Бекітілген оқу кестесіне сәйкес, оқу әдістемелік жиын барысында полиция қызмет­керлерінің арнайы так­ти­ка­лық даярлығы, атыс даяр­лығы, дене шынықтыру даяр­лығы, медициналық және пси­хологиялық дайындығы сы­налады. Ішкі істер органы қызметкерінің мүмкіндіктері шыңдалып, біліктілігі арттырылады. Осы оқу курстарына департаменттің барлық сала басшылары қатыстырылады, ол дегеніміз шынайы деңгейде тек қызметкерлердің ғана емес олардың басшылығының да кәсіби деңгейін көтереді.

«Полиция – халықтың қорғаны» дейміз. Сондықтан тәртіп сақшылары қызмет бабында салғырттық танытпауы тиіс. Әділеттілік, қызметке адал­дық, жауапкершілік, кәсіби бі­ліктілік пен адамгершілік қа­сиет­тер – әрбір полиция қыз­меткері ұстанымының темірқазығына айналуы шарт.

Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<